Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында Конституцияның жаңа жобасына қатысты халық пікірі әрқилы бағытта белсенді түрде айтылып жатыр. Бұл бір жағынан азаматтардың жауапкершілігі мен белсенділігінің артқанын, халықтың саяси санасының өскенін көрсетеді. Пікірлердің сан алуандығы жобаны теріске шығару емес, керісінше оны жетілдіру, мазмұнын байыту мақсатынан туындап отыр.
Әсіресе, қоғамда кеңінен талқыланып жатқан мәселенің бірі – ана тіліміздің мәртебесі. «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тасқа қашалғандай етіп жазылған. Бұл – отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың елінің, жерінің біртұтастығын ойлаған жұрттың ортақ тоқтамы, ортақ байламы.
Бұрынғы Конституцияда да «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ қазақ тіліне осындай аса үлкен, әрі заңды мәртебе беру оңай болған жоқ-ты. Нәсілі басқа болса да Герольд Белгер, Иван Щеголихин секілді қазақ тілінің патриоттары қазақ ұлтымен білек біріктіріп, жүзі басқа болса да жүрек біріктіріп, бірге күресіп жүріп ана тілімізге осындай мәртебе алған едік. Өзіміз де үн қосқанбыз. Үн қосу – үлес қосу! Қазақ ұлты Қазақстанда 40 пайыз ғана болып тұрып, ана тіліне мемлекеттік мәртебе алып берген ол тартысты күндерді ұмытуға болмайды.
Бүгінгі жобадағы тасқашау жазба біртұтас «Халық кеңесі» аясында, біртұтас Қазақстан халқы ынтымағының арқасында – табиғи заңдылық есебінде Конституцияға енгелі отыр. Бұл – мемлекет құрушы өз алдына, мемлекет құраушы этностардың дүниетанымының түбегейлі өзгеруінің жемісі. Қазақстан ел-жұртының біртұтастығын ендігі жерде «Қазақстан Халық кеңесі» аталатын жаңа ұйым қамтамасыз етуге тиіс.
Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне, республиканың өркениеттік жағдайда дамуының кепілі ретінде өсіп-шарықтауына этносаралық ресми тіл ретінде қызмет етіп келген орыс тілі де, тіпті этнос тілдері де ендігі жерде қызмет ететіні сөзсіз. Тіл саясаты мәселесінде қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау – басты қағида. «Халық кеңесі» аясында ынтымақтасатын біртұтас ел-жұрт әсіре ұлтшылдардың арандатуына жол бермейді.
Ендігі бір мәселе – ұлтшыл, отаншыл патриоттардың кейбірінің Конституцияда орыс тілінің қосалқы болса да орын алуына қарсылығы жөнінде. Бұл – әрісі 250 жылдық патшалық Ресейдің отары, беріде 70 жыл «советтік большевизмнің» боданы болған елдің санасында қалған зардапты психологиясы, тіпті сақтық ноталары деуге болады. Оларды күстаналаудың керегі жоқ. Дербес пікір ретінде айтыла береді, тек арандатудан сақ болғанымыз жөн. Аргументсіз, негізсіз айтыла берсе, популизмге айналып кетуі де ғажап емес.
Құлбек ЕРГӨБЕК,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әдебиеттанушы