Бүгінде адам капиталын дамыту – мемлекетімізді жаңғыртудағы басты бағдарлардың бірі. Қазіргі таңда мемлекеттік басқарудан бастап, жеке сектор мен қоғамдық өмірдің барлық саласында кәсібилік пен адалдық қағидатын ілгерілетудің маңызы артып келеді. Бұл – кейінгі жылдардағы еліміздегі өзгерістер аясында өзінің өзектілігін арттырып отырған мәселе.
Елімізде мемлекеттік басқаруда орын алып жатқан барлық өзгеріс Президент бастамашылық жасаған Әділетті Қазақстан идеясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Халықтың талап тілегіне құлақ асу мемлекеттік органдардың жұмысына қойылатын міндетті талапқа айналды. Мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті халық үніне құлақ асудан көрініс тапты. Президент айқындаған «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты бүгінде мемлекеттік қызметтегі өзгерістердің өзегіне айналып отыр.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», деген болатын.
Шын мәнінде жаңғыру үшін жаңа сападағы ұлт қалыптастыру мәселесінің күн тәртібіне шығуы – заңдылық. Өзгеріске деген сұраныстың артуы уақыт талабы. Өзгеріс – өмір заңы. Оның табиғаты – жаңару. Өзгерістің ақиқаты – оның тұрақты жүзеге асатындығында. Ежелгі грек ойшылы Гераклит айтқандай, «дүние ағып жатқан өзен секілді, ештеңе бір сәт те тоқтамайды». Бұл қағида бүгін де өзекті. Өзгеріс тек өзгеріс үшін ғана болмай нақты нәтижеге бастаса, оның сапалы өзгеріске айналғаны. Өзгерісті қалыптасқан қатынастарды бұзушы, түбегейлі қайта қалыптастырушы құбылыс ретінде біржақты түсінбей, оны адам өмірінің, көзқарасы мен дүниетанымының, қоғамдық сананың жаңа сапаға көтерілуімен өлшеген абзал. Әділетті Қазақстан құру идеясы – осындай сапалы өзгеріске ұмтылыстың бүгінгі айқын көрінісі.
Президент Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет екенін атап өтті. Әділетті Қазақстан және Адал азамат – бір-біріне етене жақын ұғымдар. «Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Адал азамат – ел тірегі, елдің арқа сүйері. Біз оны осылай түсінуіміз қажет. Адал азаматқа тән ең басты қасиет – жауапкершілік. Өзін азаматпын деп санайтын әр адамның мойнына Заң мен тәртіп қағидатын қатаң сақтау міндеті жүктеледі. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бұл – әр адамның отбасының, қоғамның, отанның алдындағы жауапкершілігі. «Ерден ердің несі артық? Елге қылған ісі артық» деп ақын Қадыр Мырза Әлі дөп айтқан.
Себебі қоғамда өмір сүргеннен кейін азаматтық міндеттер бар, сол міндеттен ешкім тыс қала алмайды. Жауапкершілікті өзгеге жүктемей әркімнің өз мойнына ала білуі маңызды. Ата-ананың, отбасының, жалпы қоғамның, қоршаған ортаның алдындағы адамның өз міндетін сезінуі азаматтық сананы қалыптастырады. Отан алдындағы міндетті сезіну мемлекеттік сананы тудырады. Отан алдындағы міндет – мемлекеттің, келер ұрпақтың ізгі болашағы үшін үлес қосу. Сондықтан азамат болуды міндет деп қараудың философиялық мәні терең. Олай болса, «Адал азамат» ұғымының мәні еселене түседі. Адалдық пен азаматтықты бірге алып жүру кемел ақыл-парасат пен жауапкершілікті талап етеді. Президент айқындаған Адал азамат – жаңа сападағы тұлғаға қойылатын талап. Әділетті Қазақстанды орнықтыратын осы жаңа сападағы тұлғалар. Адал азаматтардың қатары көбейсе, жаңа сападағы ұлтқа айналудың көкжиегі көрінбек. Мұның барлығын Президент қарапайым түсінікте «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бірауыз сөзбен сипаттауға болады», деп бейнелеп берді.
Жаңа сападағы мемлекеттік қызметшіні қалыптастыруда Мемлекет басшысы атап көрсеткен «Адал азамат» идеясы маңызды рөлге ие. «Адал азамат» жаңа кезеңнің мемлекеттік қызметшісі қандай болуы керек деген сұраққа берілген нақты әрі толымды жауап болды. «Адал азамат» идеясын ілгерілету – қоғамдық сананы өзгертуге жасалған қадам. Жаңа тұлғалық болмыс қалыптастыру әсіресе ақпараттық технологиялар аршындап қадам басқан қазіргі заманда өзінің өзектілігін барынша арттырып отыр.
Бұл орайда өзгерістерді сабақтастық үрдісі арқылы эволюциялық жолмен жүзеге асырудың мәні зор. Мәселен, ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары жаңа болмысқа сай адами тұлға қалыптастыруды басты мәселе санады. Себебі олар өзгерістерді жүзеге асыратын тұлғалар іздеді. Тарих көрсеткендей, ешбір қоғам өткен буынның ақыл-парасатынсыз ілгері басқан емес. Бірақ бүгінгі жаһандану заманындағы жаңа тұлғаға қойылатын талаптар әлдеқайда жоғары әрі жауапкершілік жүгі аса ауқымды екенін де ескеруіміз керек. Өйткені мемлекеттік қызметші тек кәсіби тұлға емес, ол – мемлекеттің айнасы. Сондықтан бүгінгі мемлекеттік қызметші заманның ең озық инновациялық әлеуетін бойына сіңіре отырып, мәдениет пен тарихты және руханиятты терең білуі керек. Әділдік пен адалдыққа деген ортақ құрмет, оған сенім – қоғамды біріктіретін күш екенін жете ұғынуы қажет. Себебі «Адал азамат» – өзгерістердің ел игілігі жолында жүзеге асуына мүдделі, кәсіби, жауапкершілікті тұлға.
Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы мемлекеттік қызметшілердің үлесі олардың кәсібилігі мен адалдығынан, елге ашық, шынайы қызмет етуге деген ұмтылысынан көрініс табуы қажет. Президенттің «Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады» деген тұжырымының мәнісі осында.
Қоғам қазір жылдам өзгеріп жатыр. Ақпарат – қолжетімді, азаматтардың талабы – жоғары. Мұндай жағдайда бұрынғыдай бюрократиялық тәсілдермен қызмет жасау мүмкін емес. Мемлекеттік қызметші енді озық технологияларды, жасанды интеллектіні меңгерген, креативті әрі жаңашыл ойлайтын тұлға болуға тиіс. Ол өзгерістердің алдында тұрып, олардың сапалы жүзеге асуына мүдделі болуы қажет. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бүгінде осындай жаңа форматтағы мамандарды тәрбиелеуді қолға алып жатыр. Бұл үшін ескі әдеттерден арылып, формализм мен имитацияға жол бермеудің нақты тетіктері енгізілуде.
Осы орайда ендігі жаңа кезеңде мемлекеттік қызметшіден отанға деген адалдық, ашықтық, клиентке бағдарлану, жауапкершілік және есептілік талап етіледі. Жаңа кезеңнің мемлекеттік қызметшісіне өзін-өзі ұдайы үздіксіз жетілдіріп отыру талабы қойылады. Ол өз ісін үнемі қадағалап, кемшіліктермен жұмыс істеуі керек. Хакім Абай айтқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын анықтаушы қасиеттер екенін ұғынуы қажет.
Кәсіби дағдылармен бірге адаммен тіл табысу, пікір алмаса білу, эмоцияны басқара білу сынды қабілеттерді дамыту да маңызды. Себебі мемлекеттік аппараттың басты міндеттерінің бірі – халықтың үніне, талап-тілегіне құлақ асу. Өйткені мемлекеттік қызмет – жеке пайда іздейтін орын емес. Бұл – халық алдында есепті болу. Президент атап өткендей: «Мемлекеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқының алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз».
Еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына арқа сүйеп отыр. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Мұндай талаптар «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасында ескерілді. Бұл жаңа заң жобасы қазіргідей тек еңбек қатынастарын, яғни мемлекеттік қызметке кіру, өткеру және оны тоқтату мәселелерін реттеумен шектелмейді. Ең бастысы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітуді көздейді.
Бұған қоса қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – ең өзекті міндеттердің бірі. Біздің басты мақсатымыз – сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу. Алайда нақты өзгеріске қол жеткізу үшін адалдық мәдениетін қалыптастыру қажет. Тағы да «Адал азаматқа» деген қажеттілік алдымыздан шығады. Менің ойымша, бәрі адамның ішкі мәдениетіне байланысты. Егер мемлекеттік қызметші жеке жауапкершіліктен жұрдай болып, әдеп қағидаттарын елемесе, онда оны тіпті қатаң жазаланамын деген үрей де тоқтата алмайды. Сондықтан Адалдық қағидатының біздің өміріміздің барлық саласына орнығуы ерекше маңызға ие. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Сыбайлас жемқорлықтың өзіне тән себептері мен алғышарттарын жоймайынша, бұл шаруа – жел диірменімен күресумен бірдей» деген сөзін қаперде ұстауымыз керек.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматта көрсетіледі. Бұл жылына шамамен 250 млн қызмет – қағазбастылықсыз, кезексіз, парақорлықсыз ашық түрде атқарылады деген сөз. Ашықтық бар жерде жемқорлыққа орын жоқ екенін көріп отырмыз.
Жасанды интеллектінің дамуы келешекте қоғамдық қатынастарды түбегейлі өзгертеді деп күтіліп отыр. Оны бүгіннен бастап түсініп білген елдер алға озбақ. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы – ертеңгі күнді бүгіннен ойлаудың көрінісі. Жолдауда айтылғандай, заманауи технологиялар болашақта шешуші рөл атқармақ. Жасанды интеллектінің дамуы мемлекеттік қызметке жаңаша серпін беруде. Қазіргі таңда Мемлекеттік басқару академиясында Жасанды интеллект зертханасы құрылып, Smart HR жүйесі іске қосылды. Бұл кадрларды әділ әрі тиімді іріктеуге және басқаруда ашықтықты арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Цифрлық трансформация басқаруда ашықтық пен тиімділікті арттырып, адалдық қағидаттарының орнығуына үлесін қосып жатыр.
Мемлекеттік секторда адам капиталын басқарудың бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға бағытталған осы цифрлық бастамалар алдағы уақытта да кадр саясатын жаңа сапаға көтере бермек. Бұған қоса жаңа сападағы тұлға қалыптастыруда елдің әрбір азаматының саналы таңдауы мен жауапкершілігі үйлесімді байланыс табуы қажет. Жаңа сапаға ұмтылыс – Қазақстанның қазіргі және болашақ өркенді істерінің берік негізі.
Осы тұрғыдан алғанда, «Адал азамат» – жай ғана тұжырымдама емес. Ол мемлекет пен ел мүддесіне адал қызмет ететін, моральдық және басқарушылық құндылықтар үйлесімін тапқан, өзгерістерді тиімді жүзеге асыра алатын, жауапкершілікті тұлғаның жаңа моделі. Ел қашанда осындай тұлғаларына арқа сүйемек. Олай болса, Адал азаматтардың көп болуы – мемлекетіміздің өркендеуінің кепілі.
Дархан ЖАЗЫҚБАЙ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы