Биыл 11-14 мамыр аралығында Астанада Берн одағының кезекті көктемгі отырысы өтеді. Беделді халықаралық жиын ТМД кеңістігінде тұңғыш рет біздің елде ұйымдастырылмақшы, деп хабарлайды Egemen.kz.
Берн одағының елордадағы отырысы әлемнің 70-тен астам елінен 200-ден аса қаржы саласының жетекші сарапшыларын жинайды. Іс-шараға экспорттық-кредиттік агенттіктердің, эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттарының, жеке ірі сақтандыру компанияларының өкілдері қатысады. Қатысушылар қатарында Bpifrance, Credendo, Euler Hermes, SACE, SINOSURE, US EXIM секілді ықпалды ұйымдар бар.
Іскерлік бағдарлама Берн одағының пленарлық отырыстарын, экспорттық-кредиттік агенттіктер комитетінің жұмыс сессияларын, Прага клубының жиынын қамтиды. Алдағы кездесудің тақырыбы – «Қиылыс». Бұл ұғым экспорттық кредиттеу жүйесінің жаһандық деңгейдегі сын-қатерлері мен түбегейлі өзгерістерін сипаттайды.
Күн тәртібіне цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану, геосаяси ахуал мен салалық өзгерістер жағдайында экспорттық-кредиттік агенттіктердің жаңа индустриялық әрі саяси шешімдерге бейімделуі, тәуекелдерді бағалау мен сақтандыру өнімдерін басқарудағы инновациялық тәсілдер енгізіледі. Экспортты ынталандыруға қолайлы орта қалыптастыру мәселесі де назарда болады.
ОПЕК қоры Қазақстанның жеке секторын қаржыландырады
Осы халықаралық жиын аясында коммерциялық әрі саяси тәуекелдерді сақтандырумен айналысатын Aman Union кәсіби ұйымының атқарушы комитет отырысы жоспарланған. Бұл құрылым ислам елдері мен олардың серіктестері арасындағы сауда мен инвестицияны қолдауға бағытталған. Кездесуге ICIEC, DHAMAN, Turk Eximbank, Nigeria Exim, ASEI (Индонезия), COTUNACE (Тунис), CAGEX (Алжир) ұйымдарының топ-менеджерлері қатысады деп күтіледі. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ бақылаушы мәртебесінде болады. Мұндай формат отандық институттардың жаһандық экспорттық саясат қалыптастыру үдерісіне тікелей араласуына жол ашады.
Халықаралық деңгейдегі осындай алаңдар еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Берн одағы шеңберіндегі кездесулер инвесторлар сенімін нығайтуға, отандық компаниялардың шетелдік серіктестер арасындағы танымалдығын арттыруға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге мүмкіндік береді. Экспортты қаржыландыру мен сақтандыру саласындағы озық тәжірибелерді енгізуге де серпін береді.
Экспорт пен импорт: Бәсекелестік әділ болуы керек
Отырысты ұйымдастыратын «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов Берн одағының сараптамалық жиыны Астанада өтуі еліміздің халықаралық сауда жүйесіндегі орнын айқындай түсетінін жеткізді. Оның пайымдауынша, Берн одағы экспортты қолдау саласында жаһандық стандарттар қалыптасатын беделді кәсіби қауымдастық саналады. Астанада өтетін бұл басқосу ынтымақтастықты тереңдетуге, инновацияны ілгерілетуге, тұрақты даму мен экономикалық өсім мәселелерін талқылауға арналған маңызды халықаралық платформа болады. Осындай диалогтарға белсенді қатысу елімізді сенімді әрі ашық әріптес ретінде танытады.
Берн одағы экспорттық кредиттеу мен инвестицияларды сақтандыру саласындағы халықаралық қағидалар мен стандарттарды қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Қазір одаққа мүше ұйымдар жыл сайын банктерге, экспорттаушыларға, инвесторларға төлем тәуекелдерінен шамамен 2,5 триллион доллар көлемінде сақтандыру қорғанысын ұсынады. Бұл жаһандық трансшекаралық сауда айналымының шамамен 13%-на тең.