Атырау қаласында жасанды интеллект элементтері бар 75 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Камералар адамдар көп жиналатын аялдамаларға, әуежайға, теміржол вокзалы мен автовокзал аумағына орнатылған. Атырау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жәкей Иманқұловтың айтуынша, бейнеталдау жүйесі тиімділігін дәлелдеген, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұл жүйе адамдардың жүзін танып, агрессивті мінез-құлықты, тұрғындардың шамадан тыс жиналуын, өзге де күмәнді жағдайларды автоматты түрде тіркейді. Мұндай жайт анықталған сәтте жүйе жедел қызметтерге бірден дабыл белгісін жібереді. Аталған жүйеге іздеудегі, есептегі тұлғалардың фотосуреттері енгізілген. Камера обьективіне ілінген адамдар бет пішіні арқылы сәйкестендіріліп, жедел басқару орталығына хабар түседі», дейді Жәкей Иманқұлов.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері бейнеталдау жүйесінің көмегімен 209 адам анықталған. Оның ішінде 119 құқық бұзушы полицияға жеткізілген. Анықталған адамдардың басым бөлігі – әуежай, теміржол және автовокзал аумақтарында жасанды интеллект арқылы бет бейнесі сәйкестендіріліп танылған азаматтар.
«Жаңа цифрлық технологиялар полиция жұмысының тиімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздік сақтауға бағытталды. Болашақта мұндай интеллектуалды жүйені облыстың өзге аудандарына орнату жоспарланып отыр», деді Жәкей Иманқұлов.