Кітап – ақыл мен білімнің қайнар көзі. Астанада Республика күні қарсаңында жаңа кітапхана ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, мәслихат депутаттары, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері қатысты. Кітапхана Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайды.
Көркі көз тартатын жаңа кітапхананың заманауи оқу залы мен коворкингі, 3 мыңнан астам кітап қоры бар. Бір уақытта алты мың оқырманға қызмет көрсете алады. Университет пен мектепке, «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына жақын орналасқан бұл кітапханаға келушілер қарасы өте көп. Стилі де бөлек, кең əрі заманауи үлгіде салынған. Ең бастысы, оқырманға барлық жағдай жасалған, кітапты үйге алып оқуға да болады. Жаңа нысанның ішкі дизайны да жанға жылылық, миға тыныштық сыйлайды.
«Креативті кітапхана деп атап отырғанымыз бекер емес. Өйткені келешекте кітапханалар мен креативті индустрия өкілдері арасында байланыс орнатып, кітапхана кеңістігін зияткерлік платформаға айналдырсақ деген ойдамыз. Сонымен қатар мұнда оқу залы, арт-шеберханасы, пікірталас алаңы, шығармашылық шеберханалар сияқты функционалдық аймақтар жұмыс істейді», дейді Астана қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» басшысы Гүлбадан Мәдібаева.
Айта кетейік, елордада кітапхана жүйесін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Нақтырақ айтсақ, елордада 2023 жылы төрт кітапхана жөндеуден өтсе, былтыр тағы төрт нысан жаңғыртылып, төрт кітапхана пайдалануға берілді. Ал биыл үш кітапхана іске қосылып отыр. Сөйтіп, қазіргі уақытта Астана қаласында 25 кітапхана жұмыс істеп тұр.