• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Көпшілік көзайымына айналған кубок

20 рет
көрсетілді

25–29 қазан аралығында Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде үстел теннисінен Президенттің бірінші Ашық кубогі өтті. Турнирге 14 елден 300-ден астам спортшы қатыс­ты. Олардың қатарында әлемдік рей­тингтің топ – 100-дігіне енетін ойыншылар да өнер көрсетті. Жалпы жүлде қоры 115 000 долларды құрады.

Турнирдің ашылу салтанатына Премьер-министр Олжас Бектенов, Халық­аралық үстел теннисі федера­циясының (ITTF) Бас хатшысы Рауль Калин, «Nomad Table Tennis Academy» үстел теннисі акаде­миясының негізін қалаушы Медеу Нұрасыл қатысты.

Үстел теннисі – жылдамдық, ептілік, шапшаң ойлау қабілетін дамытатын танымал спорт түрі. Кейінгі жылдары бұл ойын елі­мізде кеңінен қанат жайып, бұқаралық, кәсіби деңгейде дамып келеді. Ел көлемінде үстел теннисімен айналысатын секциялар саны артты. Облыстық, қалалық спорт мектептерінде балалар мен жасөспірімдерге арналған үйірмелер көптеп ашылып жатыр. Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда заманауи үстел теннисі орталықтары жұмыс істейді. Еліміздің спортшылары түрлі әлемдік, халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі оралып жүр. Спортшыларға қолдау ретінде ұлттық құраманың базасы барынша нығайтылып жатыр.

Үстел теннисінің жаңа сатыға көтерілуінің жарқын бір көрі­нісі – еліміз 2024 жылы алғаш рет Азия чемпионатын қабылда­ды. 2027 жылғы ересектер арасын­дағы әлем чемпионатын өткізу мәр­те­бесіне ие болды. Мұның бәрі Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырғанының арқасы. Бүгінде үстел теннисі­мен 260 мыңнан аса адам жүйелі түрде шұғылданады. Салада 10 мыңнан аса кәсіби спортшы, 400-дей жаттықтырушы еңбек етеді. 20 өңірдегі федерация тұрақты жұмыс істеп тұр, 12 заманауи үстел теннис орталығы бар.

Турнирдің соңғы күні үстел теннисінің әлемдік жұлдыздары – 2 дүркін Олимпиада чемпио­ны, 10 дүркін әлем чемпионы Сюй Синь (Қытай), әлем чемпио­ны Фан Бо (Қытай), әлем чем­пионы Вернер Шлагер (Аустрия), әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Джу Се Хёктің (Корея) қатысуымен шоу-матч ұйым­дастырылды. Бұл кезде­сулерді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев арнайы барып тамашалады.

Ауқымды іс-шараны Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан үстел теннисі федерациясының қолдауымен «Nomad» академиясы ұйымдастырды. «Aspan Holdings, VD Stroy Engineering» компаниялары демеушілік етті. Турнир бұрын-соңды бол­маған жүлде қорымен тарихта қалды. Жеткіншек жеңімпаз­дардың өзі тұңғыш рет 5 000 долларына, күміс жүл­дегерлер 2 500 долларға, қола жүлдегерлер 1 500 долларға ие болды.

–  Әлемнің маңдайалды шебер­лерінің арнайы келуі турнирді нағыз мерекеге айналдырды. Халықаралық жарыс «Nomad Table Tennis» академиясының елімізде үстел теннисін бұқаралық спортқа айналдыру жолында жасаған алғашқы қадамы болды, – деді академия директоры Руслан Жетібаев.

– Ұйымдастыру комитетінің кәсіби деңгейін ерекше атап өткім келеді. Жарыстың әрбір бөлшегіне дейін мұқият ойластырылған. Үстел теннисінде Азияның үлесі басым, сол орайда Қазақстан да теннис державасы ретінде өз тұғырын бекіте түсті, – деді Халықаралық үстел теннисі федерациясының Бас хатшысы Рауль Калин.

Тартысты турнирдің әр күні үлкен-кіші спортшылардың өнерін, шеберлігін паш еткен көр­кем көріністерге, қызықты сәттерге толы болды. Тамашалау­ға келген барша жанкүйерге ұмытылмас көңіл күй, ерекше әсер сыйлады.