Елімізде 2024 жылдан бері су үнемдеу технологияларын және суару жүйесін енгізуге арналған субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шаруалардың инфрақұрылым тарту, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ тариф құнына байланысты суармалы суға субсидияның сараланған мөлшері енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде су үнемдеу технологияларын қолдану аумағы 86%-ға ұлғайып отыр. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылғы 312,2 мың гектардан биыл шамамен 581 мың гектарға жеткен.
Мемлекеттік қолдау су үнемдеу технологияларын шығару нарығының дамуына да ықпал етті. 2024 жылы Түркістан облысында және Алматы, Астана қалаларында жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын жасап шығаратын төрт отандық зауыт ашылған.
Биыл Жамбыл облысында тамшылатып суару жүйелерін шығаратын қазақ-қытай бірлескен жобасы іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 14 мың гектар алқапты тамшылатып суару ленталарымен қамтуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше Түркістан қаласының индустриялық аймағында тамшылатып суару жүйесіне арналған пластик құбыр өндірісі іске қосылды. Жетісай ауданының индустриялық аймағында полиэтиленді қайта өңдеу және су үнемдеу жабдықтарын өндіруді іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Мақтаарал ауданының индустриялық аймағында жыл соңына дейін пластик құбырлар, ленталар және тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын өндіріс іске қосылмақ.
Қызылорда облысында түрік инвесторлары жобалық қуаты 20 мың гектар болатын тамшылатып суару жүйелерін жасайтын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз еліміздің су саласына инвестиция тарту жұмысын белсенді жүргізіп жатырмыз. Халықаралық әріптестермен ынтымақтастық заманауи технологиялар мен инвестицияларға жол ашады, бірақ барлық стратегиялық шешім тек Қазақстанда қабылданады. Су ресурстары бұрын да, қазір де тікелей мемлекет бақылауында және солай қала береді де. Әсіресе маңызды су нысандарын шет мемлекеттердің қолданысына беру мәселесі ешқашан қаралған емес. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың мүдделерін қорғау үшін су шаруашылығын жаңартып, жетілдіру және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Су – өте маңызды стратегиялық ресурс. Біз әр тамшысын тиімді пайдаланып, үнемдеу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – еліміздің болашағы үшін аса маңызды», деді сала министрі Нұржан Нұржігітов.