Халықаралық архивтер кеңесі (МСА) Бас ассамблеясының президенті Жозе Кирпс «ICA Barcelona 2025» Конгресі аясында өткен жиында Қазақстан Республикасы Президенті архивінің стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Биыл жазда ICA президенті Жозе Кирпс ресми сапармен Астана қаласына келіп, Президент архивінің қызметімен танысқан еді. Сапар барысында ол жас мамандармен кездесіп, цифрлық трансформация дәуіріндегі архив ісінің даму бағыттарын талқылап, Қазақстанның архив қорларын цифрландыру және тарихи құжаттарға қоғамның қолжетімділігін арттыру жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударған болатын.
Жозе Кирпс халықаралық жиында сол сапары туралы сөз қозғап, бұл кездесу архив ісін дамытуға үлес қосатын мекемелермен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғанын жеткізді.
«Бұл іс-шаралар МСА-ның стратегиялық миссиясын күшейтіп, архивтердің халықаралық беделін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ әлем архившілерінің кәсіби шеберлігі мен өз ісіне адалдығы туралы түсінікті кеңейтті», деді Жозе Кирпс.
Сонымен қатар МСА президенті кейінгі бір жылдағы жұмыс нәтижелерін де баяндады.
«Біздің мақсатымыз – ICA-ны заманауи, нәтижеге бағытталған және мүшелеріне нақты қолдау көрсететін ұйымға айналдыру. Бұл бағытта ұйым мүшелерінің ынтымақтастығын күшейтіп, олардың белсенді қатысуына жағдай жасап жатырмыз», деді ол.
МСА президенті ұйымның жылдық жұмысы туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Биылғы отырыста 30-ға жуық мәселе қаралды.
Сондай-ақ Испанияның Барселона қаласында өтіп жатқан Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) «Knowing Pasts, Creating Futures» тақырыбындағы іс-шарасы аясында «Архив ісіндегі жасанды интеллектінің рөлі» тақырыбы талқыланды. Аталған сессияны Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Әлия Мұстафина жүргізді. Оған Қытай, АҚШ, Колумбия, Нигерия және Қазақстаннан барған жетекші сарапшылар қатысып, өз тәжірибелерін бөлісіп, зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Талқылау барысында қатысушылар жасанды интеллектінің архив ісіне және архивтік мұраны сақтауға әсері туралы пікір алмасты. Сондай-ақ ЖИ технологияларын құжат айналымы мен архив саласына енгізу кезінде туындайтын кәсіби және этикалық мәселелер де сөз болды. Онда ЖИ-дің архив мамандарының болмысына ықпалы, генеративті технологиялардың экологиялық салдары, дамушы елдердегі архившілердің цифрлық өзгерістерге дайындығы және машиналық оқытудың архивтік құжаттарды сақтау әлеуеті сияқты өзекті тақырыптар қамтылды.
Әлия Мұстафина Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Бұл технология мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың және тарихи мұраны ұзақ мерзімге сақтаудың маңызды тетігіне айналып келе жатқанын айтты.
«Архив саласы кәсіби тұрғыдан алғанда технологияны қазір серіктес деп қабылдайтын уақытқа жетті. Біздің міндетіміз – жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданып, тиімді жұмыс істеу. Ең бастысы, тарихи жады мен адами құндылықтарға құрметпен қарауды ұмытпауымыз керек. Біз ICA Конгресі сияқты халықаралық форумдарға қатысу арқылы әлемдік тәжірибені меңгеріп қана қоймай, өз ұстанымымызды білдіреміз әрі кәсіби байланыстарды нығайтамыз», деді Әлия Мұстафина.
Сессияға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам маман қатысты. Қорытындысында қатысушылар жасанды интеллект адамды алмастырмайтынын, бірақ оның жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві 2023 жылдың ақпан айынан бастап Халықаралық архивтер кеңесінің толыққанды мүшесі. Архив шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатып, отандық тәжірибені әлемдік қауымдастыққа таныстырып келеді.