Егемендік ел тағдырындағы ең қастерлі құндылық десек, еркіндік лебі ескен еңселі кезеңнің салмағын қуаттайтын құнды құжат қабылданған сәт тарихымызда алтын әріппен әдіптелгені шүбәсіз. Ғасырлап күткен асыл арман арнасын тапқан мерейлі мезетке бүгінгі күн биігінен көз тастағанда, сондағы әсер мерзімді баспасөздің сарғайған парағында сайрап жатыр. Бүгінгі мақаламызда тәуелсіздік қарсаңындағы уақыт ауанын, халық жүрегінің лүпілін тамыршыдай тап басқан газет-журнал беттерінен, тарихи оқиғаға куә болған, қызу үдерістің бел ортасынан табылған тұлғалардың естелігінен іздемекпіз.
«Қазақ КСР егемендігі туралы декларация» деп аталған тарихи құжат бірден қабылдана салмағаны аян. Оның төңірегінде өрбіген пікір қайшылығы толассыз еді. Оған дейін салтанат құрған кеңестік заңдардың құзыреті жойылып, еркіндік елес берген белес еді бұл. 35 жыл бұрын жарық көрген газет тігінділерін ақтара отырып, құнды құжат қабылданарға дейін қызу талқы өрбігенін, басылым беттерінде егемендік жолын мұрат тұтқан байыпты ойлар оқтын-оқтын қылаң бергенін аңдаймыз.
«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Халық кеңесі» газеттерінің тарихи құжат қабылданар қарсаңдағы, одан кейінгі бірер айда жарық көрген сандарын парақтай отырып, толыққанды тәуелсіз ел болуға табанды талпыныс жасалғанын айшықтайтын жарияланым аз болмағанын аңғарамыз.
Егемендік туралы декларация қорғаныс, сыртқы байланыс, ұлттық қауіпсіздік тақырыптарын бір ізге түсірді. Қазақстанның аумағы бөлінбейтін біртұтас мемлекет екенін, оның жер-суы, қазба байлықтары республика меншігіне айналғанын әйгіледі. Ресми құжат қабылданған тұстағы депутаттар тізіміне назар салсақ, Өзбекәлі Жәнібеков, Салық Зиманов, Әбіш Кекілбайұлы, Манаш Қозыбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Заманбек Нұрқаділов, Камал Смайылов, Сауық Тәкежанов, Мырзатай Жолдасбеков, Ұзақбай Қараманов, Серікболсын Әбділдин, Өмірбек Байгелдиев, Иманғали Тасмағамбетов, Оралбай Әбдікәрімов, Рәтбек Нысанбаев, Қуаныш Айтаханов, Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин, Жармахан Тұяқбаев, Шалбай Құлмаханов, Асқар Жұмаділдаев сынды ел ағаларын көруге болады. Баспасөзге үңіле отырып, олардың елдік мұратқа бағытталған ілкімді істен шет қалмағанын байқаймыз. Сессия күнделігінен хабар таратқан сол кезде «Социалистік Қазақстан» деп аталған газетіміздің парламенттегі тілшілері басылымның 1990 жылғы 26 қазандағы санында «Егемендік ел үміті еді» деген тақырыпта пікірлер топтамасын жариялапты. Онда Сұлтан Сартаев пен Қадыр Мырзалиевтің пікірлері берілген.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Заңгер Сұлтан Сартаев декларацияны әзірлеуде дамыған елдердің тәжірибесі ескерілгенін еске салып, замандастарына ғылыми негізде түсінік беруге тырысады. «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұртшылығы «ұлттық республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық қоғамға қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония, тағы басқа да көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын дәнеңе жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», деп азаттыққа жасалған қадамның берік іргетасына баланатын құжатта ұлттық мүдде алдыңғы орында тұруға тиіс екенін қадап айтады.
Ал Қадыр Мырзалиев декларация жобасының әр сөйлемі, тіптен әр сөзіне мән беріп талқыға салуы депутаттардың республика егемендігіне енжар қарамайтынының дәлелі екенін айта келіп, ел мұраты бәйгеге тігілген сындарлы уақытта орынсыз алауыздық туғызған кейбір әріптестерін сынға алады.
«Алайда кейбір елдігімізге, егемендігімізге пайдасы тие қоймайтын пікірлердің белең алуы кім-кімге де тиімді бола қоймас. Егемендік егеспен келмейді. Қайта ол біздің республикамыздағы барлық ұлттардың ынтымағы, бірлігі арқасында ғана келеді. Сонда ғана экономикасы, мәдениеті гүлденген елге айналамыз. Ел болашағын ойламай тек өзінің бүгінгісін ойлаған депутаттарға тоқтау салайық», дейді қаламгер.
«Қазақ КСР егемендігі туралы декларация» қабылданған 1990 жылдың 25 қазанында «Халық кеңесі» басылымына шағын сұхбат берген сол тұстағы Қазақ КСР халық депутаты әрі «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің редакторы Шерхан Мұртаза декларация төңірегінде өзін толғандырған мәселені ортаға салады.
«Толғандырып отырған – республикамыздың мемлекеттік егемендігі жөніндегі Декларация мәселесі. Ол жайында әртүрлі пікірлер айтылуда. Көкейге қонатындары да, қонбайтындары да бар. Дегенмен мені сыртта жүрген қазақ бауырларымыздың тағдыры қатты алаңдатады. Осыдан жарты ғасырдай бұрын өз туған жерінде теперіш көріп, зорлық-зомбылыққа, одан қалды ашаршылыққа шыдай алмай босып кеткендер қаншама?.. Кім-кімге де туған жердің жөні бөлек, олай болса, олар да өз атажұрттарына қайтуды аңсамай тұрмайды. Ендігі жерде, өз еріктерімен елімізге келем деушілерге ерік беру керек. Өйткені заман түзелді, еңсені көтеріп, іргелі ел болатын кез жетті. Сондықтан Декларацияға осы жөнінде бірер ауыз сөз енгізсе деймін», деп сырттағы қаракөздер көшінің елге бет түзеуін алғашқылардың бірі болып көтереді.
Бұдан сәл бұрынырақ, 1990 жылдың 31 шілде күні «Халық кеңесі» газетіне жарияланған Қазақстан Журналистер одағының басшысы, Қазақ КСР халық депутаты Камал Смайыловтың «Парламенттік парасат» мақаласында: «Қазіргі уақыттың бір айрықша сипаты – Қазақстанның өзіндік, еркіндік үні айқын естіле бастады. Бүгінгі басты мәселе – осы егемендікке, экономикалық және саяси дербестікке қол жеткізу. Бізде комбинаттар, кеніштер, зауыттардың – бәрінің де одақтық маңызы бар. Сонда олар түгел Одаққа қарай ма? Заңда бар қазына-байлық республиканың өз мүддесіне және Одақтың мүддесіне пайдаланылады делінген. Сонда қалай?» деп пайымды пікір айтады. Аталған басылымның 1990 жылғы 7 тамыздағы санында академик Әбдуәли Қайдаров «Тіл тағдыры өз қолымызда» деген атаумен мақала жазып, ана тіліміздің ертеңіне қатысты заң терең зерделеуді қажет ететінін, оның өзегінде мемлекет егемендігінің болашағы тұрғанын ескертеді.
«Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ана тіліміз нендей зобалаңды басынан кешірмеді. Сондықтан да біз Тіл туралы жаңа заңды талап еткенде ең алдымен аталған «тарихи сабақтың» қайталанбауын ескердік. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе тілеп, тас түйін болып бекінгенде, оны болашақ ұрпақ үшін сақтап қалудың бірден-бір кепілі деп түсіндік. Кеңес залдарында, басқа да қалың жұртшылық бас қосатын жерлерде, дүбірлі тойлар мен алқалы кеңестерде қазақ тілінің толық дауысы естіле бермейді. Жылдар бойы тынысы тарылып, әбден бұйығы болған ана тіліміз заң жүзінде мемлекеттік мәртебеге көтерілсе де, бұрынғы қалпында қалып отыр», деп өткір мәселе көтереді автор.
Сол секілді халық депутаттарының үнін бұқараға жеткізген басылымның дәп сол жылғы 28 тамыздағы санында «Дербестік» деген тақырыппен сұхбат берген Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы Ембі аудандық кеңесінің төрағасы Болат Еламанов халықтың өз байлығы өзіне бұйырса, ол үшін тәуелсіздік таңы тезірек атса деген рәуіште батыл сөз қозғайды.
«Экономикамызды тұйықтан алып шығуда егемендіктен басқа баламаны көріп отырған жоқпын. Егемендіктің керегі сол, ол болмайынша жоғарыға жалтақтай береміз», дей келе, иен байлықтың үстінде отырып қиын күн кешкен қараша мұңын ашына жеткізеді.
Жалпы, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды қайраткер тұлғалар әріптестерімен бас біріктіре отырып Декларация мәтінін әзірлегенін және осы құжатты асқан табандылықпен қорғап шыққанын жақсы білеміз. Қазақ елі өз тәуелсіздігі үшін жасалған маңызды қадамды жалпақ жұртқа жариялаған сәтті өз көзімен көрген сол кездегі «Халық кеңесі» газетінің қызметкері, ардагер журналист Марат Тоқашбаевтың өз аузынан естіген естелік тағдыршешті шақтың картинасын көз алдымызға әкелді.
«Ол кезде біздің редакцияның журналистеріне сессия мәжілістеріне депутаттармен бірге қатысып отыруға рұқсат етілетін. Сондықтан қол қалт еткенде ел үшін маңызды құжаттар талқыланып жатқан мәжіліс залынан табылуға тырысатынбыз. 25 қазан күні әйгілі заңгер, академик, депутат Салық Зиманов мінберде екі сағаттай тұрып декларация жобасын таныстырды. Жобаны талқылау кезінде төрт сағат аяғынан тік тұрып, берілген 50-ден астам сұраққа тағы да мүдіріссіз жауап берді. Сол кезде жасы жетпіске таяп қалған Салық аға бізге қолына найза алып майданда шайқасқан алып батырлардай елестейтін. Маңызды құжат 25 қазан күні 18:55-те қабылданды. Жоғарғы кеңесте 360 депутат болса, сол күнгі сессияға 281 депутат қатысты. 79 депутат түрлі сылтаумен бұл жиынға қатыспады. Мәскеуден сескенген болар. Қатысқан депутаттардың 561-і құжатты қолдады, 18 депутат қарсы болды, 2 депутат қалыс қалды. Қазіргідей компьютер жоқ. Санақ комиссиясының төрағасы Асқар Жұмаділдаев жанындағы көмекшілерімен бірге әрбір қолды бас-басына санап шыққаны есте. Сол сәтті халыққа бірден жеткізетін қазіргідей мүмкіндік болған жоқ. Мақалалар екі-үш күннен кейін жарық көріп жатты. Ең жедел құрал радио болатын, теледидардың эфирге шығатын уақыты – кешкі сағат 7. Осынау құжат бізге қанша жерден азаттық бергенімен, сыртқы және халықаралық саясат жүргізуде жеке пәрменіміз болмағанын айта кеткеніміз орынды. Дегенмен құжат 25 қазанда қабылданса да, оның БАҚ-та жариялануы үш күнге кешігуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Биліктегі Мәскеуге бас шұлғып келген кейбір коммунистер мұндай қадамға дайын болмағандығын осы фактінің өзі аңғартады. Бұл – қалай дегенде де тарихи күн. Ел билігі бірер жыл бұрын 13 жыл ұмыт болған мерекені Ұлттық мереке мәртебесінде елімізге қайтаруы – қазақ халқының көңілінен шыққан қадам болды», дейді М.Тоқашбаев.
Бастапқыда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінде Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның екі жобасы әзірленгені мәлім. Алғашқы ресми нұсқасы академик С.Зимановтың басшылығымен жасалса, балама деп аталатын екінші нұсқаға «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы (бастапқы құрамында Е.Ертісбаев, Б.Белик, М.Оспанов, П.Своик, Б.Қадырбеков) бастамашы болған. Жоғарыдағы кейбір пікірталас осы бағытта өрбігенін айта кеткеніміз жөн.
Мемлекет өміріндегі маңызды мезетте депутаттық мінберден табылған академик Ораз Баймұратов уақытында ел экономикасын ілгерілетуге қатысты өткір сауалдарды көтергенін еске алып, бүгінгі ұрпақ сол бір тарихи сәттің қадір-қасиетін жадында ұстап, зердесіне тоқуға тиіс деп есептейді.
«Егемендік туралы декларация қабылданғаннан кейін алдымызда үлкен міндеттер тұрды. Көптен армандаған, іске асыруға талпынған Декларацияның қабылдануына бейбіт түрде қол жеткіздік. Расын айту қажет, жұрт бұл жаңалыққа бөркін аспанға ата қуанып, көшеге шығып той-тойлады дей алмаймыз. 1986 жылғы Желтоқсанның қанды оқиғасына төрт-ақ жыл болған кез еді. Жұрт көңілінен күмән мен үрей сейілмеген шақ. Заман дауылы қалай құбыларын ешкім тап басып білген жоқ. Дегенмен зиялы қауым, көзі ашық зерделі азаматтар қапастың қара бұлты ыдырап, азат күннің жақын қалғанын сезді. Солардың ішінде өзім де болдым. Бүгінгі тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ұрпақ – бақытты ұрпақ. Қай ел, қай халық болсын, оның ең басты арманы – тәуелсіздікке жету. Тәңірден тәлейімізге бұйырған тәтті сыйдың бағасын төмендетпеуіміз керек», дейді О.Баймұратов.
1990 жылдың қазан айында «Социалистік Қазақстанда» жарияланған академик Досмұхамед Кішібековтің «Шын мәніндегі егемендік керек» мақаласы, араға күн салып белгілі ғалымдар Бабаш Әбілқасымов пен Сапарғали Омарбековтің «Егемендік алдымен тілге берілсін» деген өткір де өзекті пайымы, 1990 жылдың 27 қазанында «Лениншіл жас» басылымында «Егемендігіңмен!» деген атаумен басылған жылы лепес, аталған газет бетінде қазан айының басында жарияланған «Декларация туралы ойлар» атты Жапсарбай Қуанышевтың сүбелі жазбасы – сол бір тарихи кезеңнің жарқын естелігі. Декларация авторларының бірі Салық Зимановтың бірнеше баспасөз басылымында қатар басылған «Ерекше маңызды құжат» мақаласы Декларация барлық жағдай ескеріліп, парасатты пайыммен әзірленген құжат екенін баяндайды. Тіпті «Халық кеңесі» газетінде 1990 жылы қазан айында Орталық Азия республикалары басшыларының кездесуіне келген Өзбекстан Президенттік кеңесінің ұлтаралық қатынас жөніндегі комиссиясының кеңесшісі Артықбай Үкібаев пен Қырғызстан телерадио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Ұмтыл Оразованың тақырыпқа қатысты ойлары жарияланыпты. Бауырлас елдің өкілдері өз пікірінде ел мүддесі – егемендік екенін айтып, туысқан халықтардың бекем бірлігіне тілектестік танытқан.
АЛМАТЫ