Алғашқы баспасөз конференциясында АҚШ елшісі Джули М. Стаффт оптимистік көзқарас білдіріп, АҚШ пен Қазақстан арасындағы қатынастарды тарихтағы ең жоғары деңгейге жеткен серіктестік деп бағалады. Ол технология, энергетика және дипломатия салаларындағы жаңа ынтымақтастық бағыттары екіжақты қатынастарды тереңдете түсетінін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
13 ақпанда АҚШ Елшісі Джули М. Стаффт баспасөз конференциясын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Жаңадан тағайындалған елші кіріспе сөзінде АҚШ-пен тарихи деңгейдегі екіжақты қарым-қатынас орнатуға әлеуеті ең үлкен ел – Қазақстан екенін айтты.
«Астанаға бір ай бұрын келдім. Ауа райы суық болғанымен, қазақстандықтардың, Қазақстан үкіметінің, елшіліктегі әріптестердің ықыласы ерекше жылы болды. Отбасыммен бірге өзімізді өз үйіміздегідей сезініп жатырмыз. Америка Құрама Штаттары – Қазақстанмен ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы мемлекет. Отыз бес жылдай біз өзара құрметке, ортақ құндылықтарға және жақсы әлемді бірге құру идеясын негізге алған серіктестік орнаттық. Қазақстанның егемендігіне деген біздің адалдығымыз берік. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бірге қол жеткізген жетістіктеріміз бен дамуымызды мақтан тұтамыз», деді елші ханым.
Оның сөзінше, АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар екі ел тарихындағы ең оңтайлы кезеңде тұр. Сонымен бірге ол екі елдің көшбасшылары әлемдік аренада бір-бірімен тығыз байланыста екенін атап өтті.
«Бізде компаниялар арасындағы бұрын-соңды болмаған коммерциялық ынтымақтастық бар, инвестициялар екі жаққа да бағытталып жатыр. Оның үстіне екі елдің мәдени байланыстары да дамып жатыр. Менің елші ретіндегі міндетім – осы мүмкіндіктерді пайдаланып, АҚШ пен Қазақстан арасындағы даму мен өркендеуді қамтамасыз ету», деді ол.
Елшінің сөзінше, қазірге дейін елімізде АҚШ-тың AI компанияларымен 3,7 миллиард долларлық келісімдер жасалған. Әрі ол еліміздегі жас буын, өскелең ұрпақ өте қабілетті, шығармашыл да ақылды деп бағалады.
АҚШ елшісі: Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсырғаныма өте қуаныштымын
Елші осыған дейін 22 000 қазақ студенті АҚШ-та білім алғаны туралы да сөз қосты.
«Мәдени дипломатия екі елдің қарым-қатынасын нығайта ала ма деген сұрағыңыз мен үшін өте өзекті тақырып, өйткені өткен қараша айында Ақүйде Президент Трамп пен Президент Тоқаев мәдени дипломатия және оны АҚШ пен Қазақстан арасында қалай кеңейтуге болатыны туралы сөйлесті. Менің саламдағы дәстүрлі дипломатияда мәдени дипломатия туралы айтсам, әдетте мұражайлар, өнер, музыка және екі ел арасындағы тарихи мәдени мұраларды бөлісу туралы сөз болады. Бірақ ең маңыздысы – бұрын айтып келген тәжірибе алмасу бағдарламасы. Мысалы, өткен жылы АҚШ-та білім алған 3000 қазақ студенті осының дәл мысалы. Сіз де солардың бірісіз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 22000 қазақстандық студент немесе басқа мамандар АҚШ-та алмасу бағдарламаларына қатысқан, олар АҚШ тарапынан қаржыландырылған», деді елші Стаффт «Egemen Qazaqstan» тілшісінің сұрағына жауап беріп.
Кездесуде елші Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен ресми дипломатиялық қатынас орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі екенін атап өтіп, екі ел 35 жыл ішінде өзара құрметке, ортақ құндылықтарға және тұрақты әлем құру идеясына негізделген серіктестік қалыптастырғанын айтты. Ол Вашингтонның Қазақстанның егемендігіне деген қолдауы өзгермейтінін атап өтіп, тәуелсіздік жылдарындағы елдің дамуын жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы АҚШ пен Болгария елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Стаффт ханымның айтуынша, екіжақты қатынастар Donald Trump пен Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы тығыз байланыстармен де нығая түсуде. Бұл байланыстар Қазақстанның өңірлік әрі жаһандық деңгейдегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
«Бұл ынтымақтастық одан әрі жалғасады. Біз қауіпсіздік, мәдениет және сауда байланыстарын тереңдете отырып, бейбіт әрі өркендеген әлем құруға ұмтыламыз», деді ол.
Виза мәселелері кейбір азаматтарды алаңдатқанымен, елші АҚШ визасына өтініш берушілердің басым бөлігі оң жауап алатынын атап өтті. Сонымен қатар студенттік алмасулар өсіп келе жатқанын, өткен жылы АҚШ-та оқитын қазақстандық студенттер саны рекордтық деңгейге жеткенін еске салды. Энергетикалық инфрақұрылым мен мұнай жобаларына қатысты даулар туралы сұраққа жауап берген елші инвестиция тарту үшін ашық әрі тұрақты іскерлік орта маңызды екенін айтты. Дауларды арбитраж арқылы шешу инвестор сенімін сақтауға көмектесетінін және сондай-ақ ол мұнай тасымалдау инфрақұрылымының жаһандық энергетикалық нарық үшін қауіпсіз әрі сенімді болуының маңызын атап өтті. Елші АҚШ Қазақстандағы конституциялық реформалар мен БАҚ еркіндігі мәселелерін мұқият бақылап отырғанын айтты. Ол сөз бостандығы – америкалық құндылықтардың негізгі тіректерінің бірі екенін жеткізді.
Сонымен қатар АҚШ дипломаттарының қазақ тілін үйренуге қызығушылығы артып келе жатқанын, бұл жастар арасында мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуымен байланысты екенін айтты. Сөз соңында елші отбасымен бірге Қазақстанды аралап, оның табиғатын көріп, халқымен жақынырақ танысуды асыға күтетінін айтты. Оның пікірінше, Вашингтон мен Астана арасындағы серіктестіктің болашағы тек геосаясат пен саудаға ғана емес, инновация, мәдени түсіністік және жаңа буынның әлеуетіне де байланысты болмақ.