• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Табиғат Бүгін, 09:10

Жасыл желек – жер көркі

30 рет
көрсетілді

Қазан айының үшінші жексенбісінде Орман шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл күн – табиғаттың байлығын сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету жолында еңбек етіп жүрген бейнеткеш қауымға деген құрметтің белгісі. Орман – еліміздің баға жетпес байлығы, табиғаттың тынысы, тұрғындардың тіршілік көзі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тал егу, орманды алқаптарды сақтау, ұлғайту ісіне ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жақын жылдары еліміздің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады.

Елімізде біраз жылдардан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы бар. Жыл сайын «Бүкілхалықтық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы өткізіледі. Акцияның мақсаты – ормандарды сақтау, қалпына келтіру, көбейту, ауыл, аудан, аймақтарды абаттандыру. Кейінгі кезеңде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында да жер-жерлерде көгалдан­дыру, тал көшеттерін отырғызу­ға қатысты көптеген жұмыс атқарылды. Орман қорларын сақтау, көбейту жөніндегі шаралар баршамыз үшін ең әуелі Жер-Анамызды сауықтыру үшін аса қажет. Орман – ұлт байлығы, адамзаттың аманаты. Оны қорғау – тек осы салада еңбек ететін маман, жұмыс­шылардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың парызы.