Елімізде тау туризмінің жұмысын жүйелеп, қарқынды дамыта алсақ, табыстың көзіне айналары анық. Ит тұмсығы өтпес қалың орманы мен шырышты өсімдігі көмкерген барқыт белдері мен жазиралы жондары, ақ қар басқан асқақ шыңдары демалыс аймағына сұранып-ақ тұр. Мұнда бір ғана кілтипан бар. Табыстың көзі екен деп табиғаттың флорасы мен фаунасын жөнсіз бүлдіруге жол берілмеуі керек.
Жалпы туризм саласындағы ең соқталы мәселе – кадр тапшылығы. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұл түйткілге арнайы тоқталып, тиісті орындарға бірқатар тапсырма жүктеді. «Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс – менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады», деп атап өтті Президент.
Бұл саладан ел қазынасына құйылар қаржының басым бөлігі шетелдерден келетін саяхатшылардан түседі. Сырттан келетін туристерді көптеп тартып, отандық туризмнің саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету қашанда маңызды. Бұл шаруа орталық органдардың жіті бақылауында болуға тиіс екенін айтқан Президент Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқтала келіп: «Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ», деді.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында-ақ өңірге 162 мың турист келген. Былтырғы статистикамен салыстырғанда бұл 62%-ға артық. Облыстағы туризм өрісінің қарқын алуын сарапшылар Алматы тау кластерінің дамуымен байланыстырады. Өңір жылдың барлық мезгілінде қонақтарға қызмет көрсететін инфрақұрылымы жаңарған туристік хабқа айналып келеді. Бүгінде облыс аумағында 270 туристік орналастыру нысаны жұмыс істейді. Олар 161,5 мың төсектік орынмен қамтылған. Соның ішінде тек таулы аймақтың өзінде 140 туристік база бар. Өткен жылмен салыстырғанда биыл туристік база кешендерінің саны 8,6%-ға артқан. Тау кластерін дамыту аясында ірі халықаралық жобалар іске қосылып, облыстың экономикалық әлеуеті де нығайып келеді. Мәселен, вьетнамдық «CrystalBay» компаниясы мен «Кипрос» ЖШС-ның мәміле жасасып, меморандумға қол қоюының нәтижесінде «Ақбұлақ» тау шаңғы курортын жаңғырту қолға алынады. Осы жоба аясында гольф-клуб салынып, қонақүй кешені кеңейтіледі. Инвестиция көлемі – 233 млрд теңге. Жобаны жүзеге асыру барысында 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек «Oi-Qaragai» курортының да ауқымын ұлғайту күн тәртібінде тұр. Себебі жылдан-жылға Іле Алатауының сілемінде серуендеп, сейіл құрушы саяхаттаушылардың шоғыры қалыңдап келеді. Келешекте бұл демалыс аймағы 105 гектардан 1 000 гектарға дейін кеңеймек. 2028 жылға қарай мұнда 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жеке инвестиция көлемі 83,2 млрд теңгеге жетеді. Бұл ретте өңір әкімдігі туризм нысандарына қажетті инфрақұрылымды – газ, электр қуаты, су, жол желілерін қатар дамытуды көздеп отыр.
Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, Алматы тау кластеріндегі туристер саны жылына 300 мыңнан 850 мың адамға жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш өңірдің туристік әлеуетін толық ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті кәсіпкерлікті жандандыруға жол ашады. Туризмді дамытудың кешенді жоспары аясында Қаскелең, Түрген шатқалдарын дамыту тұжырымдамасы әзірленеді. Былтыр қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елімізге келген 3,4 млн туристің 2 миллионы тау кластерін таңдаған. Демек бұдан кейін де таулы аймақта тынығуды қалайтындардың қатары арта түседі.
Таяқтың әрдайым екі ұшы бар. Сырттан келетін туристер табысты арттырады деп құшақты айқара ашқанда талап пен тәртіптің сақталуына баса мән беру қажет. Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова ілгеріде Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, туризм саласындағы бірқатар түйткілді мәселені көтерді.
«Туризм саласын қолдауға бағытталған ауқымды мемлекеттік қаржы мен түрлі бағдарлама нәтижесінде еліміз «Саяхат және туризмді дамыту» индексі бойынша әлемдегі 119 елдің ішінде 52-орынға көтерілді. Алайда құшақ жая қарсы алған қонақтың 106 000-нан астамы заң талаптарын бұзып үлгерген. Саладағы олқылықтарды пайдаланып, елімізге келетін туристерді басқа мемлекеттерге бағыттаушылар да бар. Өз көліктерімен заңсыз туристік қызмет көрсетіп жүрген Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Қытай мемлекеттерінің туроператорлары мен гидтері беделімізге нұқсан келтіріп, қазынамызға құйылар табысқа ортақтасып жатыр», деген депутат біздің туроператорларға өзінің жолаушы тасымалдаушы көлігімен одақтас елдерге кіруге тыйым салынғанын алға тартты. Осының салдарынан еліміздің бюджеті шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылып отыр. Депутат бассыздық орнап, заңсыздыққа жол берілмеуі үшін туристік аймақтарды дамытуда нақты жобасы бар, стратегиялық жоспары нық инвесторларға ғана сенім артылса дейді. Сонымен қатар экскурсиялық, трансферлік, қонақүй гидтерінің жұмысын да жүйелеу де ақсап тұрғанын алға тартты.
«Қауіпсіздікті күшейтіп, бет-бейнені сканерлеу (Face ID) мен саусақ іздерін алу тәртібін өз азаматтарымызға ғана емес, елге қыдырып келген шетелдіктерге де қолдану қажет. Күре жолдардың бойында орналасқан шағын дәмхана, асханалардың санитарлық талапты сақтауын қадағалау да маңызды. Сондай-ақ шетелдіктер қыдырып келгенде тек 10 мың АҚШ долларынан аспайтын қаражатты өткізе алады деген лимитті алып тастау керек», дейді Е.Смолякова.
Мемлекет басшысы Жолдауында туризмді нығайту үшін инфрақұрылымды дамыту қажет екенін айтты. Расында Алматы облысының көгілдір таулар көмкерген көрікті жерлерінде тау туризмін өрістетуге ең алдымен жол қажет. Күре жолдардың үй орнындай ойдым-ойдым шұрық-тесігі бүтінделіп, жасалса, туристік орындарға келушілер қатары артары анық.
«Ethno resort Shalkode» демалыс кешенінің менеджері Ернұр Сағатбекұлы туризм саласын дамытуда алдымен инфрақұрылымға баса көңіл бөлу қажеттігін алға тартады. Мәселен, өздерінің демалыс орны Алматы қаласынан 350 шақырым шалғайда орналасқан. «Қаладан көлікпен шыққан саяхатшы туристер діттеген мекенге жеткенше ер соқты болып әбден діңкелейді. «Жол азабын жүрген білер» деген, біздің демалыс орнымызға жеткенше әбден сілелеп шаршаған туристер ең алдымен инфрақұрылымға шағым айтады. Ауызсу, электр энергиясы тартылып, қолайлы жағдай жасалса, туризмді түлетіп, таулы өңірге де өркениеттің игілігін орнатуға болады. Одан кейінгі түйткілді мәселе – жұмысшы жетіспейді. Жасырып қайтеміз, ауылда бос жүрген жастар да, зейнет жасына жақындаған орта буын өкілдері де бар. Бірақ айлық еңбекақы төлейтін жұмысты ұсынсаң, қабыл алмайды. Содан кейін амалсыз, өзге аудан, тіпті көршілес облыс тұрғындарын қызметке тартуға мәжбүрміз», деді кәсіпкер.
Е.Сағатбекұлы демалыс аймағына мүмкіндігінше шетелдік туристерді көбірек тартуға күш салатынын айтады. Сайын даламыздың сұлу табиғатын әлемге таныта білсек дейді. Көне заттарды, құнды жәдігерлерді жинастырып, арнайы музей бөлмесін де ашыпты. Атқа мініп, Шәлкөде жайлауының қолат-қолатын аралап, табиғаттың кереметіне кенелген қонақтарға кешкілік дала кинотеатрынан тарихи фильмдерді де тамашалатады. Мұндағы мақсат – көшпелі өмір салтына бейім қазақ халқының байырғы тіршілігін өз еліміздің азаматтарына ғана емес, шетелдіктерге де көрсету.
Тау туризмін дамыту өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, жергілікті халыққа жаңа мүмкіндіктер ашып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді, экотуризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады, белсенді, отбасылық демалыстың мекеніне айналады.