Геологиялық барлау стратегиясын іске асыру Мемлекет басшысының елдің ресурстық базасын кеңейту жөніндегі алға қойған міндеттері шеңберінде жүргізіледі. Атырау облысындағы «Қаратон Подсолевой» учаскесінде жүргізілген терең барлау жұмыстары оң нәтиже көрсетті. Ұңғыманың бірінші нысанын сынақтан өткізу кезінде бұл жерден газ ағыны шықты. Бұл – еліміздің мұнай-газ саласындағы маңызды стратегиялық жетістік.
Аталған ұңғыманы бұрғылау 2024 жылдың қарашасында басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында 5750 метр тереңдікте аяқталды. Мұндай терең геологиялық барлау жұмыстары технологиялық жағынан күрделі саналады. Әсіресе тым жоғары қабат қысымы мен күкіртті сутектің болуы сақтық шараларын күшейтіп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді. Алайда арнайы технологиялық шешімдердің арқасында мамандар бұл белесті де бағындырып, мемлекеттің дамуы үшін маңызды нәтижеге қол жеткізді.
«Қаратон Подсолевой» — «ҚазМұнайГаздың» стратегиялық барлау жобаларының бірі. Ол еліміздің ресурстық қорын толықтыру үшін қолға алынған әрі жер астында терең орналасқан күрделі қазбаны зерттеуге бағытталған. Ұңғыманың алғашқы нысанындағы сынақ нәтижелері бұл жерде көмірсутек қоры бар екенін растап отыр.
Геологиялық барлау жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен маңызды жоба жақсартылған модельдік келісімшарт аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл ел Үкіметінің жер қойнауын пайдалану саласындағы қолға алған басты реформалардың бірі. Ол еліміздің күрделі кен орындарына деген инвестициялық тартымдылықты едəуір арттырады. Бұл тетік жер қойнауының күрделі учаскелерін барлау мен терең игеруге жағдай жасай отырып, маңызды реттеуші əрі фискалды преференцияларды ұсынады.
Ұңғыманы зерттеу жұмыстары осымен тоқтап қалмайды. Жұмыс жоспарына сəйкес алдағы уақытта тағы болашағы зор төрт мұнайлы-газды нысанда сынақ жүргізу көзделген.