Астананың Сарыарқа ауданындағы көтерме-бөлшек сауда базарынан өрт шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт Ы.Дүкенұлы көшесіндегі бір қабатты ғимаратты шарпыған. Оқиға орнында құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, жедел штаб құрылды.
«Өрт сөндірушілер келген кезде от толық лаулап тұрды, сондай-ақ ғимарат құрылысының ерекшеліктеріне, жоғары өрт жүктемесіне және қатты түтінге байланысты күрделенді», деді ТЖМ өкілдері.
Құтқарушылар ғимарат ішінде адамдардың бар-жоғын тексерді. Өрт кезінде тұтынушылар болмаған. Өрт сөндірушілер жалынның таралу қаупін жойды.
ТЖМ сағат 8:26-да өрттің оқшауланғанын хабарлады.
«Өрт сөндірушілер жасырын жану ошақтарын анықтау үшін бутиктердің артындағы үй-жайларды тексеріп жатыр», делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 95 адам және 25 бірлік техника жұмылдырылды.
Жаңартылған деректерге сәйкес, өрт толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ.