Үкімет басшысы Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, денсаулық сақтау жүйесіне дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жоспарлау, тағайындау және сатып алу рәсімдеріне қатысты жасанды интеллектіні енгізу шараларын қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар халық тарапынан келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беру қажет екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрлігіне Мәдениет және ақпарат министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы халықпен тұрақты негізде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарын, цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілерді және өңірлік іс-шараларды барынша пайдалану керек.
«Біздің міндетіміз – денсаулық сақтау саласын барынша ашық, әділетті және ең бастысы, әрбір азамат үшін қолжетімді ету», деп қорытындылады сөзін Премьер-министр Олжас Бектенов. Үйлестіру мен бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.