• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:45

Сапалы қарақұмыққа сұраныс жоғары

20 рет
көрсетілді

Жасылы деп отырғаны­мыз, қоңырқай қауызы аршылған қарақұмық­тың тап-таза түрі. Өскеменде өнді­рілетін бұл өнім көбіне шетелге шы­ғарылады. Статистика бойынша Шы­ғыс Қазақстан қара­құмық өсіруден респуб­ликада 4-орында тұр. Был­тыр өңірде 7 мың гек­­тардан астам жерге қа­ра­құмық егілсе, биыл егіс көлемі тарылған. Алай­­да өнім мөлшері кемі­ген жоқ.

Орташа түсім – гектарынан 20 центнер

Сұранысқа ие бұл қандай өнім деген қызығушылықпен қарақұмықты қауызынан аршитын алпауыт «Green Food» цехқа арнайы барғанбыз. Күз­дің күнгі қарбаласта жұмыс­шылардың мұрнына су жетпей жүр. Алқаптан жиналған дәнді дақыл алдымен осындағы қамбаға жеткізіледі. Мұнда дән кептіріліп, уақытша сақта­лады. Температура мен ылғал­ды­лықты мамандар қатаң бақы­лауда ұстайды. Содан кейін ғана қа­рақұмық дәні қоңырқай қауы­зынан аршылып, бірнеше сатылы технологиядан өтеді. Ол жұмысты өз ісінің әккі маманы, бас технолог Ақжол Сабидолдин монитор арқылы қадағалап отырады.

– Қарақұмықтың бір ерек­шелігі, төменгі бөлігінен бас­тап піседі. Сабағының астыңғы жағында дәндері толық пісіп тұрғанда, жоғарғы бөлігі енді-енді гүлдейді. Төменгі дәндер төгіліп кетпес үшін дер кезінде ору қажет. Бұл негізінен, жылу­ды сүйетін дақыл. Сондық­тан шаруалар оны мамыр­дың соңында ғана себеді. Жапы­рақтары қурап болған соң бас­тырылады. Осылайша, сапалы өнім алады. Орташа түсім – гектарынан 20 центнер шамасында. Кейде 25-30 центнерге дейін жетуі мүмкін. Ол үшін жүйелі түрде тыңайтқыш қолдану керек. Мәселен, биыл сұйық азот берілгендіктен, әр гектардан қосымша 5 центнер өнім алынды. Егер карбамид қосылса, одан да жоғары нәтиже береді, – дейді кәсіпорын қызметкері Ақжол Сабидолдин.

 

Өнім 19 рет тазаланады

Жаңа технология бойынша салынған зауыттағы жұмыс жалғыз осы монитор арқылы қадағаланады. Технологиясына тоқталсақ, қарақұмықты тазарту жұмыс­тары бірнеше кезең­нен тұрады. Әуелі алқаптан орып әкеледі. Қамбада әбден кеп­­тірілген соң тазартылады. Ең соңына қарай арнайы ап­па­рат қарақұмықты шаң-тоза­ң­­нан арылтып, тұтынуға дайын­­дайды. Ал фотосепара­тор деген құрылғы өнімді сұ­рып­тайды. Ішіндегі кетіп қал­ған қоқыстарды 360 камерасы арқылы көріп, үрлеп жібе­ріп отырады. Іріктелген қара­құ­мықтың қабығын аршу үшін «вальцедек» дейтұғын құрыл­ғыға түседі. Автоматты бұл аппарат өнімді аршып шығарады. Алайда мұнымен іс бітпейді. 45 градусқа көлбеу тұрған аппаратта тағы екі рет тазаланады. Санап отырсақ, 19 рет тазалаудан өтеді екен. Бұдан соң жасыл қарақұмықты еш қайнатусыз-ақ жей беруге болады. Адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз өнімді әсіресе, Жапония елі тұтынады. Дәрігер мамандар да жасыл қарақұмықтың денсаулыққа пайдасын айтады.

– Қоңыр қарақұмықтан айырмашылығы – құрамында минералдар мен дәрумендер көбірек сақталған. Құрамындағы клетчатка және антиоксидант ас қорытуға қатысса, минералдар мен дәрумендер ағзаның саулығына оң әсерін тигізеді. Күнделікті өмірде 30-50 гр жасыл қарақұмықты пайдалануға болады. Негізінен, оны артық салмағы барлар тұтынса, тез нәтиже береді. Қант диабетінде, ішек микрофлорасын қалыпқа келтіруде, ішек моторикасын жақсарту үшін тұтынса, таптырмас дақыл, – дейді гастроэнтеролог дәрігер Данагүл Есмұханбет.

 

Сапаға айрықша мән беріледі

Айтқандай, өңделген қара­құмық зертханада бірнеше рет тексеруден де өткізіледі. Ал­дыңызға түсетін ас үшін ондаған маман, ондаған адам ең­бектенеді. Оның үстіне, қарақұ­мықтың жасылы – таптырмас тағам.

– Шетелге жіберілетін қара­құмық жармасынан 50 грамм алып, зертханада сапасын тек­сереміз. Ертеңгі күні тұтыну­шы тарапынан ешқандай сұрақ туын­дамас үшін бұл жұмысқа аса жауапкершілікпен қараймыз. Алдымен ылғалдылық пен құра­мындағы бөгде қоспалар тексе­ріледі. Сөйтіп, сапасы анық­талады, – дейді зертхана қыз­меткері Аяулым Ахметқалиева.

 

Жүк тиеген вагондар Орталық Азияға жол тартады

Байқасақ, қатаң бақылаудан өткен өнім ғана экспортқа жөнел­тіледі. Зертханада әр дәннің сапа­сы сыналатындай көрінді. Ыл­ғалдылығы мен табиғи салма­ғынан бас­тап, зиянкестерге дейін анықталады. Ең бастысы, өнімнен қалдық қалмайды. Ең таза жармалары бөбектер үшін ботқа жасауға жөнелтілсе, қалдықтарын мал бордақылау шаруашылықтарына өткізе­ді. Ал сұрыпталғаны экспортқа шығады. Қызметкерлердің айтуынша, кәсіпорын іргесінде тізіліп тұрған вагондар Орталық Азияға жол тартады.

– 68 тонна қарақұмық тиеп қойдық. Сақталу ұзақтығы 20 ай десек, біздің қоймада 1 аптадан артық тұрмайды. Тапсырыс көп. Қоймада 250 тоннаға жуық қарақұмық қапталған, – дейді жүк көтергіш машинаның тізгі­ніндегі Талғат Әбішев.

Өскемендегі бірегей бұл зауыт 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір 21 қызметкер бар. Не­гізгі бағыт – экспорт. Өнім Бал­тық жағалауындағы ел­дер­ге, Жапонияға, Азия елде­ріне жіберіледі. Айына 1 440 тон­на қарақұмық өңдеуден өтеді. Биылдан бастап отандық на­рыққа да шыға бастаған. Алдағы уақытта шағын қаптама­дағы өнім­ді көбейтіп, ішкі сұра­нысты қам­тамасыз етуді жоспарлап отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы