Қазақстан аумағының жартысына жуығы жойқын жер сілкінісі қаупі бар өңірлерге жататындықтан, жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздікке арналған жеке тарау енгізіледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мәжілістегі заң жобасын талқылау кезінде мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, ең жоғары сейсмикалық қатер Алматы қаласы мен Алматы облысына, сондай-ақ халық пен инфрақұрылым тығыз орналасқан Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарына тән.
«Ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде осы мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі. Нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді көздейді», деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар, министр құрылыс саласында сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нарықтағы қатысушылардың біліктілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Бүгінде салада шамамен 80 мың лицензия тіркелгенімен, олардың едәуір бөлігі қағаз жүзінде ғана бар екені анықталған. Көптеген компанияның өндірістік базасы да, тәжірибелі инженерлері де жоқ болып шықты.
«Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ. Мұндай жағдай сапа мен қауіпсіздікті төмендетіп қана қоймай, мемлекеттік тапсырыстарға жалған компаниялардың қатысуына жол ашып, саладағы еңбек нарығының шынайы жағдайын көрсетпей отыр.Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен лицензиаттардың электронды тізілімі құрылады», деді Ерсайын Нағаспаев.