• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сайлау Бүгін, 10:07

Әкім сайлауына әзірлік

20 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет облыс орталығының әкімі Семейде сайланбақ. Яғни 12 қазан күні семейліктер қала әкімі сайлауында өз таңдауын жасайды.

Айтулы науқанға әзірлікті көру үшін шаһарға Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің өзі келді. Төраға бұл жұмыс сапарының мақсаты сайлау заңға сай әділ өту үшін мамандардың әзірлігін қадағалап, жалпы көпші­лік­ке түсіндіру жұмыстарын жүр­­гізу және жастармен кездесу өткізу екенін айтты. Осылайша, Н.Әбдіровтің төрағалығымен Семей қаласы әкімін сайлауға дайындық және оны өткізу мәселелері жөнінде мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан арнайы жиын өтті. Жиында жергілікті ресми мамандар қалада қазір 200 мыңнан аса сайлаушы барын, сайлауды өткізуге 128 учаскелік комиссияда 929 адам жұмыс істейтінін баяндады.

– Семей қаласы әкімін сайлау науқанын өткізу барысында барлық 128 сайлау бөлімшесі қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіл­ген және сайлау өткізуге әзір. Бөлімшелер талаптарына сай, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға жағдай қарастырылған. Болуы мүмкін даулы жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында штаб құрылды. Жедел штаб мүшелері қоғамдық-саяси жағдайға күнделікті мониторинг жүргізіп отыр, сайлау күні коммуналдық кәсіпорындарда, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінде жауапты тұлғалардың күшейтілген кезекшілігі жүзеге асырылады, – дейді Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркен Беркенов.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы елімізде сайлау қалай өтетінін жастарға да түсіндіріп, өзге де мемлекеттердің үлгісін мысалға кел­тірді. Ол демократия мен халық дауы­сын білдірудің маңызына тоқ­та­лып, жастардың сұрақтарына жауап берді.

– Бізге көршілес, бауырлас Өзбекстан былтыр өз реформаларын өткізді. Енді олар аудан, ауыл әкімдерін сайламақшы. Бірақ оларда сайлайтын – бізше мәслихат депутаттары. Бізде олай емес, бізде тікелей халық сайлап отыр. Сондықтан халық сайлауда белсенді болуға тиіс, – деді ОСК төрағасы.

Аумақтық сайлау комиссиясына төрт үміткер тіркелген. Олар – Айболат Бекжасаров, Әділет Қожанбаев, Қуаныш Төлеуов, Қанат Шапатов. Тіркелген канди­дат­тарға өз бағдарламаларын сай­лаушыларға таныстыру үшін 11 қазан, түнгі сағат 12.00-ге дейін уақыт берілді. Одан кейін заңға сәйкес кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынған.

Бұдан соң 26 қазанда аймақта мәслихат депутаттарының босаған орындарына сайлау өтеді. Бұл елі­міздің 16 аймағына қатысты. Ал Абай облысында мәслихат депутат­та­рын сайлау Ақсуат, Жарма, Бородулиха, Мақаншы аудандарында болады.

 

Абай облысы