Иә, жаны күміс, көңілі дәйім көктем шуағын төгіп, күлкісі күмістей сыңғырлауынан жазбай келе жатқан әріптес ардагер, қанаттас қаламгер досымыздың Күмісжан деген аты да затына сай. Бір байқағаным, басқа мамандықтарды қайдам, дәл осы біздің журналист қауымы арасындағы достық, бірлік, тілектестік пен ынтымақ берік болады, ұзағынан сүйіндіреді. Өзімнің де Мамадияр Жақып, Сауытбек Абдрахманов, Қайсар Әлім, Сүлеймен Мәмет, Тілеуқабыл Мыңжасар, т.б. журналистика саңлақтарымен достығымыз, тілектестігіміз көп жылдан бері көңіліме тоқ, жаныма жайлау. Міне, Күмісжан Байжан әпке досымыз да осы қатардан табылғалы қашан.
Күмкең қырық жылдан астам журналистік ерен еңбек жолының түйінді жеті жылын ел газеті «Егеменде» өткерді, мәртебелі басылымның Алматы облысындағы мерейлі меншікті тілшісі болды. Күмісжанның тәжірибесі де, ғұмыр ғибраты да, қаламының ұлағаты да осы талапқа әбден сай келгенін көрдік те, білдік. Соған қуандық. Өйткені мақала, хабар, толғамдары газетке күн құрғатпай жиі шығып тұрды. Сөйтіп, басқа әріптестерін де осындай еңбекқорлыққа, жедеқабылдыққа жетеледі. Әрине, мұндайлық тұлпар тегеурінге, қамшы салдырмас қабілет-қарымға ақындар мен батырлар елінің қызы бұған дейінгі қат-қабат өмір өткелектері мен жауапкершілігі мол, сындарлы іс-тәжірибелерінен өтіп, жеткен еді. Ол «Егемен Қазақстанға» Сүйінбай, Жамбыл елінің жарық жұлдызына, бүтін бір ауданның мақтанышына айналған шағында келіп, сол сүйінішті үрдісті әрі қарай сәтімен жалғастырған еді.
Бүгінде жалпы қаламгерлік пен журналистикаға өмірінің жарты ғасырдан астамын қайтпас өршілдікпен арнап келе жатқан, есімі елімізге белгілі Күмісжан Байжанның әсіресе балалық шақтағы тағдыр-талайы оңай болған жоқ. Тағдырлары талқылы әулеттің жалғыз қызы әлі есін де білмейтін екі жасында майдангер әкесінен айырылды. Ерлермен бірдей етікпен су кешіп, күнкөріс қамымен қой соңында салпақтаған Рысбала анасы зордан-зор тауқымет кеше жүріп өсірді. Үңгіртастағы мектеп-интернатта тәрбиеленіп, оқуын жақсы оқыды. Жан сырын айтып шешілетін бауыр, әпке-сіңлісі болмаса да, одан соң өрімдей 21 жасында аяулы анасынан айырылып, жалғыздық запыранын шексе де, сол қасиетімен, күмістей жан тазалығымен, тегінен дарыған өжеттігімен жетімдікті де жеңіп шықты.
Бала жастан алдына мақсат қоя білді. Оқушы кезінен-ақ кітап, газет, журнал оқуға құмарлығымен танылды, күнделік жазды, газеттерге шағын суреттеме, хабарлар жолдады. Ауылдастары: «Айналайын Күмісжанның мақаласы шығыпты!» деп қуанып, мерейге бөлейтін. Әсіресе, сынып жетекшісі Күләш апайы: «Күмісжан, сен өскенде журналист боласың. Осы бетіңнен тайма!» деп қайрап қояды. Тағдыр жолымыз, журналистикаға келу бағдарымыз ұқсас болғасын ба, сол бір қимас дәуренді біз де сағынышпен еске аламыз. Қарап отырсақ, Күмлекеңнің сыныбынан болашақ бес сөз зергері шығыпты: Нағашыбек Қапалбеков, Жұмабай Шаштайұлы, Молдахан Мұқатаев, Рафат Әбдіғұлов және өзі. Бәрі де біздің замандастарымыз, сыйлас достарымыз.
Осы мақсаткерлік Күмісжанды мектеп бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне алып келді. Университетті бітіре сала жаңадан ашылған Күрті аудандық «Шұғыла» газетіне жолдамамен жұмысқа орналасты. Ендігі жерде Қайыржан Бекқожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сынды ұлағатты ұстаздардан алған теориялық білім тәжірибелік тағылымға ұласты. Газет шығару жұмысы журналист мамандығының алуан қырларын кеңінен меңгеруге жол ашты. Иә, журналист жұмысы мақала жазумен ғана шектелмейді. Адамдармен сөйлесу, қажетті ақпарат ала білу, тақырып таңдау һәм оны талдау, қоғамдағы мәнді мәселелерді көре білу. Оған қоса редакция ішінің кілтипандары. Осының бәріне ұйымдастырушылық қабілет, ысылған мықты машық керек-тұғын. Ақшидегі Күрті газетінде өткен 14 жыл осындай журналистік, газетшілік тәжірибесін шыңдап, баспасөздегі қайраткерлікке төселдірді. «Шұғыланың» шырайын ашқан, кейінгі белгілі ақын-жазушылар Сәдуақас Бигелдиев, Айтуған Шәйімов, Нүсіпбай Әбдірахым, Жолбарыс Ысқақов, бас редактор Байбосын Жұматаев... Осылардың ішіндегі жалғыз әйел заты Күмісжан еді.
Қайраткерлігі мен қабілет-дарыны, толысқан тәжірибесі қосыла келгенде тосылдырмай, журналистер ұжымының басшысы деңгейіне көтерілді. Жаңа қызметі – бас редакторлық. Күмісжан Құдайбергенқызы 1986 жылдан бастап аттай жиырма жыл бойы Жамбыл аудандық газетін абыроймен басқарды. Алғырлығымен, батылдығымен, жаңашылдығымен танылды. Кезінде Шерхан Мұртаза ағамыз «Социалистік Қазақстан» атауын «Егемен Қазақстан» деп өзгертсе, боданшылдыққа қарсы, азат рухты Күмісжан Байжан аудандық газеттің «Екпінді еңбек» деген атын «Атамекен» деп ауыстырды. Бұл – Жетісу өңірінің тарихында алтын әріптермен жазылып қалар, ерлікпен парапар ерендік еді.
Бас редактордың батыл бастамашылдығымен «Атамекеннің» беттерінде ақындар мен батырлар елінің тыныс-тіршілігі, қордаланған көкейкесті мәселелері жазылды, тарихи-танымдық тақырыптар қозғалды, еңбек адамдары, толағай тұлғалар әспеттелді. «Атамекен» көпшіліктің сүйіп оқитын, күтіп отыратын газетіне айналды. Нарық қиындығы қыспаққа алған тоқсаныншы жылдары көптеген аудандық газеттер жабылып қалса, «Атамекен» бұл ауыр сынға төтеп берді. Әлбетте, бас редактордың беделінің, демеушілер тарта білген, заман ыңғайына икемделе білген қабілет-қарымының, жан-жүректегі жалынының арқасында.
Әрине, Күмісжан Байжанның редакторлық жолы ылғи даңғыл, көлденең кедергісіз, кедір-бұдырсыз, қиындықсыз болды деп айта алмаймыз. Өмірдің заңы да солай. Газетте сын мақалалардың шығуына, кейбір өздеріне қолайсыз өзекті тақырыптардың қозғалуына бәзбір басшылар тарапынан қарсылық жасалып, редакцияның ішкі ісіне араласу да орын алды. Міне, бас редактордың өжеттігі, байыптылығы осы кезде толайым көрініс тапты. Әлгіндей әдепсіз басшыларға әділетті жауабы беріліп, орындарына қойылды. Жайшылықта ұстамды болса да, сырттың қиянатына төзбейтін Күмкең редакцияның ішінде сыйластық, шығармашылық еркіндік ауанын орнатты. Ұжымы бір үйдің баласындай тілектестікте болды. Есенқұл Жақыпбеков, Рәтбек Терлікбаев, Манарбек Ізбасар сияқты белгілі дарын иелері жақсы әріптес, сенімді серік болды. Сонымен қатар бас редактор кейінгі толқын жас журналистер Серік Сатыбалдиев, Тұрсынжан Тоқтасынов, Ерік Амантаев, тағы басқаларына мейірімді де ақылман тәлімгер бола білді.
Атажұртында «Атамекенді» осылай аспандатқан Күмісжан Құдайбергенқызының қызмет бабында, шығармашылық өрлеу сатысында келесі көтерілген биігі еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» болуы заңдылық еді. Қаламының жүйріктігіне қоса, Күмкең осы жылдарда, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, елге қызмет ететін азаматтық ер мінездің иесі екендігін айғақтап көрсетті. Қаламынан туған дүниелері жұрттың кәдесіне асып, ел игілігіне айналып, алғыс арқалаудан жазбады. Осы арада есіме түсіп отыр, 2011 жылы ма екен, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы күндері өткізілді. Басшымыз Сауытбек Абдрахманов бас болып, бірнеше ауданды араладық, соңында Ұзынағашта оқырмандармен әдемі кездесу өтті. Бұл күндердің мазмұнды өтуіне облыс әкімі Серік Үмбетовтің мұқият көңіл бөлуі әсер еткенін де байқадық. Сөйтсек... Әкімнің өзі біздің Күмкеңнің сыныптасы екен. Бір басқосуда Серік Әбікенұлы: «Күмісжанды сыныптасым болғандықтан ғана емес, бастықсың ба, басқасың ба деп жалтақтамай, не нәрсені де бетке айтатын бірбеткей, турашыл мінезі үшін де сыйлаймын. Сынына ұшырап қалудан сақтанып жүремін. Күмісжанның бірауыз сөзі бізге заң. Сондықтан мақалаларында нұсқаған кемшіліктерді де тездетіп түзетуге тырысамыз. «Егемен» газетіне ертерек жазылып қоямыз» деп бәрімізді ду күлдіріп еді сонда. Әрине, әр әзілдің астарлы шындығы бар десек, мұндағы шындық – Күмкеңнің қайсар мінезі.
Абай хакім айтқандай, мінез – адамның сауыты. Журналист қаламгерлерге де өзіндік өзгеше мінез қажеттігін Күмісжан Құдайбергенқызы көрсетіп бергендей. Бұл – кейінгі толқын журналистерге үлгі, өнеге деп айтар едік. Еңбекқорлықтың, сол ізденімпаздықтың, ел-жұртына деген ізгі ілтипат пен терең сүйіспеншіліктің арқасында жиырмаға жуық кітабы жарық көрді. Ол кітаптардың «Жамбыл елінің жайсаңдары», «Көз ілмейтін көңіл», «Сөнбейтін сезім», «Дара жол», «Кие», «Туған жер тұмарың» деп келетін атауларының өзі бейнелі көркемдігімен ғажап сыр шертіп тұрғандай.
«Жамбыл елінің жайсаңдары» кітабында киелі топырақта дүниеге келген би, батыр, шешен, ақын бабалар туралы толғаныстарды зердеге тоқып, жадымызда жаттап, бүгінде еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан толағай тұлғалар мен танымал азаматтарды танып білеміз. Тақырып аясы бір кітапқа тарлық еткендіктен, Күмісжан Құдайбергенқызы көп ұзатпай, осы орайдағы жаңа туындысын жарқыратып ұсынған. Елін сүйген ереннің ісі. Айтулы қайраткер қаламгер, үш бірдей ұлық басылымның бас редакторы болған Уәлихан Қалижанның «Күмісжан – ауылымыздың, ауданымыздың, еліміздің жылнамашысы» деген дәлме-дәл бағасына келіспеске әддіміз жоқ. Ал көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлы Күмісжан Байжанның кітаптарын келешек ұрпаққа сыйлаған рухани мұрасы десе, бұдан артық қандай мадақ болмақ. Олай болса, баспасөздің абыз ақсақалы, облыстық «Жетісу» газетінің көп жылғы бас редакторы Баймолда Мұса ағатайымыздың кезінде Күмкеңе «Әй қайсар қыз-ай!» деп сүйсіне, таң-тамаша қалғанына да таңданудың реті жоқ сияқты.
Сол қайсар қыз қазір аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже. Салауатты жары Саламатпен бірге бақытты әулетті көктетіп, өркен жайғызған. Сонымен қатар, журналистік еңбегінің жемісі де молынан мәуеледі, көптеген марапатты иеленді. Әр жылдарда Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты атанды. Еңбек ардагері. Нешеме төсбелгілер. Жамбыл ауданының, Талдықорған қаласының, Алматы облысының құрметті азаматы. Құрмет пен абырой адамын тапқан деп осындайда айтар болар.
Бүгінде үш жиырма бестің сеңгіріне жетіп мерейгер болып отырған қайсар қаламгер зейнеттегі жылдарда да шығармашылық бейнеттен баз кешкен емес. Керісінше, үдемелете жазып, жүремелете жарияланып, көпшілік оқырманның үде, талабынан шығып жүр. Ел мен жер тарихын түгендеп, танымдық сипаттағы көркем эсселерін жалғастыра жазып келеді. Қаламнан төгілген жан-жүрегіңіздің сыр-толғанысы Алатау бұлақтарындай сылдырай берсін, күміс үнді Күмкем! Жетісу жәннат жерінің күміс күлкілі қызы, алда да Сүйінбай, Жамбыл елінің жарық жұлдызы болып жарқырай бергейсіз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ