Таяуда зағип және нашар көретін азаматтардың қалалық арнаулы кітапханасында жас ұрпақты еңбекке баулу, үздік жұмысшыларды құрметтеу, қарапайым еңбек адамына сыйластық көрсету мақсатында мазмұнды кеш өтті.
Қазақ зағиптар қоғамының мүшесі, отыз жылдан астам қоғамның оқу-өндірістік кәсіпорнында еселі еңбек еткен Ділдәш Аменова бұрынғы Көкшетау облысы Красноармеец ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Көзашар ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қабдөш Наурызбайұлы – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Соғыс аяқталғаннан кейін ауыл шаруашылығын қалпына келтіру бағытында қисапсыз еңбек еткен. Кейінгі ұрпағын да адал еңбекке баулыған. Өзінің еңбекқорлығымен өнеге болған. Анасы да бауыр еті балаларын тәрбиелеумен бірге сатушы болып жұмыс істеген. Отбасындағы жеті баланың кенжесі – Ділдәш Қабдөшқызы.
Мектепте оқып жүрген кезінде қатар құрбының алды болды. Оқу озаты. Ауылдағы сегізжылдық мектепті аяқтаған соң облыс орталығындағы сауда техникумына оқуға түседі. Болашақ тауартанушы. Тағдырдың жолы бұралаң. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді. 1984 жылы қапелімде жол апатына ұшыраған.
– Қос жанарым ештеңе көрмей қалды, – дейді Ділдәш Қабдөшқызы, – баламын ғой, тым қатты қорыққан да жоқ шығармын. Жол апаты кезінде көзіме қан құйылыпты, соның әсері. Бір жақсысы, ол кезде қара ормандай қалың елдің қаймағы бұзылмай тұрған уақыты. Кешегі сыныптастарым күн сайын келіп, көңілімді аулайды, әңгіме-дүкен құрамыз. Сол сәтте бірінші топтағы мүгедек екенімді де ұмытып кетемін. Менің жарық дүниеден ақ сәуле іздеген жанарым жанымдағы жанашыр құрбыларым тәрізді.
Еңбек жолын 1988 жылы Көкшетау қаласындағы қазақ зағиптар қоғамының мүшесі болғаннан кейін бастады. Оқу-өндірістік кәсіпорнының қуыршақ арба цехына жұмысшы ретінде қабылданды. Кәсіпорын цехтарында матрас, жастық тігілетін, картон цехында қораптар жиналатын. Әйтеуір жұмыс қайнап жатты. Таңертеңнен кешке дейін бас көтермей еңбек ететін. Сөйте жүріп өзі секілді зағип жандармен бірге концерттік бағдарламалар қарап, көңіл көтеретін. 2005 жылы тұрмысқа шықты. Өмірге ұлы келді. Ол қазір Қазақ-Британ университетінің студенті. Өмірінің жалғасы, көзінің қарасы.
Елгезек жан еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін сан мәрте алғысхаттармен марапатталды. Тағдырдың салған ісіне төтеп бере жүріп, көңілі қалаған өнерін де еш ұмытқан емес. Қолы қалт еткенде әдемі даусымен тамылжытып ән шырқайды. Жанына жігер беретін де осы өнер. Жанары көрмегенмен, қызылды-жасылды бояуы көп ғұмыр атты әлемді жан жүрегімен сезінеді. 2024 жылғы қарашада зағиптар қоғамының мүшелері арасында өткен республикалық «Абай әлемі» байқауына қатысып, облыс намысын қорғады.
Тіршілікте пенденің аяғына тұсау салғысы келген тағдырдың тар қамытын адам бойындағы адалдық пен өмірге деген құштарлық жеңеді екен. Ділдәш Қабдөшқызының өмір туралы өнегесіне қаныға отырып біз осыны ұғындық.
КӨКШЕТАУ