• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Көрме Бүгін, 09:15

Белград музейінің жәдігерлері Алматыға жетті

10 рет
көрсетілді

Алматы музейінде «Серб әйелі: ғасырлар тоғы­сын­­да» деп аталған өнер көр­месі есік ашты. Қоғам­дағы әйел мәртебесін асқақ­та­тып, Сербия тарихы мен мәдение­тінің бірегей мұра­сын айшықтаған айтулы жоба­ның ашылу сал­та­натына Сербияның бірінші ханымы Тамара Вучич, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дос­тық қарым-қаты­нас­та­ғы қос елдің руха­ни байланысын дәне­керлеген зиялы қауым қатысты.

Халықаралық жоба Алматы мен Белград арасындағы музейаралық ынтымақтастықтың жалғасы ретінде ұйымдастырылып отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы музейінің «Ұлы даланың мәдени мұрасы» атты көрмесі Белград қала­сын­дағы Ханшайым Любица сарайын­да салтанат құрған еді.

Іс-шараны ашқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы екі ел достығын дәріптеп, ғасырлар тоғысындағы серб әйелдерінің рөліне арналған бірегей көрменің маңызын атап өтті.

«Өздеріңізбен қонақжай қазақ жерінде, еліміздің мәдени астанасы Алматы шаһарында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! Бүгін біз маңызды мәдени оқиғалардың бірі – «Серб әйелі: ғасырлар тоғысында» атты көрменің куәсі болып отырмыз. Бұл іс-шара Қазақстан мен Сербия арасындағы достық пен өзара түсіністіктің, мәдени ынтымақтастықтың айқын көрінісі деп білеміз. Аталған жобаны жүзеге асыруға өлшеусіз үлес қосқан Сербияның бірінші ханымы Тамара Вучич ханымға шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылы орнаған сәттен бастап екі ел арасында сенімге негізделген достық пен әріптестік дами түсті. Бүгінде бұл байланыс тек ресми келісімдермен ғана шектелмей, мәдениет, білім, өнер салаларында да жарқын жобалармен жалғасып келеді. Әсіресе мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жандануы – қос халықтың бір-біріне деген құрметі мен ықыласының айқын көрінісі. Бұл – шекарасыз рухани жақындастықтың белгісі. Қазақ танымында «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген терең мағыналы сөз бар. Қазақ ұғымында әйел – отбасының тірегі ғана емес, ұлттың рухани және мәдени кел­бе­тінің айнасы. Бұл ұғым серб хал­қына да жат емес екенін осы көрме айшықтай түсті. Былтыр «Ұлы даланың мәдени мұрасы» көрмесі серб жұртшылығын қазақ мәдение­­ті­мен таныстырса, бүгінгі іс-шара мәдени байланыстың өзара тереңдей түскенін көрсетеді», деді А.Балаева.

Экспозицияда Белград қаласы музейінің бай қорынан алынған құнды жәдігерлер – ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, сондай-ақ XIX ғасырдағы серб әйелдерінің портреттері көпшілік назарына ұсынылды. Мұндағы жәдігерлер Сербияның шамамен 7 500 жылға жуық тарихын қамтиды. Ғасырлар бедерінде серб қоғамындағы әйелдің орны мен рөлінің қалай өзгергені туралы мәліметтер, әйгілі серб суретшілері, ғалымдары, спорт­шылары мен қоғам қайрат­кер­­лерінің өмір тынысынан сыр шер­тетін тың ақпараттар топтас­ты­­рыл­ған көрме ел тарихына сапар шектіреді.

«Бұл серіктестік – ерекше дип­ломатиялық және мәдени оқиға. Себебі Алматы музейіндегі бұл көрме серб мұрасы мен заманауи өнер туындыларының Қазақстан жұртшылығы үшін маңызын айқындап, мәдени байланыс­ты нығайтуға бағытталып отыр. Біз бұл ынтымақтастық музей ісі, мәдениет пен өнер саласындағы өзара тәжірибе алмасуға жаңа серпін беріп, рухани дамуға ықпал ететініне сенімдіміз. Мәдениет – халықтарды жақындастыратын ең қуатты құрал. Қазақстан – көптеген ұлт пен ұлыстар тоғысқан жер. Бұл – ұлы тарихтың мекені. Біз өз мұрамызды сақтап қана қоймай, халық­тарымыздың арасында өзара түсіністік пен сенімге негізделген берік көпір орнатамыз. Осынау идеяны жүзеге асыруға атсалысқан жан­дарға алғысым шексіз», дейді Т.Вучич.

Көрмеге келген өнертанушылар қазіргі Сербияның аумағында неолит дәуірінен бастап бүгінге дейін әйел әрдайым шабыттың қайнар көзі, сұлулықтың, сезім мен рухани күштің символы болғанына тоқталды. Өнердегі әйел бейнесі тек сыртқы пішінді бейнелеумен шектеліп қалмай, қоғамның идеал­дары мен ішкі толғаныстарын жеткізудің көркем тіліне айналғаны айтылды.

 

АЛМАТЫ