Үш күнге созылған Digital Bridge 2025 форумы стартаптар үшін таптырмас алаңға айналды. Техно-жиын аясында әсіресе Silkway Accelerator бағдарламасының Demo Day іс-шарасы ауқымдылығымен ерекше есте қалды. Бұл жобаны Astana Hub пен Google for Startups халықаралық платформасы бірлесіп жүзеге асырып келеді, деп жазады Egemen.kz.
Сахнаға Орталық Азияның 11 стартабы шығып, өз жобаларын таныстырды. Олардың қатарында, Mirai Tech, Paidax, Gro.now, Tryverse, Daryn.online, Rosta, Steppe.ai, AVM.AI, Epsilon3.ai, Yume және Macdent бар. Әрбір команда акселерация барысында жеткен нақты нәтижелерін көрсетіп, алдағы уақытта халықаралық нарыққа шығу жолдарын айтты.
Түсіндіре кетейік, акселерация дегеніміз – стартаптарды жедел дамытуға арналған арнайы бағдарлама. Ол жас кәсіпкерлерге бизнес-модельді жетілдіруге, өнімді нарыққа шығаруға және инвесторлармен байланыс орнатуға көмектеседі. Әдетте акселерация барысында қатысушылар тәжірибелі менторлармен жұмыс істеп, маркетинг, қаржыландыру және технологиялық даму бойынша білім алады. Нәтижесінде стартаптар қысқа мерзімде өз жобаларын айтарлықтай ілгерілетіп, инвестиция тартуға мүмкіндік алады.
Іс-шара аясында бұрынғы қатысушылардың атсалысуымен өткен панельдік сессия да үлкен қызығушылық тудырды. CTOgram, Biometric Vision, Arlan Biotech, Biny, Epsilon3.ai және Steppe.ai сынды ауқымды стартаптардың өкілдері бизнесті кеңейту жолындағы тәжірибелерін бөлісті.
Silkway Accelerator бағдарламасы үш жыл ішінде Орталық Еуразиядағы жетекші акселераторлардың біріне айналды. Осы уақытта бағдарламаға 1300-ге жуық өтінім қабылданып, 62 стартап іріктеуден өтіп, толық акселерациядан сәтті өтті. Бағдарлама түлектері жалпы 28 миллион доллардан астам инвестиция тартып, олардың жиынтық нарықтық бағалауы 500 миллион доллардан асты. Жобалар географиясы Орталық Азия елдерінен бөлек, Грузия, Моңғолия және Әзербайжан нарықтарын да қамтыды.
Танымал түлектердің қатарында Citix, Zypl.ai, Arlan Biotech, NB Fit, UvU, ApartX, Biometric, ZebraEye және Alaqan сынды стартаптар бар.
«Silkway Accelerator – стартаптарға жаһандық менторлар мен инвесторлар желісіне жол ашады. Бағдарлама стартаптардың өнімін дамытуға және жобаны масштабтауға бағытталған. Алтыншы лектің қатысушыларына Astana Hub Ventures тарапынан инвестиция алу мүмкіндігі де қарастырылған», деді Astana Hub бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры Ербол Ахметов.
Айта кетерлігі, Қазақстан – Орталық Азияда Google for Startups серіктестігімен акселераторлық бағдарламаны жүзеге асырып отырған алғашқы мемлекет.
Жалпы, осы Digital Bridge 2025 жасанды интеллектіні әртүрлі салаларға енгізудің тиімді жолдары да талқыланды. Медицина, білім беру, ауылшаруашылығы және қоғамдық қауіпсіздік сияқты маңызды бағыттардың ілгерілеуіне цифрлық шешімдер үлкен септігін тигізеді дейді сарапшылар. Сондықтан техно-жиында бірнеше келіссөздер де жасалды.
Мәселен, Astana Hub жаһандық стартап-экожүйелерді зерттеумен айналысатын StartupBlink аналитикалық платформасымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Astana Hub Орталық Азиядағы үздік стартап-хаб мәртебесіне ие болды.
Бұл марапат Global Startup Ecosystem Index 2025 жаһандық рейтингінде Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында алғаш рет көш бастауының нәтижесі ретінде берілді. Құжат аясында тараптар стартап-экожүйені дамыту, тәжірибе алмасу, сондай-ақ қазақстандық технологиялық компанияларды жаһандық деңгейде ілгерілету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиевтің еліміздегі инновациялық экожүйені қалыптастыруға қосқан жеке үлесі де ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар форум аясында Astana Hub пен робототехника саласындағы әлемдік көшбасшы қытайлық UNITREE компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа UNITREE тең құрылтайшысы Чэнь Ли және Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев қол қойды. Астанада Alem AI жасанды интеллект орталығының базасында арнайы робототехника зертханасы ашылады. Меморандум жаңа білім беру және зерттеу бастамаларын, оқу курстарын әзірлеуді көздейді.
«Жасанды интеллект әлемді қалай өзгертуде және қандай AI-шешімдер қазір қолданыста?» деген тақырыпты көтерген Digital Bridge 2025 форумы 400-ден астам халықаралық және отандық спикерді, 100-ден аса инвестор, 200-ден астам IT-компания мен стартапты біріктірді. Барлығы 120-дан астам іс-шара өтті. Атап айтсақ, keynote-баяндамалар жасалып, панельдік пікірталас, питчинг-сессиялар ұйымдастырылды, жасанды интеллектінің мемлекеттік басқару, инвестиция, білім беру, медицина, мәдениет, экотехнология, биометрия және т.б. салалардағы қолданылуы талқыланды.
«Astana Нub» мәліметінше, қазір Қазақстан «электрондық үкіметті» дамыту бойынша әлемде 24-ші, онлайн қызметтер бойынша 10-шы орында тұр. 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бағдарламалары іске қосылған. Шамамен 500 мың адам жасанды интеллект негіздері, оның ішінде AI Qyzmet, AI Sana, Tomorrow school, QazCoders сияқты бағдарламалар бойынша білім алып жатыр.