• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 09:55

Ерлер есімі тасқа таңбаланды

20 рет
көрсетілді

«Майқайыңалтын» кеніші аумағында өзгенің өмірін құтқару жолында бақилық болған батыр құтқарушылардың рухына арналған мемориал ашылды. Онда 2024 жылдың қаңтар айын­да ойыққа құлап қаза тапқан тау-кен құтқарушыларының есімдері тасқа қашап жазылған.

2024 жылы 4 қаңтарда алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кеткен еді. Апат салдарынан төрт құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Олар – Айдос Шаймерден, Олег Тышкевич, Сарқыт Бердіхан, Айып Тілеубергенов.

– Таукен құтқарушысы – ең қауіпті әрі құрметті мамандық­тар­дың бірі. Олар әр сапарға өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгелердің өмірін құтқаруға аттанады. Олардың ерлігі мәңгі есте сақтауға лайық. Осынау сын сәтінде бірге болып, қиындықты бірге еңсерген кент тұрғындарына шексіз алғысымызды білдіреміз.  Батыр­ларымыздың ерлігі болашақ ұр­паққа жанқиярлықтың үлгісі болып қала береді, – деді мемо­риал­дық ескерткіштің ашылуында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов.

Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден шейіт болған батырларымыздың рухы­на көрсетілген құрмет үшін көп­шілікке ризашылығын жет­кізді. Жиналғандар мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Айта кетелік, Астана соты құтқа­ру­шылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныған еді. Кейін кінәлі тұлғалар ретінде алты адам ұсталды. Олардың ісі қазіргі уақытта Екібастұз қалалық сотында қаралып жатыр.

 

Павлодар облысы