• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Архив Бүгін, 08:30

Ұлт зиялыларына қатысты тың деректер

50 рет
көрсетілді

«Архив-2025» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өңірлік мемлекеттік архив басшылығы ғылыми іздестіру экспедициясын ұйымдастырды. Орынбор облысының мемлекеттік архивінде, Башқұртстанның Ұлттық архивінде зерттеу жұмысы жүргізілген.

Ақтөбелік экспеди­ция XVIII–XIX ғасыр­лардағы жалпы қазақ елінің және Ақтөбе өлкесінің тарихына қатысты едәуір деректі анықтады. Маңызды құжаттар іріктеліп, көшірмелері алынды. Сұрыпталған құжаттар баспаханадан шығарылып, тігіліп, істер жа­сақталып, №1248 арнайы қор құ­рылды. Сараптамадан өткен де­рек­тер ғылыми айналымға енгізілді.

Ақтөбе облысы мемлекеттік ар­хивінің қорларына сақтауға алын­ған құжаттар арасында Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Әлихан Бөкей­хан, Мір­жақып Дулатұлы секіл­ді Алаш арыстарына қатысты тың­ мәлімет­тер кездеседі. Атап айт­қан­да, Орын­бор губернаторына Орынбор губерниялық жандарм басқармасы бастығының 1916 жылы 12 тамызда жазған №8680 құпия хатында мынадай жолдар бар: «Орал облысы губернато­рының жеделхатын­да баяндалған газет редакторы Байтұрсынов пен қызметкерлер Бө­кейханов пен Дулатовтың үкімет­ке қар­сы әрекеттері туралы мәлі­мет­­терді талқылау барысында анық­талғаны:

Байтұрсынов Ахмет Байтұр­сынұлы, 42 жаста, бұрынғы мұғалім, Торғай облысы Тосын болысы №5 аулының қазағы, «Қазақ» газетінің ре­дакторы. Байтұрсынов 1909 жылы Семей облысы Қарқаралы қаласында тұтқындалған және қазақтар арасында үкіметке қарсы насихаттары­ үшін есепке алынған. Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес 1910 жылғы 10 наурыздан бастап 2 жыл мерзімге Далалық өлкеде, Жетісу және Торғай облыстарында тұруға тыйым са­лынған. Бұл нұсқау тергеу­мен анықталғандай, 1905 жылдан бас­тап әртүрлі уақытта үкіметке қар­сы әрекеттерін ескере отырып жасалды...

Дулатов Міржақып, Торғай уезі Сарықопа болысының қаза­­ғы, 31 жаста, «Қазақ» газеті­нің тұрақты қызметкері және хатшысы, Байтұрсынов бір жаққа шыққан уақытында аталған газеттің уақытша редакторы болған. Дулатовтың өткен әрекеттері туралы келесідей деректер бар: Петропавл уезінің алқаптық соты №2 учаскесінің хат жазушысы болып қызмет істей жүріп, өзінің «Оян, Қазақ!» брошюрасын таратуға келгенде, 1911 жылдың маусым айында Семей қаласында тұтқындалған.

Бөкейханов Әлихан Нұрмұ­хамедұлы, І Мемлекеттік Дума­ның мүшесі, ғалым-орманшы, «Қазақ» газетінің қызметкері және Самара қаласында тұрады. Қолда бар де­рек­тер­ге сәйкес Бөкейханов Кадет­ партиясы Са­мара комитетінің мүше­сі; 1912–1913 жылдарда Самара со­­­циа­лист-революционер­лер пар­­­тиясының мүшелерімен бай­ла­ныс­ орнатқаны белгілі болды» деп хабарланған (Ақтөбе облы­сы­ның мемлекеттік архиві, 1248-қор. 1-тізімдеме. 112-іс. бет 5-8 парақ).

Орынбор губерниясы бас бас­шысының 1915 жылы 13 наурыздағы №1481 қаулысында: «Орынбор қаласында қазақ тілінде шығатын «Қазақ» газеті­нің 1914 жылғы №91 санында «Бұл нені білдіреді?» деген тақы­рып­пен мына мазмұндағы мақа­ла жарияланған. Осы мақа­лада: «Өтірік, дәлелденбеген қауесеттерді тарату арқылы қазақ­тар арасында Үкіметке өшпен­ділік тудыруға деген айқын ниетті көрсетеді» және «Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мен, бас басшы, «Қазақ» газетінің редакторы Байтұрсыновты жоғарыдағы заң бұзушылығы үшін екі аптаға қамауға алу немесе 50 сом айыппұл салу туралы шешім қабылдадым», делінген.

Алайда Ахмет Байтұрсынұлы бұл қаулымен келіспей, Орынбор губерниясының бас басшысына 1915 жылы 10 сәуірде: «Жоғары мәр­тебелі, Сізден ағымдағы жыл­дың 13 наурызындағы №1481 қаулы­сы­ның көшірмесін беруден бас тартпауыңызды өтінемін. 1915 жылғы 10 сәуір, Орынбор қаласы. Өтініш мемлекеттік баж салығымен төленді. «Қазақ» газетінің редакторы (қолы) А.Байтұрсынов», деп өз қолымен өтініш жазып түсірген.

А.Байтұрсынұлының осы өтініші қайта қаралып, оның қоры­тындысымен 1917 жылы 16 қаң­­тарда Басқарушы Сенат­тан Орын­бор губернаторына «Қазақ» газеті­нің 1914 жылғы №91 санында жа­рияланған «Бұл нені білдіреді?» деген мақаланың мазмұнында да, ұсы­нуында да жоғарыда аталған міндетті қаулыны бұзудың белгілері жоқ. Қаулының күші жойылсын, ол туралы орындау үшін өті­ніш берушіге хабарландыру және Орынбор губернаторына 1915 жылғы 16 мамырдағы №2908 баяндауына жауап ретінде жар­лық жіберілсін» деген Жар­лық жіберілген (АОМА. 1248-қор. 1-тізімдеме. 113-іс. 10–14 парақ).

Табылған архив құжаттары тарихтың талай сырын ашады деп үміттенеміз.

 

Жасұлан Сүлейменов,

Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері