Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында демографиялық үдерістерді талдап, болжайтын орталық құруды тапсырған еді. Бүгінде мұндай орталық жеделғабыл ашылып, мамандар жұмысқа кірісіп те кетті.
Жыл өткен сайын ауылдан қалаға көшкен ағайынның қатары артып келеді. Қаламен қатар аудан орталығына жақын ірі ауылдар көркейіп, дамып жатыр. Тек шалғайда түтінін түтетіп отырған малшылардың қонысы жылдан-жылға сиреп, ауылдар кішірейіп, азайып барады. Оның бірден-бір себебі қараусыз қалған ауылдарда инфрақұрылым, мектеп, балабақша, жарық, жылу, жол немесе интернеттің жоқтығы. Ғылым-білім, технология дамыған заманда өркениеттен алыстап, жалғыздан-жалғыз күн кешуге екінің-бірінің жүрегі дауалай бермейді.
Демографтардың айтуынша, урбанизация дамушы елдерде қалыпты құбылыс саналады. Сондықтан қалалар, мегаполистер урбанизация үрдісіне дайын болуға тиіс. Ал жойылудың алдындағы ауылдарды сақтап қаламыз десек, инфрақұрылымды реттеп, ондағы ағайынға қолдау көрсетпесе болмайды. 1930 жылдары әлемде урбанизация 30% шамасында болса, қазір 57%-дан асып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына назар салсақ, 2050 жылға қарай урбанизация 70%-ды шамалайды. Сол қарқынмен бізде де урбанизация жеделдеп барады. Салдарынан кейбір қала мен ауыл халқының тұрғындары тұйыққа тірелген сәттер көп. Айталық, жастар жағы қалаға көшкен ауылдарда маман тапшылығы байқалады. Қалаларда сұраныстың көптігінен тұрғын үй бағасы өсіп барады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды. Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау, басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керек», деп атап өтті.
Мақаланың басында сөз еткен орталық Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан ашылды. Орталық қазір болып жатқан демографиялық сын-қатерлерге дер кезінде қамдануға мүмкіндік береді. Әрі елдің ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруға көмектеседі. Жоғары динамикамен өзгеріп жатқан қазіргі жағдайда орталық демографиялық үрдістерді терең зерттеп, мемлекеттік саясатты ғылыми тұрғыдан негіздеуге ықпал ететін басты талдау алаңына айналады. Орталықтың мақсат-мұраты туралы ақпаратты агенттік жанынан құрылған Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаевадан сұрап білдік.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
– Орталық ашудағы басты міндеттердің бірі – демографиялық, көші-қон, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді біріктіретін бірыңғай деректер базасын қалыптастыру және қолдау. Сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарына арналған талдамалық материалдар мен ұсынымдар дайындауда осындай жедел орталықтың деректері аса маңызды. Сонымен қатар орталық еліміздегі демографиялық ахуал туралы ұлттық баяндамалар шығаратын болады. Қазір біз өз қызметімізде демография, оған жақын салаларда жұмыс істейтін отандық, шетелдік ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз ынтымақтастық орната бастадық, – дейді А.Сағынбаева.
Орталықта талдауға қажетті деректер түрлі көздерден жиналады. Оның ішінде ресми статистикалар, мемлекеттік органдардың әкімшілік деректері, балама ақпарат көздері қаперге алынады. Әлбетте, басты назарда Ұлттық статистика бюросының деректері тұрады. А.Сағынбаева орталықта талдау сапасын арттыру мақсатында халықаралық статистика, зерттеу базаларымен тығыз жұмыс істеуге ниет етіп отырғанын айтты. Өңделетін ақпарат көлемін ескере отырып, орталық Big Data технологияларын, жасанды интеллектіні қолданады. Бағдарламалық қамтамасыз етуді таңдауда халықаралық тәжірибеде сыналған шешімдерге басымдық беріледі. Бұл тәсіл бюджеттің шығындарын азайтуға немесе мүлде шығын шығармауға мүмкіндік тудырады.
– Орталыққа демография, әлеуметтану, экономика, урбанистика салаларындағы үздік отандық мамандар, сондай-ақ деректерді талдаушылар тартылады. Қазірдің өзінде орталықтың мамандары демографиялық үдерістерді болжаудың көпдеңгейлі жүйесінің әдістемесін әзірлеуге кірісті. Алғашқы талдау бағыттары бойынша жұмыс басталып кетті. Алайда нақты нәтиже алуға біраз уақыт қажет. Демографиялық болжам жасау – күрделі әрі көп еңбекті талап ететін жұмыс. Ол түрлі модельдерді сынақтан өткізуді қажет етеді. Орталықтағы тіршілік енді басталғандықтан, алғашқы қорытындылар барлық ұйымдастыру кезеңдері толық аяқталғаннан кейін ғана ұсынылады, – дейді А.Сағынбаева.
Жалпы, орталық базасында жиналған деректер кейін мемлекеттік органдарға ұсынылады. Яғни министрлік, жергілікті әкімдіктер, басқа да құрылымдар демографиялық ахуалды бақылауға орталық мәліметтерін пайдаланады. Ең бастысы, сенімді талдамалық база қалыптастыру. Жоспарға сәйкес, орталық демографиялық болжамдарды тұрақты түрде әзірлеп, қажет болған жағдайда жаңартып отырады.
Экономикалық зерттеулер институты Сараптама орталығы директорының орынбасары Айдана Байқанованың айтуынша, қазір еліміздің өңірлері мен қалаларындағы инфрақұрылым, урбанизация, жұмыссыздық деңгейі өзара тығыз байланысты мәселелер. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы еліміздегі халық саны 20,2 млн адамға жетті, оның 63%-ы қалаларда, 37%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Демек, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылуы уақыт талабынан туған қажеттілік болып отыр.
– Демография – мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, аумақтық даму саясатының негізі. Елде халық саны өсіп жатыр. Бірақ оның өсу қарқыны өңірлерде бірдей емес. Урбанизация жедел жүріп жатыр. Ішкі, сыртқы көші-қон үрдістері еңбек нарығына, инфрақұрылымға, әлеуметтік теңгерімге әсер етіп отыр. Бүгінге дейін демографиялық жоспарлау көбіне өткен статистикаға сүйеніп жүргізілді. Қазіргі жағдайда бұл жеткіліксіз. Болжам жасау, алдын ала шешім қабылдау үшін үлкен деректерді, цифрлық талдауды, жасанды интеллектіні қолдану қажет болды. Сондықтан арнайы құрылған Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы ұзақмерзімді ұлттық дамуды жоспарлауға, өңірлік саясатты жетілдіруге, әлеуметтік-экономикалық теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Деректерді басшылыққа алып, дұрыс шешім қабылдасақ, урбанизацияның кері әсерін азайтуға болады, – дейді А.Байқанова.
Орталықтың миссиясы тек болжам жасаумен шектелмейді. Ол сондай-ақ демографиялық өзгерістердің себеп-салдарын терең түсінуге мүмкіндік береді. Бұл – сараптаманы нақты саясатқа айналдыратын алаң. Яғни зерттеулердің нәтижесі зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, өңірлік даму сияқты бағыттарда тиімді саясат қалыптастыруға себепші болады. Сонымен қатар орталық басшылығы БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры, Халықаралық көші-қон ұйымы, Балалар қоры, Әйелдер қоры, Даму бағдарламасы, демография мен көші-қон саласындағы жетекші шетелдік ғылыми институттармен байланыс орнату арқылы халықаралық үздік тәжірибелерді енгізуді көздеп отыр. Сайып келгенде, мұның барлығы демографиялық үдерістерді талдап, болжау арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған қадам.