• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Денсаулық Кеше

Айрықша балаға қолдау көрсетеді

30 рет
көрсетілді

Аутизм ауруы – жүйке дамуының бұзылуы, аса күрделі, әлі генетика тұрғысынан да, психология тұрғысынан да толықтай зерттелмеген күлбілтелі тақырып. Бүгінде бұл құбылыс халық арасында кеңінен танылып, оған себеп ретінде бір тарап оны генетикалық ауру ретінде сипаттаса, екінші бірі мұны адамның ішкі жай-күйімен байланыстырып, ахуал ретінде қабылдайды. Кейінгі кезде аутизм қоғамда жиі сөз болып, көп қозғалатын мәселенің біріне айналды.

«Аутизм генетикалық сырқат па, әлде ахуал ма?» деген сұраққа дұрыс жауап беру үшін алдымен аталған құбылысты толықтай зерттеп, оның белгілерін айқындап алу, нақты емін табу қажет. Қалай дегенмен де, аутизм – қалыпты жай-күйден ауытқу, ми, жүйке жүйесіндегі қайтарымсыз үдерістердің қабаттаса орын алуы. Сол себептен де ауруды ерте кезінде анықтап, оған қажетті ем табу, қолдану сырқатқа ұшыраған адамдардың қалыпты өмірге, қоғамдық қатынастарға белсене араласуға деген мүмкіндіктерін арттырады.

Аутизммен ауыратын балалар қор­шаған ортадан оқшау болады, өзі ойлап тапқан әлемде өмір сүреді, өзгерістерден қорқады, бір жасаған іс-әрекетін қайталап отыра береді, атап шақырғанды елемейді, белгілі бір затқа ден қойып қарамайды, зеректігі өте төмен болады. Дегенмен аутизм ауруына шалдыққан балалардың барлығы қоршаған ортадан алшақ, мүлдем ынтасыз деп айта алмасақ керек. Себебі аутизм ауруы әр балада әрқилы дамиды. Бір баланың қоршаған ортаның белсенді мүшесі болуы мүмкіндігі жоғары, ал екінші бір бала ерекше күтім мен қарауды қажет етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, аутизм – кішкентай балалардың ми қызметінің бұзылуы салдарынан айналадағы адамдармен қарым-қатынасқа, байланысқа түсу қиыншылықтарын тудыратын психикалық ауытқу. Негізінен мұны ауру деп айту қиын, бұл – психикалық дамудың бұзылуы. Бала миына келіп түскен ақпараттарды қабылдамайды. Себебі миының сенсорлы жүйелері дұрыс жетілмеген.

Жалпы, аутизм 2-3 жасқа дейінгі балаларда анықталады. 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларда кездесетін аутизм белгілері: әлеуметтік әсерлесуі төмен, әлсін немесе мүлде жоқ, сөйлесу кезінде тек ым-ишаралар арқылы сөйлеседі, жиі сөздерді қажет етпейді, ата-анасына немесе басқа да оны алмастыратын адамдарға бауыр басу, исіну, күлу, физикалық белсенділік болмайды; көзбен кездесу аз немесе мүлде жоқ; ойындарға қызығушылық жоқ; дене, дыбыс, жарық әсерлеріне жоғары сезімталдық, мәселен қатты қорқу, үрейлену, айқайлау немесе керісінше бір іс-әрекетті қайталауды сұрау; бала сөйлемейді, қандай да бір дыбыстар шығармайды.

Аутизм белгілері 3 жасқа дейін айқын байқалады. Әдетте ер балаларда жиі кездеседі. Құрдастарымен салыстырғанда кеш дамып, әлі сөйлемейтіні байқалады. Алғашында керең секілді көрінуі мүмкін. Кейде сөйлей бастайды, бірақ біраз шамалы өтісімен сөйлеу қабілетін қайта жоғалтады. Күнделікті қылықтары қайталанады, бір ойыншықпен, жалғыз ойнап отыра береді. Тіпті ойыншықтың тек бір бөлігімен ғана ойнауы мүмкін. Күнделікті қайталанатын тәртіптің өзге­руін өте қиын қабылдайды. Көзге тіке қарамауы да мүмкін. Осы белгілер баладан байқалса тез арада психологтердің көмегіне жүгінген жөн.

«Алтын ұя-Еркеле» орталығы осындай диагноздағы ерекше балаларға тегін көмек қолын созу мақсатында ашыл­ған. Қайырымдылық үйінің іргетасы 2021 жылы Астана қаласында «Ерке» балабақшасында қаланды. Төрт түзету кабинетімен бастау алған ұжым бүгінде жеке бір орталық болып отыр. 2022 жылдан бастап ата-аналар мен балдырғандарға Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен тегін қызметтер көрсетілді. Бастапқыда 15 баламен бастаған орталық бір жыл көлемінде 120 шақты балаға қызмет көрсетті. Бұл жылдары орталықта аутизм дертіне шалдыққан балаларға психологпен түзету жұмыстары, АВА терапиясы, Floortime ойыны, Йога сынды тегін қызмет түрлері көрсетілді. Ата-аналармен тегін психологиялық кеңестер, тренинг жұмыстары да жүргізілді. Бір бала аптасына екі рет, екі сағаттан түзету-дамыту жұмыстарына келіп жүрді. Оның ішінде АВА терапия­сы 1 сағат, Floortime ойыны 30 минут, Йога 30 минутты құрады.

2023 жылғы 5 сәуірде «Алтын ұя-Еркеленің» жаңа орталығы ашылды. Оның жүзеге асуына көптеген жанашыр жандар көмек қолын созды. Қазіргі орталық 300 баламен жұмыс жүргізуге арналған, жоғарыда аталған терапия түрлеріне жаңадан Адаптивті дене шынықтыру (АФК), Арт терапия­сы қосылды. Аутист балаға ең үлкен көмек – аутизмді ерте жасында анықтау. Аутизмді ерте диагностикалау аутизм диагнозы қойылған баланың қоршаған ортаға тез арада бейімделіп кетуіне алғышарт болады. Сол себептен де бүгінде педиатр­лар, психиатр дәрігерлер аутизмді ерте диагностикалау мәселесімен айналысып жатыр. Қазірде аутизм дертіне шалдыққан адамдар оқу орындарын сәтті аяқтап, қалаған жұмыстарына тұрып, ұнаған істерімен айналысып жүр. Бұл адамдардың қоғам өміріне белсенді араласып кетуіне то­лықтай мүмкіндік бар. Осылайша, аутизм­мен ауыратын адамдарға қоршаған орта, жақындары, достары тарапынан оларға деген сенім, сүйіспеншілік, қолдау ғана қажет. Аутизм үкім емес, аутизммен ауы­ратын адамдар да қоғамда өз орнын тауып, бақытты ғұмыр кеше алады. Осы жолды жеңілдету, оларға көмек қолын созу – баршаның ортақ парызы.

«Алтын ұя-Еркеле» орталығында балаларға АВА, құм терапиясы, Арт терапия, жазу жұмыстары, логомассаж, «Floortime» әдістемесі, тыныс алу, дыбысты қою, айту, сөйлеу тілін дамыту жаттығулары, логопед-дефектологпен, психологпен жұмыс, йога, Сенсорлық интеграция сынды қызмет түрлері көрсетіледі. Осы терапиялар мен әдістерді пайдалана отырып, балаларға жас ерекшелігіне сәйкес түзету-дамыту жұмыстары тегін жүргізіледі.

 

Айнұр СОЛОТОВА,

«Алтын ұя-Еркеле» аутизм орталығының директоры