Бикен Римова атындағы Академиялық драма театрында қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Мұқағали» атты моноспектаклі сахналанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мерейтойлық іс-шараның шымылдығы ашылған салтанатты кешке Жетісу облысы әкімінің орынбасарлары Есдаулетов Диас Рахметұлы мен Қанағатов Әсет Серікұлы арнайы қатысып, өнер ұжымы мен көрермендерді айтулы мәдени оқиғамен құттықтады.
Сұлтан Сраиловтың туындысы негізінде сахналанған бұл қойылым – қазақ әдебиетінің мұзбалақ ақынның ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік беретін ерекше эксперименттік жоба. Спектакльдің сәтті шығуына білікті мамандар атсалысты. Қойылым режиссері – Ұлан Ахметов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер, Сафуан Рысбайұлы, композиторы – Тұрсынжан Шапай. Ақын рөлінде: Сафуан Рысбайұлы, сол сияқты рөлдерде Дархан Дүйсенов, Күнекей Мұхтархан, Ариза Асқарова, Қарақат Шындәулет, Әсем Мұратова ойнады.
«Мұқағали» журналының 20 жылдық мерейтойлық кеші өтті
Актер ақынның жан айқайын, махаббат пен мұңға толы өмірін және уақыт туралы терең толғанысын поэзия тілімен шебер өрнектей білді. Сөз, үнсіздік және эмоцияның үйлесімі көрерменді Мұқағалидың рухани әлеміне жетелеп, ерекше әсерге бөледі.
Театр фойесінде сахналанған небәрі отыз шақты көрерменге ұсынылған бұл қойылымды өнерсүйер қауым жылы қабылдады.
«Поэтикалық жанр – қазақ болмысына етене жақын, табиғатымен біте қайнасқан жанр. Ауыз әдебиетіндегі эпостардың өзі осы поэтикалық үлгіде қалыптасқан. Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қараөлеңге ерекше мән берген. Оның өлеңдерін жоғары деңгейдегі, шебер актердің сахнада сөйлетуі – үлкен табыс. Актер Мұқағалидың поэзиясын тірілтіп қана қоймай, театрдың өзіндік заңдылықтарын шебер пайдалана білді. Нәтижесінде қысқа да нұсқа, бірақ жүрекке жететін әсерлі дүние шыққан», дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев.
Моноспектакльдің басты кейіпкерін қоюшы режиссері, актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сафуан Рысбайұлы сомдады.
«Бұл қойылым 2018 жылы режиссер Сұлтан Сраиловтың идеясымен Астана қаласында жүзеге асты. Спектакльден гөрі, мұны поэтикалық қойылым деп атаған дұрыс. Бұл жерде мен өзімді Мұқағалидың нақты образында жүрмін деп айта алмаймын, өйткені тақырыптың өзі – сырласу, негізгі мақсатым – Мұқағалидың жан дүниесін жеткізу.
Жалпы, театрдағы кез келген қойылым – тәрбиелік, идеологиялық мәні бар дүние. Мұқағалиды білмейтін адам жоқ, оны еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін таниды. Ақынның тілі жеңіл, ұйқасы қарапайым болғанымен, өлеңдері өте өміршең. Зерттеу барысында бір ерекше дүниеге көз жеткіздім: Мұқағали поэзиясының тереңдігі шексіз. Оның шағын ғана бір кітабында қозғамаған тақырып жоқ – саясат та бар, лирика да, тарих, табиғат, махаббат, адам тағдыры да түгел қамтылған. Не іздесең де Мұқағалидан табуға болады. Бұл қойылым – соның бір ғана қыры. Біз моноқойылымды 45 минутқа сыйдырдық, сондықтан Мұқағалидың бар болмысын толық ашып тастадық деп айта алмаймыз. Дегенмен, небәрі 45 жыл ғұмыр кешкен Мұқағали өмірден өткеннен кейін де киноға арқау болып, спектакльдер мен әдеби кештерде насихатталып келеді. Оның мұрасы ешқашан таусылмайды, қайта уақыт өткен сайын тереңдей береді», дейді актер.
Премьера соңында көрермен қауым әртістерге тік тұрып қошемет көрсетіп, қойылым ыстық ықылас пен зор ризашылыққа бөленді. Ақиық ақынның рухын асқақтатқан бұл кеш Жетісу жұртшылығы үшін нағыз рухани қазынаға айналды.
Қарасазда Мұқағали жырлары қалықтады