Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Мемлекет басшысының Жарлығымен осы жылдың 15 наурызында өтетін жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумды қолдайтындарын білдірді. Сондай-ақ отырыста күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдер қаралып, мақұлданды.
Отырыста Сенат төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жаңа Конституция жобасы кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі екенін атап өтті. Палата спикері бұл құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты нәтижесі екенін де тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы 15 наурызда жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға. Жаңа Конституция жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, мұқият пысықталды. Талқылау барысында азаматтардың ұсыныстары барынша ескерілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені сөзсіз. Сол арқылы Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі қалыптасып келеді. Алдағы уақытта Сенат депутаттары жаңа Ата заңымыз туралы референдумды ілгерілету жұмыстарына бір кісідей атсалысады. Осы ретте Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі қаланатын жауапты кезеңде барша отандастарымыз өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, референдумға белсенді қатысады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.
Бұдан соң палата отырысында Наурызбай Байқадамовтың Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры болып тағайындалуына байланысты Сенат депутаты ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы мәселе қаралды. Сенат төрағасы Наурызбай Байқадамовқа палатаның заң шығару ісіне белсенді атсалысқаны үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар сенаторлар Қырғызстанның Ыстықкөл аймағындағы меншік құқықтарын реттеу туралы келісімді және жер учаскелерін жалға беру туралы келісімді ратификациялады. Енді Қазақстан Қырғыз Республикасында орналасқан санаторий, екі демалыс үйі мен спорттық-денешынықтыру орталығына иелік етеді. Спорттық орталықтан өзге 3-4 жұлдызды қонақүйлерде жаңғырту жұмыстарын одан әрі жүргізе алады.
– Аталған заңдар Қырғыз Республикасы аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық нысандарға – «Қазақстан» санаторийіне, «Самал» демалыс үйіне, «Университет» спорттық-сауықтыру лагеріне және «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығына – Қазақстан Республикасының меншік құқығын реттеуге және айқындауға бағытталған. Сонымен қатар жалпы ауданы 58,8 гектарды құрайтын осы нысандар орналасқан жер телімдерін жалға алу шарттарын өзектендіру көзделген, – деді сенатор Бекбол Орынбасаров.
Мұндағы жер учаскелері 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Ал қырғыз тарапы нысандарды тәркілемеуге, олардың мақсатқа сай пайдаланылатынына кепілдік береді. Барлық әрекет «2006 жылғы 4 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң аясында жүзеге асырылады.
Құжатта сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайтып, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін инвестиция тарту мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы, бұл заң туризм саласының дамуына серпін беріп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайта түспек.
Сондай-ақ Сенат депутаттары Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімін ратификациялады. Бұл әсіресе отандық тауарлардың Моңғолия нарығына кедендік баж салығынсыз шығуына жол ашты. Жалпы, келісім ЕЭАО елдері мен Моңғолия арасында 367 тауарларға қатысты импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді.
– Елімізден Моңғолияға темекі өнімдері, нан және кондитерлік өнімдер, кофе мен шай, дәрілік заттар, теледидарлар, мониторлар мен проекторлар жеткізіледі. Ал Қазақстан Моңғолиядан жылқы етін, картоп, пошта маркалары мен өзге де бағалы қағаздарды, шұлық тауарлары, аяқкиім және басқа да тауарларды импорттайды. Сондықтан келісімді ратификациялау ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторларының дамуына оң әсерін тигізеді, – деді сенатор Әлібек Нәутиев.
Сенаторлардың айтуынша, ЕЭАО елдері мен Моңғолия арасында алыс-беріс артып, өзара сауда көлемі ұлғаймақ.