• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:55

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ: Құрыш қолды жұмысшы қашанда құрметке лайық

20 рет
көрсетілді

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен жұмысшы мамандық иелеріне, еңбек адамдарына құрмет науқандық шараның шеңберінде қалмауы керек. Ел эко­но­микасының қозғаушы күші саналатын жұ­мысшы мамандар, еңбек адамдары өз дең­гейінде дәріптеле беруге тиіс. Қазақс­тан­ның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты Мұқаш ЕСКЕНДІРОВПЕН сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, Жамбыл облысындағы іргелі ұжымды ұзақ жыл басқар­дыңыз. Жұмысшы маман­дық иелерінің жай-күйін жақсы білесіз. Қоғамда еңбек адамдарын қан­шалықты насихаттай алып жүрміз?

– Университетті бітірген соң, жолдамамен жұмысқа орналасып, «Қазфосфат» компаниясында табан аудармай 41 жыл еңбек еттім. Оның ішінде 17 жыл 6 мыңнан астам жұмысшы еңбек ететін ұжымға басшы болдым. Қайнаған өндіріс ортасында шыңдалғандықтан, жұмысшы мамандық иелерінің қандай ауыр жұмыс­ты атқаратынын жақсы білемін. Сондықтан да алдымен әлеуметтік мәсе­лелерді оңтайлы шешуге тырыстық. Еңбекақыларын көбейтуге, олардың қоғамдағы беделін кү­шейтуге барымызды салдық. Кәсіби мерекеде, мемлекеттік мей­рамдарда негізінен жұмысшы мамандық иелерін марапаттауға басымдық бердік. Бұл үрдіс кәсіп­орын­да әлі де жалғасып келе жатыр.     

Елімізде халық саны 20 миллионнан асады, оның ішінде 9 млн-нан аса азамат жұмыс істеуге қабілетті, әр салада еңбек етіп жүр. Азаматтардың 2 млн-нан астамы – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Олардың ішінде ірі бизнес өкілдерінен бастап, шағын кәсіпкерлер де бар. Елі­мізде сауда саласында шаруасын дөңгелеткенді құп көретін азаматтардың шоғыры қалың – 16%. Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім саласында еңбек ететін азамат­тардың үлесі – 12%, өндірісте еңбек етушілер де 12%.

Жұмысшы мамандық иелері ұғы­мының ауқымы кең екенін ерекше айтып өткен жөн. Жұ­мысшы мамандықтар дегенде көбіне өндіріс саласына қатысты мамандарды ғана ескереміз. Ауыл шаруа­шылығы, құрылыс, өңдеу саласында еңбек етіп жүргендер де көп. Бұлардың барлығы да – жұмысшы мамандық иелері.   

– Өңірлерді аралап, өндіріс орындарына да жиі барасыз. Қай салада маман тапшылығы байқалады?

– Кадр тапшылығы әр салада бар. Жұмысшы мамандар, білікті кадрлар қашанда сұранысқа ие. Өңірлердегі өн­дірістерді, шаруашылықтарды, кәсіп­орындарды аралағанда бай­­қаймыз, жұмысшы маман­дарға деген сұраныс жо­ғары, кадр мәселесі өте өзекті. Ай­талық, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері үнемі білікті мамандарға зәру екенін алға тартады. Ерте­ректе механизаторлардың, жүр­гізушілердің арнайы оқу курстарында біліктілігін шыңдап отыратын жақсы дәстүр болатын. Бүгінде ауыл шаруашылығына шетелден озық техникалар көптеп келіп жатыр. Оның тілін білетін талапты жас мамандар тапшы. Мұндай мәселе өзге салаларда да бар. Өйткені кейбір мамандық түрлеріне мамандар өте қат, тіпті табу қиын. Білікті мамандардың еңбегіне  ауыл шаруашылығы саласында жоғары жалақы төленеді. Тіпті ай сайын 1 млн теңгеге дейін табыс табатын жұмыскерлер бар. Бүгінде ауыл шаруашылығы ұжымдарының басшылары жұмыс­шылардың біліктілігін арт­тырып, кадр мәселесін өздері ше­шуге талпынып, тырысып жатыр.

– Жұмысшы мамандықтарға жастарды қызықтыру ісі кенжелеп тұрған жоқ па?

– Жұмысшы мамандықтарға жас­тарды тартып, қызықтыра білудің маңызы жоғары. Мек­тептің жоғары сынып оқушы­ларымен келешекте кім боламын деген мәселе төңірегінде кездесулер өткізіп, жұмысшы мамандық иелерімен сұхбаттасып, өндіріс орындарына саяхат ұйымдастыру сынды жұмыс қарқынды жүр­гізілуге тиіс. Кәсіптік бағдар беру ісін күшейту де маңызды.  Мұндай іс-шаралар жер-жерде жүзеге асырылып та жатыр. Әрі қарай жалғастыра беру қа­жет. Мектепте оқушылардың қабі­лет-қарымына, бейіміне қарай мамандықтарға дұрыс ба­ғыт­тап, бағдар бере алсақ, бұл мәсе­лені оңтайлы шеше аламыз. Келешекте қайсыбір салаларда жұмыс күші азайып, кадр тапшылығы тығырыққа тіремесін десек, мәселенің алдын алуға ұмтылған абзал.

Биыл өндіріс саласында ауқымды 190 жоба іске асырылады деп жоспарланды, оның жартысынан көбі жүзеге асты. Өндіріс орнының құрылысы жүргенде, кейін ашылып, іске қосылғанда да жұмыс күші қажет. Яғни мамандарға сұраныс әр кезде болады. Мұнай-химия, газ-химия, металлургия, тау-кен салаларын­да да іргелі өндірістер, кәсіпорын­дар салынады. Оларға біліктілігі жоғары кадрлар керек. Кәсіптік білім беретін колледж­дер мен жоғары оқу орындарында еңбек сұранысын қамтамасыз ететін мамандарды даярлау жүйелі жолға қойылуға тиіс.    

Тағы бір түйткіл бізде  өзінің маман­дығымен жұмыс істемейтін, керісінше, басқа салада еңбек сіңіріп жүрген жандардың да қарасы көп. Өз қалауымен емес, адасып келіп не болмаса ата-анасының бағыттауымен оқы­ғанымен, сол салада еңбек етуге құлқы болмайды. Жұмысқа орналасқанның өзінде игеріп кете алмай қиналады. Бір ғана мысал, Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» компаниясын бас­­қарған жылдары жұмысқа орна­ласуға ықылас танытатын азаматтар жиі келетін. Көпшілігінің мамандығы өндіріспен мүлде қабыспайды. Жұмыс беруші мекеме болғандықтан, оларды қа­былдап, өндіріс технологиясын, еңбек қауіпсіздігін, жұмысшы­ның міндеттері мен жүктемесін үйретуге уақыт кетеді. Яғни білім базасы жоқ жандарды сол салаға бейімдеуге компания қосымша қаражат шығындайды.

Қазір де маған сауал жол­даушы­лардың арасында жұ­мысқа орналасуға қолдау таныт­саңыз деп хабарласатындар көп. Бірақ көпшілігінің жоғары білімі жоқ, кейбірі басқа мамандықты меңгерген, соған қарамастан өндірісте жұмыс істеуге ықы­ласты. Бұл проблема басқа салаларда да бар. Сондықтан әр үйде ата-ана баласынан келешекте қандай мамандық иесі болатынын сұрап, соған қарай бейімдесе, құба-құп. Әрбір жас маман өзінің меңгерген мамандығымен өнімді еңбек етуге талпынғаны дұрыс.

– Мемлекет басшысы биыл­ғы Жол­дауында инвес­тиция тартуға баса мән беріп, тиісті органдарға тапсырма жүктеді. Қазынаға түс­кен қаржы өндіріс, кәсіп­орын­дардың салынуына, жұмыс орын­дарының артуына сеп­тігін тигізетінін де баса айтты.

– Өндіріс, кәсіпорын салынып, іске қосылса, жұмыс орындары ашылып, сұраныс артады. Пре­зидент жуырда АҚШ-қа ресми сапармен барып, бірнеше ел­дің бас­шылары­мен кездесті. Әлем­дегі алпауыт компаниялардың, бизнес қауымдастықтардың жетек­шілерін қабылдап, келіссөздер жүргізді, бірқатар келісімге қол қойылды. Жетекші мемлекеттер еліміздегі уран өндірісі, энергетика саласы, қаржы жүйесін цифрландыру сынды бағыттарға инвестиция құюға ықылас танытты. Кәсіпорындар салынса, жаңа жұмыс орындары қоса ашылады. Сол тұрғыда мемлекетімізге инвестиция тарту уақыт талабы әрі ешқашан маңызын жоймайды.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»