• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:33

«Балапан» журналы табылды

290 рет
көрсетілді

14–19 қыркүйек күндері Ресей Федерациясына, соның ішінде Башқұртстанның әйгілі Уфа қала­сы­на барып қайттық. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының «ТМД елдері­нің архивтеріндегі қазақстан­дық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында Уфадағы архив, кітапхана, музей қорларынан «Ғалия» медресесі­не, тарихи «Шарқ» баспасы мен Уфа мүфтилі­гіндегі қазақ бөліміне (қазият) қатысты құжаттар мен деректерді іздедік.

Уфаға барғанда бір іздеген дү­ниеміз «Ғалия» медресе­сінде оқыған қазақ шәкірттер шығарған «Садақ» қолжазба журналы­ның қалған 20 шақты саны еді (журналдың 3 саны Алматыдағы Ұлттық кітапханада, 17 саны осы журналды індете зерттеген профессор Тұрсынбек Кәкішұлының отбасында сақталған). «Садақты» алдымен Уфадағы Ахмет-Зәки Уәлиди атындағы Башқұрт­стан Ұлттық кітап­ханасының Қол­жазбалар мен сирек кітаптар қорынан іздедік. Сирек қордың меңгерушісі Флюр Сибагатовтың өзі бізге көмектесуге тырысты. Бірақ «Садақ» мұнда жоқ болып шықты. «Садақ» түгілі «Ғалия­дағы» башқұрт шәкірт­тер шығар­ған «Парлақ» қолжазба жур­на­лы­ның бір санын да таба алмадық. «Садақты» іздеуді сонда да тоқ­татпадық. Уфадағы Башқұртстан Ұлттық архивіне бардық. Архив директорының орынбасары Зульфар Гатиятуллинмен сұхбат­тасып, одан да «Садақты» сұра­дық. Айтуынша, архив қорында «Садақ» журналы жоқ екен.

Енді журналды goskatalog.ru сайтынан іздей бастадық. Бұл сайтта Ресейдің бүкіл музейлеріндегі жәді­герлердің суреті мен мәліметі жинақ­талған. Сайт бұрын Қазақстанда да ашылатын, қазір біздің елден оған кіру жолы жоқ. Қазақстандық қолда­ну­шыларға ашық тұрған кезінде Әлихан Бөкейханның, басқа да Алаш қайраткерлерінің фото­суретін осы сайттан тапқанбыз. Бұ­рын­нан таныс осы сайтқа сүңгіп кеттік. Ресейге бармас бұрын «ананы іздеймін, мынаны қараймын» деген азырақ жоспар құрып, арнаулы тізім дайындап алған едік. Ішінде «Садақ» та бар болатын. Сол тізімдегі дүниелерді іздедік. Өкінішке қарай, «Садақтың» бірде-бір саны табылмады. Көңіліміз құлази бастағанда «осы «Садақпен» қатар шыққан «Балапанды» іздеп көрсек қайтеді?» деген ой келе қалды. Сөйтіп, «Балапанды» іздедік. Міне, ғажап, «Балапанның» бір саны табылды. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, дүние жарқырап кеткендей көрінді. Олай болатын да жөні бар. Себебі осы уақытқа дейін «Балапанның» бірде-бір саны табылмаған еді.

«Балапан» қолжазба журналы туралы алғаш рет алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының «Руханият» кітабынан (Алматы, «Білім», 1997 жыл) оқыдық. «Ұлт тарихындағы қолжазба журналдарының ішінен «Медіресе Ғалия» (Өфе) шәкірттері шығарған «Садақ» пен Омбыдағы жастардың «Бірлік» ұйымы жұртқа таратқан «Бала­пан» басылымдарын ерекше атауға болады», дей келіп, Омбы облыстық мемлекет архивіндегі құжаттарға сүйене отырып, «Балапанның» жауапты шығару­шы­сы (редакторы) Қошке Кемеңгерұлы бол­ғанын жазды.

Аталған кітапта автор Қошке Кемең­герұлы, Смағұл Садуақас­ұлы, Мағ­жан Жұмабайұлы еңбектерін­дегі «Бала­пан» журналы туралы айтқан пікір­лерін де қоса жариялады. Қошке Кемең­герұлының 1924 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақ тарихынан» зерттеуіндегі: «1913 жылдардан бастап орыс школдарындағы оқушы қазақ жастары топтана бастады. 1914 жылы Омбыда жасырын «Бірлік» ұйымы ашылды. Мұның мәдени мақсатының астары, көздеген нысанасы саясат еді, әлеумет наразылығын көрсету еді. 1916 жылы «Балапан» журналы қанат қақты», деген сөзін келтіре келіп, осы зерттеуінде «Балапан» журналының №5 санында жарияланған белгісіз автордың «Горе от ума» («Ақылдың азабы») шығармасынан үзінді жарияланғанын айтып өтеді. Сол сияқты Смағұл Садуақасұлының 1919 жылы «Трудовая Сибирь» журналында жарияланған «Киргизская литература» («Қазақ әдебиеті») мақаласындағы: «Балапан» журналы 1916 жылдан бас­тап Омбы қаласында шығып тұрады. Ол – бірыңғай көркем шығарма (беллетиристика) жариялайтын бірден-бір басылым», деген пікірін де қоса ұсынады.

Сонымен қатар осы ғалым кітабында Мағжан Жұмабайұлының 1916 жылы жазған «Балапан» қанат қақты» туын­дысындағы: «Балапан қанат қақты... Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты. Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті...», деп келетін жолдарды да келтіреді. Мұның бәрін қайталап еске салып отырған себебіміз, қазақтың осы үш қайраткерінің «Бала­пан» туралы қысқа пікірінен басқа журналға қатысты ақпарат жоқ еді. Зерттеушілер Омбыдағы архив-кітап­ханалардың қорынан «Балапанның» бір санын да таба алмаған болатын. Бұл жайында аталған журналды алғаш зерттеуші: «Балапан» туралы дерек өте аз. Мұның үстіне оның бірде-бір саны табылмай отыр. Жеке тұлғалардың хатталған іс-қағаздарының арасынан бірер саны ұшырасып қалмаса, бұл журнал Қазақстан архивтері мен кітапханаларының сирек қолжазбалар қорына тіркелмепті. «Отаны» Омбыда да жоқ», деп жазған-тұғын.

Енді, міне, Омбыда бар болып шықты. Біз Омбыдағы «Бірлік» ұйымының жастары шығарған қолжазба журналдың №9 санын жоғарыда айтқан goskatalog.ru сайты арқылы таптық. «Балапанның» жалғыз саны Омбы мемлекеттік Тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған екен. Сайтқа журнал мұқабасының суретін жүктеп, «Журнал [тюркское письмо]. Балапан = [Птенец]. Журнал киргизской (казахской) молодежи, № 9. Период создания: 1917–1918 гг. Материал, техника: бумага (телесного цвета), печать на гектографе, рукопись, характе­ристика бумаги: тонкая. Размер: 22,4х18,3 см. Кол-во листов, стр.: 1 тетр., 18 л., 34 с. Место создания: Россия, г. Омск» деген деректерді қоса жазған.

Сүйінші жаңалықты бірінші болып осы журналдың редакторы болған Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы­ның шөбересі Қайырбек Кемеңгерге жеткіздік. Ол да біз секілді «ТМД елде­рінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасымен Татарстан астанасы Қазан қаласына барып, олжалы оралған болатын. Қазаннан Ахмет Байтұрсынұлының 1927 жылы араб жазуын реформалау конкурсына қатысушылармен бірге түскен сирек суретін тауып, «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы қалың оқырманға ұсын­ған болатын. Қайырбек Кемеңгер «Балапанның» бір саны табылғаны туралы жаңалықты естігенде қатты қуанып, журналдың көшірмесін алдыруға өзі жәрдем беретінін жеткізді.

Айтқандай, арада аз уақыт өткенде Омбыда тұратын азамат, Омбының Шарбақкөліндегі Томар орта мектебінің директоры қызметінде істеген Асқар Раисовтың атсалысуымен Омбы мемле­кеттік Тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған «Балапанның» жал­ғыз санының көшірмесі қолымызға жетті. Осы орайда айта кетсек, Дихан Қамзабекұлының «Омбының Алаш дәптері» кітабына (Алматы, «Жазу­шы», 2013 жыл) Асқар Раисовтың бабасы Әбілда Жұманұлының, атасы Әбілжан Жұманұлының өлеңдері де топтастырылған. Құнды қолжазба дәп­терді әуелі Әбілжан жаза бастаған, кейін туысы Сыздық Раисов жалғастырған. 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбаны болған Әбілжан ақын Жұманұлы заманында Омбыда шыққан «Дала уәлаяты­ның газетінде» қызмет істе­ген. Міне, осындай оқыған қазақ азама­ты­­ның ұрпағы Асқар Раисов өтіні­ші­­мізді екі етпей, Омбыдағы музейге барып, қорындағы «Балапанның» жал­­ғыз санының көшірмесін алуға көмек­­тесті. Асқар Раисов Томар мекте­бін­де Қошке Кемеңгерұлының баласы Нар­ман­беттің алдынан оқыған. Музей қыз­мет­­керлерінің айтуынша, ол жерде «Балапанның» осы бір ғана саны сақталған екен. Қолжазба журналдың қазақ еліне жетуіне қолғабыс жасаған азаматтар Қайырбек Кемеңгер мен Асқар Раисовқа алғыс айтқымыз келеді.

«Балапан» қолжазба журналының 1917–1918 жылдарда жарық көрген (жур­налда солай көрсетілген) №9 санына қысқаша шолу жасай кетсек, мұқабасының оң жағында балапанына жем беріп жатқан қыранның суреті салыныпты. Сол жағына көлбеу етіп «№9. Бала­пан» деген сөзді көрінетіндей етіп үлкен әріп­пен жазған. Сондай-ақ қолжазба журналды шы­ғар­ған Омбы­дағы қазақ жастары, «Бірлік» ұйы­мы екені көрсетілген. Жазулары анық әрі әдемі екен. Соған қарағанда «Балапанды» шы­ғарушылар журналдың мазмұнды ғана емес, көркем болып шығуына да мән берген секілді.

Көне жазуды тап басып танитын Абай Мырза біздің өтінішімізбен журналда жарияланған материалдарға шолу жасап берді. Оның айтуынша, журналдың «Сөз бастар» айдарында нөмірде жарияланған жазбалар­ға аңдатпа жасалған. Тура «Садақ» журна­лындағы сияқты «Балапанның» авторлары да өз материалын қалам аты­мен жазыпты. Сонымен қатар Сер­кенің «Көк төбетке» және «Қонған жерім­нен», Бабасанның «Ақылсыз сұлу», Политиканттың «Мен де политик болайыншы» секілді жазбалары жарияланған. Баспасөз оқуға ынталандырған «Газет-журнал оқудан пайда» деген мақалада: «Қай халықтың болса да ілгері басуына себеп болған – газет-журнал һәм пайдалы ресселер (риссала. – Ред.) деп бізден бұрынғылар да, қазіргілер де қақсап келеді», деген қызық жолдар жазылыпты. Журнал со­ңындағы «Басқармадан» айдарында ба­сылмаған мақалалар мен жазба­лар туралы да қосымша хабарлама беріліпті.

«Балапан» журналының №9 санында сонымен қатар өлеңдер, «Абылай» туралы әңгіме (авторы – Серке), әртүрлі мақалалар да жарияланған екен. Бұларға алдағы уақытта кеңірек тоқтала жатар­мыз деген оймен толық тарқатпай, қыс­қа­ша ғана шолу жасап шықтық. «Ба­ла­па­нның» шығарушы редакторының аты-жөні жазылмаған. Жалпы түрде «Шыға­рушылар» деп қана көрсетілген екен.

Мағжан «Балапан» қанат қақты» шығарма­сында: «Балапан қанат қақты... Ойы – жан дәрмен жылы жаққа жетпек, егіз Есіл-Нұраның тәтті суларынан ішіп, Аралдың ыстық құмын құшпақшы. Терең Балқаштың мөлдіріне шомылмақшы. Алтайдың етегінде «ух» деп демін алып, Марқакөлдің қаймағында жүзбекші», деп жазған болатын. Біз «Балапанды» Есіл-Нұраға әкелдік. «Балапан» енді тоңбасын, Қазақ жерінде еркін қанат қақсын деп тіледік.

 

Серікбол ХАСАН,

журналист-зерттеуші