• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ұстаз Бүгін, 09:50

«Болашақпен» – ауылға!

20 рет
көрсетілді

Абай облысында «Болашақ» бағдарламасының түлегі Қуаныш Алтынжанов ауыл балаларына математикадан сабақ беріп жүр. Финляндия, Сингапур, Солтүстік Ирландия елдерінде біліктілігін арттырған ол оқуды тәмамдаған соң, өзі білім алған Қарақол ауылындағы мектепте мұғалім болуды жөн көрген.

Еңбек жолын 2007 жылы Екібастұздағы мек­тепте баста­ған Қуаныш Алтынжанов 2011 жылы Сингапурдағы «Prob­lem based learning» деп аталатын курсқа қатысқан. Бір жыл­дан соң ағылшын тілін шың­­дау мақсатында Солтүс­тік Ирландияның Белфаст қала­сындағы тілдік курсқа барған. Ал 2013 жылы «Бола­шақ» бағ­дар­ламасымен Финлян­дия­дағы HAMK университетінде жоғары сыныптарда математи­каны ағылшын тілінде оқыту бойынша педагогикалық тағы­лымдамадан өткен. Сол жақтағы мектептердің тәжірибесін көріп, ғылыми жобасын қорғаған соң Қ.Алтынжанов 2021 жылы өзінің туған ауылындағы мектепке оралып, «математика мұғалімі» атанады.

– Әр бала қай жерде туып-өскеніне қарамастан, сапалы білім алуға тиіс. Менің де мақса­тым сол, ауыл оқушыла­рына шетелден алған білімім мен тәжірибемді бөлісіп, оларды бәсекеге қабілетті тұлға етіп қа­лыптастырғым келеді. Жал­пы, шәкірт жетістігі – мұға­лім жетістігі ғой. Бірде оқушым халықаралық сайыстан жүл­делі оралып, ма­ған ерекше алғысын айтып, «Мен болашақта математика мұғалімі боламын, оған бүгін көзім жетті. Мықтылардың қатарынан көрінгенім – сіздің еңбегіңіз» деген кезде бір кү­ліп, бір жылағанымыз бар еді. Кейін сол оқушым Ұлттық бірың­ғай тестілеуден 50/50 балл алып, университетін де сәтті аяқ­тады. Қазір «Болашақ» бағдар­ламасымен магистратура­сын жалғастырып жатыр. Міне­ки, бізді қуантып, марқай­татын – шәкірттердің осындай жетістігі ғой, – деді ол ағынан жарылып.

Қуаныш Алтынжановтың сөзінен оның кәсіби ұстаным­дары мен ұстаздық жолға деген адалдығы айқын аңғарылады. Шетелдік тәжірибе мен зама­науи білім беру әдістерін мең­герген білікті маманның еңбегі ауыл мектептерінің дамуына ғана емес, елдің жалпы білім беру жүйесінің ілгерілеуіне де үлес қосатыны анық.

– Оқушымен тіл табысып, оны түсіне білу – мұғалімнің басты міндеті. Сабақ барысында бір бала: «Ағай, кеше TikTok-та бір видео көрдім» десе, бірден «Оны неге көресің, ол зиян» деп тыйып тастау дұрыс емес. Керісінше, қандай бейнежазба екенін сұрап, қажет болса, дұрыс бағыт-бағдар көрсеткен жөн. Сондай-ақ үлгерімі төмен оқушыны жақсы оқитындармен бірге отырғызуға тырысамын. Өйткені баланың ынтасы да, білімге деген қызығушылығы да көп жағдайда өз ортасына байланысты қалыптасады, – дейді ол.

Математика мұғалімінің айтуынша, ауыл мектептерінің мәселесі де жоқ емес.

– Шетелден алған білімімді қолдан келгенше оқу үдерісінде ұйымдастырып жатырмын. Алайда материалдық базаның төмендігінен көп идеяларды іске асыру мүмкін болмай тұр. Кабинеттеріміз жаңа үлгідегі құрал жабдықтары­мен қамтамасыз етілсе, онда оқу­шылардың білімі шың­да­латыны анық. Әлі күнге дейін бор тақта­мен жұмыс істей­тін мектептер бар. Шыны керек, 5 жыл бұрын алынған құралдардың сапасы сын көтер­­мейді. Сұраныс берсек, көп жағ­дайда «бюджетте қара­жат жоқ» деген жауапқа тіре­леміз. Жасанды интеллект дамы­ған заманда бұл ауыл бала­ларының білімге деген құш­тар­лығын тұншықтырып отыр десек те болады. Алайда мұғалім­нен сұраныс өте жоғары. Министрлік ауыл мектептерінің нақты проб­лемаларын шешетін уақыт жетті. Ротациядан бастап, мұға­лімдердің біліктілігін артты­ру ісіне айрықша мән берілуі қажет, – дейді Қ.Алтынжанов.

Иә, ауыл мектебінің мүмкін­дігі толық ашылса, білімді ба­ла­лардың көптеп шығатыны анық. Қай өңірде қызмет етсе де, ұстаздың басты мақсаты – шәкірт­ке сапалы білім беру. Шетел­де жинаған тәжірибесін туған ауылына арнап, жас ұрпақ­қа бағыт-бағдар беріп отырған Қ.Алтынжановтың еңбегі– елге қызмет етудің, ұрпаққа үлгі болудың жарқын көрінісі деп білеміз.