Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Жапонияда білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті. Мемлекет басшысы Жапония сияқты дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.
Отандастарымыз арасынан Ritsumeikan Азия – Тынық мұхиты университетінің вице-президенті, профессор Серік Мейірманов, ARIA Consulting негізін қалаушы Арайлым Хасан, Showa және Juntendo медицина университеттерінің доценті Әбдібек Қалибек, Ailia компаниясында жасанды интеллект технологиясымен айналысатын инженер Эльдар Төлеубай сөз сөйлеп, өздерінің Күншығыс еліндегі жетістіктерімен бөлісті.
Президент Жапонияда тұрып жатқан қазақстандықтарға табыс тіледі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Император Нарухито Император сарайында қарсы алды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасын аралап көрді.