• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Кеше

Жастарды улауға жол берілмейді

20 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиев жыл басынан бері полиция 770 кг есірткі тәркілегенін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш – былтырғыдан артық. Биылғы 9 айда есірткіге қатысты 214 қылмыс тіркелген болса, былтыр бұл сан 187 болған еді. Тіркелген қылмыстардың 100-ден астамы – сату фактілері.

«Жұлынқұрттың» жастар арасында жайы­лып бара жатқаны белгілі болып отыр. Жеңіл ақша табуды көксеген жастар есірткіні өзі қол­данбаса да зип-қалташаларға бөлгені үшін ғана бірнеше жыл өмірін қапаста өткізуге мәж­бүр­ болады. Өйткені заңға сәйкес, бұл – ауыр қылмыс.

Облыста 9 айда ғана ірі көлемде есірткіні жасыру фактілері 7 рет ашылды. Сондай-ақ 7 рет контрабандалық жолмен облыс аумағына өткізілген есірткі трафигі анықталған. Есірткіні жарнамалағаны үшін 4 рет қыл­мыстық іс қозғалған.

Осы мерзім ішінде облыс­тың есірткіге қарсы күрес басқарма­сының қызметкерлері 10 фитонаркозертхананы әшкерелеп, шамамен 800 кило есірткі құралдарын тәркілеген. Оның ішінде 5 килоға жуық синтетикалық есірткі және 700 килодан астам марихуана бар.

Есірткіге қарсы күресте облыс пинкертондары өңірге есірткі жеткізетін 7 арнаны анықтап, жолын кесті. Мәселен, 7 сәуірде қалаға кіреберісте «Daewoo Nexia» автокөлігі тоқтатылып, оны жүргізген 26 жастағы астаналық тұрғыннан жарты килоға жуық синтетикалық есірткі табылды. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ Петропавл қаласына 20 қыр­күйекте келген 22 жастағы Астана тұрғынынан ерекше ірі көлемдегі психотроптық заттар табылды. Тәркілеу барысында оның маши­насынан мефедронның аналогі бар 34 түйін­шек табылды. Сонымен қатар жалдамалы пәте­рінен тағы 60 түйіншек шықты. Барлығы 104 грамм болған осынау синтетикалық есірткі жүз­деген «қалташа» түрінде таратылуы мүм­кін еді. Жедел ұстаудың нәтижесінде ғана қала аума­ғында есірткінің кең таралуына жол берілмеді.

Жуырда осы жылдың басында ұсталған Петропавлдың 32 жастағы тұрғынына сот болып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол интернет арқылы жасалған «жеңіл табыс» табудың жолдары туралы хабарландыруға қызығып, синтетикалық есірткі сатумен айналысатын онлайн-дүкендердің бірінде «ораушы» болып жұмыс істей бастаған. Кураторының тапсырмасымен ол жасырынған жерлердегі ірі көлемдегі есірт­кілерді уақтап, нашақорларға сату үшін зип-қалташаларға бөліп отырған. Кураторы мұндай істі қауіпсіз деп ұқтырған. Алайда 32 жастағы азамат есірткімен байланысты істің бәрі қылмыс екенін білмей қалуы мүмкін емес-ті. Ақырында ол Петропавлдың шеткі аймақтарының бірінде ұсталды. Жалдамалы пәтерінен жедел уәкілдер 200 грамнан аса мефедрон және α-PvP заты бар пакеттерді тәркіледі. Сонымен қатар күдіктіге арналған жасырын қоймадан жарты килодан аса синтетикалық есірткі табылды. Бұл жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәркіленген синтетикалық есірткінің ең ірі партияларының бірі болды.

Жыл басынан бері СҚО-да есірткі сату күдігімен 40-тан аса адам ұсталды, олардың 36-сы – 25 жасқа дейінгі жастар. Ерекше ірі көлемде есірткі сату 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Қазір полицейлер студенттер мен жоғары сынып оқушылары арасында тұрақты түрде про­филактикалық жұмыстар жүр­гізіп келеді. 40 мыңнан аса жасөспірімдер мен студенттер 700-ден аса ақпараттық, спорттық және креативті іс-шараларға қатысты.

 

ПЕТРОПАВЛ