Қызылорда облысында 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп жазады Egemen.kz.
Есірткі өсіру фактілерін анықтап, жасырын егістіктер мен плантацияларды жоюға бағытталған іс-шара аясында 47 адам құрықталып, оның 24-і қамаққа алынды.
Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаевтың айтуынша әскери тікұшақпен 26 мәрте әуеден шолу жүргізіліп, есірткі өсірудің 20 дерегі анықталған. Мобильді бекеттерде қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен есірткіге қатысты 31 дерек тіркелді.
«Жалпы 10 345 түп сора өсімдігі анықталып, қыркүйек, қазан айларына дейін пісіп-жетілгенінде әр түптен шамамен 500 грамнан есептегенде 5 тоннаға жуық марихуананың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Осылайша мыңдаған азаматтардың денсаулығы мен отбасылардың тағдыры қорғалды. Іс-шара аяқталғанымен бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады», дейді департамент бастығының бірінші орынбасары.