• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:30

Елдік көзқарастың қалыптасуы маңызды

20 рет
көрсетілді

Елімізде қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған парламенттік реформа және оның мемлекет пен қоғам институттарына жүктейтін жоғары жауапкершілігі жөнінде талқылау жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында алдағы жоспарланып отырған өзгерістердің маңызын ерекше атап, олардың ауқымы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар екенін айтты.

Президент бұл өз­герістер­ді жүзеге асыруда салмақ­тылық, кәсібилік, кең қоғам­дық талқы­лау, ұзақмерзімді ұлттық мүдделерге бағдар­лану маңызды екенін жет­кізді. Іс жүзінде мәселе тек институционалдық қайта құруда ғана емес, ең алдымен заң шығармашылығының негізінде жатқан ойлау тәсілін өзгертуді талап ететін қоғам­дық сұраныста. Осы тұрғыда Абайдың «Бірлік малда емес, ақылда» деген сөзі жүргізіліп жатқан реформа үшін тікелей әдіснамалық бағдар бола алады.

Қоғамдық санада әлі де алдымен заң қабылданса, содан кейін ғана оң өзгерістер болады деген көзқарас қалыптасқан. Алайда реформаларды іске асыру тәжірибесі мен қазіргі заманғы ойлау тәсілі бұл ұстанымның жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Шын мәнінде, заң – бастау нүктесі емес, ол белгілі бір ойлау парадигмасының, қоғамдағы құндылықтар, ұғымдар мен кате­горияларды қалай түсінетіні­міздің нәтижесі.

Кез келген қоғамдық маңы­зы бар қызмет үш негізгі функ­цио­налдық позицияны қамти­тын тұтас әлеуметтік бірлік. Яғни мүд­делерді, мақсатты, бола­шақ­тың бейнесін айқындайтын тап­сырыс беруші, нормаларды, шешімдерді қабылдап, субъектілердің өзара іс-қимылын ұйымдастыратын басқарушы, қабылданған нормалар мен шешімдерді іске асыратын орындаушы орта.

Бұл үштіктегі негізгі рөл тапсырыс берушіге тиесілі. Себебі дәл осы деңгейде қызметтің мәні мен мағынасы айқындалады. Тапсырыс беруші «қызмет не үшін жүзеге асырылады?», «оның түпкі мақсаты қандай?», «бұл әрекеттер қоғамды қандай болашаққа жетелейді?» деген іргелі сұрақтарға жауап береді. Позиция айқындалмаған жағдайда басқару имитацияға, ал заң шығару формалдылыққа айналады.

Президент өз сөздерінде «еститін мемлекет», «әділетті мемлекет» және кәсіби Пар­ламент туралы айта отырып, билік жүйесінде қоғамдық тапсырыс беруші позициясын ны­ғайту қажет екенін көрсетеді. Бүгінде қоғам әлеуметтік тапсырысты қалыптастырудың және стратегиялық мақсат қоюдың субъектісінен гөрі, көбіне реттеу объектісі ретінде көрінеді. Сон­дықтан азаматтарды қоғам­дық талқылауларға кеңінен тарту­ға, аналитиктер мен сарапшы­лар­ды жұмылдыруға, кері байланыс­тың цифрлық платформа­ларын пайдалануға ерекше мән беру қажет. Бұл ретте сөз формалды демократия емес, қоғамдық өзгерістердің бастапқы логикасын қалпына келтіру туралы болып отыр. Яғни қозғалыс заңнан әлеуметтік тапсырысқа емес, саналы қоғамдық тапсырыстан заңға қарай жүруге тиіс. Мұндай қоғамды Абай «көкірегі тірі қоғам» – тірі санаға, ақыл мен ар-ожданға ие қоғам деп атаған.

Ұлы ақын алтыншы қара сөзін­де пайдаға, қорқыныш пен тәуел­ділікке құрылған жалған бірлікті сынға алып, қоғамда ішкі мазмұнсыз бірігудің қауіп­ті екенін ескертеді. Оның па­йымынша, шынайы бір­лік – ақыл­дағы бірлік, яки ор­тақ жауап­кершілікке, адал еңбекке және үздіксіз дамуға негізделген саналы тұтас­тық. Бүгін де бұл идея өзекті. Мемлекеттік өлшемде ортақ әлеуметтік ойлау парадигмасы қалыптаспайынша, ешбір реформа нақты нәтиже бермейді. Қабылданған заңдар мазмұнын жоғалтады. Ал азаматтардың санасы сергек, белсенді болмаса, мемлекеттік институттар тек формалды құрылым ретінде ғана қалады. Осы ретте қоғамдық ойлау жүйесін құра алатын әдіснамашылардың рөлі арта түседі. Өйткені олар реформалардың идеялық негізін қалыптастырып, әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруда логикасын жүйелейді.

Қоғам алдында есеп бере­тін құқықтық мемлекетті қалып­тас­тырудың басты шарты – азаматтық сананың орнығуы, бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың белсенділігінің артуы. Осыған байланысты отандық әдіснамашылар Ата заңды және басқа да нор­мативтік құқықтық акті­лерді әзірлеуге арналған әлеумет­тік тапсырыстың мынадай қағи­даларын ұсынды:

1) елдің ең жоғары құнды­лығы – жер, жер қойнауы, су, өсім­діктер мен жануарлар дүниесі және адам – мемлекеттің басты стратегиялық әлеуеті, дамудың бастапқы әрі түпкі бағдарлары;

2) мемлекеттік басқару субъек­тілері: а) өз қызметін­де диа­ле­ктикалық өзгерістер­дің объективті әдістерін, функ­ционал­дық-символдық бей­нелердің ойша тілін және функционал­дық, жүйелі тәсіл­ді қолдануға; б) қызметтің негізгі субъектілері­нің типтік қиындықтары банкін, инновациялар банкін және жаңашыл­дар банкін құруға; в) ал­дын ала апробациядан өткен, ашық функционалдық қызмет және өзара іс-қимыл модельдері қоса берілген нормативтік-құқық­тық актілерді әзірлеуге және рәсімдеуге; г) нормативтік-құқықтық актілердің іске асырылуын тексерудің (верифи­кацияның) қағидаларын басшы­лыққа алуға тиіс.

Елімізде азаматтық қоғам­ның қалыптасу үдерісі әлі аяқтал­ған жоқ. Жергілікті не орталық билік органдарына депутаттарды таңдаудың бірыңғай функ­ционалдық критерийлері әлі қалыптаспаған. Көбіне сайлаушыларда бытыраңқы жеке және топтық мүдделер, субъективті көзқарас басым. Кәсіби емес сайлаушылар, негізінен, кәсіби депутаттарды таңдай алмайды. Осыған байланысты қазіргі тарихи кезеңде депутаттарды сайлауды екі кезеңмен өткізу ұсынылады. Бірінші, кандидаттарды жоғары аналитикалық және басқарушылық кәсібилік критерийлері бойынша алдын ала іріктеу. Екіншісі, іріктелген кандидаттардың өкілді билік органдарына депутат болып сайлануына дәстүрлі сайлау арқылы қатысуы.

Сондай-ақ депутаттыққа кан­дидаттарды алдын ала ірік­теу функцияларын жоғары білікті кәсіби әдіснамашылар тобына (жүйелі аналитиктерге, ғалымдарға, заңгерлерге, педагогтерге, журналистерге, білікті қоғам қайраткерлеріне) беру; олардың кәсібилігі тиісті сертификаттармен, нақты қызмет нәтижелерімен, кәсіби қауым­дастықтардың ұсы­ным­дарымен расталуы міндетті. Оған қоса алдын ала іріктеу тетігі кандидаттардың білімін, пікірталас ұйымдастыру және жүргізу қабілеттерін, жүйелі ойлау мен функционал­дық модель­деудің заманауи әдіснамалық құралдарын пайдалана отырып көзқарастарды келісу дағдыларын тексеруді көздеуге тиіс. Іріктеу «Қоғам­дық өзгерістер мен елдің инно­вациялық-технологиялық дамуын модельдеудің әдістері мен модельдері» тақырыбындағы аналитикалық-әзірлемелік семинар циклін өткізу арқылы жүр­гізу ұсынылады. Онда сыбайлас жемқорлық, инфляция, бағаның өсуі, кәсіби жауапсыздық сияқты түйткілді мәселелерді шешуге қатыс­ты нормашығармашылық қыз­меттің типтік жағдайлары пысық­талады. Ал семинарлар қоры­тын­дысында сертификат алған кан­дидаттар дәстүрлі сайлау ар­қылы депутаттыққа үміт­кер болу құқығына ие болады.

Бүгінгі парламенттік реформа – билік құрылымының кезекті өзгерісі емес, бұл бүкіл қоғам үшін тарихи таңдау. Біз «күнкөріс үшін» формалды заң шығаратын ескі сүрлеумен жүре береміз бе, әлде ел болашағын бірге жасайтын тең авторға айналып, кәсіби Парламент халықтың ұжымдық ақыл-ойын тоғыстыратын шынайы билік институты болатын жүйені құрамыз ба?

 

Валерий ЦОЙ,

Астана қаласы Жүйелік аналитика және модельдеу академиясының директоры

Соңғы жаңалықтар