Жаһандық климаттың өзгеруі және парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелер жағдайында карбонды егіншілік аграрлық секторды дамытудың стратегиялық бағытына айналып келеді, деп жазады Egemen.kz.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында еліміздегі алғашқы агроклиматтық «KAZ AGRO CARBON» карбон полигонын ашты. Полигон А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында орналасқан. Бұл игі іске ресейлік серіктес ретінде Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығы да қатысып жатыр.
Бір айта кетерлігі, полигон типтік агроландшафттық аумақта орналасып, экожүйелердің жағдайын жыл бойы бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағынын өлшейтін камералар мен сенсорлар орнатылған, сондай-ақ температура, ылғалдылық және жауын-шашын көрсеткіштерін тіркейтін метеорологиялық бекеттер жұмыс істейді.
Сараптамалық бағалаулар бойынша елімізде көміртекті секвестрлеу әлеуеті жылына 535 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Көміртекті офсеттер саудасы жыл сайын ел экономикасына 25 млрд долларға дейін тартуға мүмкіндік береді, бұл орнықты даму мен экономикалық әлеуетті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Болашақта полигон фермерлер үшін тәжірибе алаңына айналып, олар жиналған көміртегіні сертификаттау және көміртегі квоталау жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл Қазақстанның көміртегі квоталары нарығына ресми түрде шығуына және экологиялық нәтижелерді нақты экономикалық табысқа айналдыруға жол ашады.
Шортанды ауданы,Ақмола облысы