• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 08:35

«Балапанды» кімдер басқарды?

10 рет
көрсетілді

Биыл – Омбы қаласындағы қазақ жастары шығарған «Балапан» қолжазба журналының жарық көргеніне 110 жыл. Журнал 1916-1918 жылдары «Бірлік» ұйымының жанынан шығып тұрды. «Бірлік» ұйымы мүшелері қатарында Мағжан Жұмабайұлы, Дінше Әділов, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Асылбек Сейітов, Асқат Сайдалыұлы, Әбдірахман Байділдин т.б. қазақ жастары болғаны белгілі. Олар қазақ халқының мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтеру арқылы халықтың ұлттық сана-сезімін оятуды мақсат тұтты. «Балапан» журналын да олар сол үшін шығарды. Алдына осындай үлкен мақсат қойған журналды кімдер басқарды?

1917 жылғы 1-4 қазан ара­лы­ғын­­да Омбы қаласында «Бірлік» ұйы­мы­ның жалпы жиы­лысы өтті. «Қазақ» газетінің 1918 жылғы №259 санында осы жиын тура­лы «Омбы­да­ғы «Бірлік» қауы­мы» деген хабар жарияланды. Хабарда жиылысты Мағжан Жұмабайұлы басқарғаны, сондай-ақ Дінше Әділов пен Мәжікен Сүлеймановтың хатшы бол­ғаны жазылды. «...Омбыда оқып жүрген қазақ жастары 1914 жылдың басында жасырынып жүріп, «Бірлік» атты қауым ашқан еді. Бостандық болмас­тан бұрын бұлар кітап бастырып, «Балапан» атты журнал шығарып, жастардың көзін ашып, көңілін оятып, ұлт қызметіне кірісті. Бостандықтан бұрын бұл «Бірліктен» басқа еш жерде жас­тар ұйымы жоқ еді», – дейді газет. Сонымен қатар хабарда «Бірліктің» үш жылдық есебі беріліп, 8 тармақтан тұратын қаулы қабылданғаны айтылған. Осы қаулының «Балапан» журналын зорайту» деп аталатын 7-тармағында: «...Журнал бас­қар­масына үш кісі сайланды. Оларға тағы екі қолғабысшы бел­гіленді», – делінген. Алайда үш шығарушының кімдер екені көрсетілмеген. Біздің пайы­мымызша, журнал басқармасына сайланған үш кісі – Бекмұхамед Серкебаев, Смағұл Сәдуақасұлы және Әбдірахман Байділдин. Бұлай сенімді айтатын себебіміз – Омбы мемлекеттік тарихи-өлке­тану музейінен табылған «Бала­пан­ның» 1918 жылғы №9 санында шығарушы ретінде осы үшеуінің есім-сойы көрсетілген. Сондай-ақ осы санда үшеуінің жазбалары да жарияланған.

Сол кездегі сақтық болса керек, «Балапанның» авторлары шығар­ма­ларын бүркеншік есіммен жа­зып­ты. Нөмірде үш өлең, екі әңгіме, екі хабар, бір-бірден мақала мен фельетон жарық көріпті. Соның үшеуін Серке жазған екен. Журналға Серкенің «Қонған жерімнен», «Көк төбетке» және «Абылай» деген үш шығармасы басылған. Біздің ойымызша Серке – Бекмұхамед Серкебаев. Себебі бүркеншік есімдер арасында аты-жөнінің ішінен жаңа есім жасау (анаграмма) әдісі бар. Осы тәсілмен Қошмұхамед Кемеңгерұлы – «Қошке», Жүсіпбек Аймауытұлы «Жік» болғаны белгілі. Демек «Серке» – Серкебаевтан шығарыл­ған бүркеншік есім. Әдетте қол­жазба журнал шығарушылары өздері дайындаған нөмірге мейілін­ше молырақ үлес қосады. Бір нөмірге Серкенің үш жазбасының шығуы бұл бүркеншік есімнің иесі Бекмұхамед екенін айғақтай түседі.

Осы санда сонымен қатар Баба­сан­­ның «Ақылсыз сұлу» өлеңі жария­ланған. Ол өлеңінде адамды сырт келбетіне емес, мінезіне қарап бағалау қажеттігін айтады. Баба­санды «Бірлік» ұйымының мүшесі әрі хатшысы Әбдірахман Байділдин болар деп шамаладық. Себебі ол уақытта ру атымен аталатын бүркеншік есімдер кез­де­­сетін. Мәселен, Міржақып Дулатұлының «Мадияр» есімін қолданғаны белгілі. Әбдірахман Байділдин арғынның Бабасан руынан шыққан. Демек Бабасан қалам атын қолдануы әбден мүмкін. Әбдірахман 1922 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы болды. Биыл қайраткер тұлғаның туғанына 135 жыл толады.

«Балапанның» 1918 жылғы №9 санында Смағұл Сәдуақасұлы­­ның жаз­балары жария­лан­бапты. Алай­­да осы сандағы «Шығарушы ұйы­мынан» деген тақырыппен берілген жазбада Бекмұхамед, Әбдірахманмен бірге Смағұлдың да аты көр­сетілген: «...Көңілінде ұлтқа қызмет етемін, қазақ әдебиетінің алға басып, зорайуы­­на себепші боламын деген адам қаламмен қызмет етулері тиіс. Ал азаматтар! Басталған іске салақтық көрсетпей, жұмыла қолқабысын қылып, аз уақыттарыңызды бөліп, журналға сөз жазып тұруларыңызды шығару­шы­лар қатты өтінеді. Шығару­шы­лар: Бекмұхамед Серкебай, Ысмағұл Садуақас, Ғабдрахман Байдалы». Осылайша, журнал шы­­ға­рушылары қазақ жас­тарын «Балапан» журналына белсенді түр­де атсалысуға, қаламмен қызмет етуге шақыр­ған. Соған қарағанда Бекмұхамед Серкебаев, Смағұл Сәдуақасұлы және Әбдірахман Байділдин журналдың 1917–1918 жыл­дар­дағы шығарушылары бол­ған сыңайлы. Ал оның алдын­да­ғы 1916–1917 жылдары журналды Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабаев шығарған болуы керек.

Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы Омбы облыстық мем­лекет архивіндегі құжаттарға сүйене отырып, «Балапанның» жауапты шығарушысы Қошке Кемеңгерұлы болғанын жазған еді. Ғалымның жазуынша, «Бала­пан­­ның» 1917 жылғы №5 санында Қошкенің «Горе от ума» («Ақылдың азабы») шығар­­­ма­­­сы­нан үзінді жарияланыпты. 1918 жылғы 30 шілдеде «Бірлік» ұйымы жанынан «Жас азамат» газеті шыққанда басылымның ал­ғашқы редакторы Қошке Кемеңгерұлы болған еді. Соған қара­ғанда Қошке «Бала­пан­ның» шығарушысы қызме­тін 1917 жылғы қазанға дейін атқарып, ары қарай «Жас азамат» газетінің тізгінін ұстаған секілді.

Сонымен қатар «Балапанның» тағы бір шығарушысы Мағжан Жұмабай­ұлы болды. Мағжан қол­жазба журналға ақжолтай тілегін арнап: «Ба­лапан қанат қақты... Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амал­сыз қақты. Солтүстіктің суы­­ғына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті...», деп келетін аллегориялық туын­­дысын жариялады.

Журнал редакторлары «Бала­пан» қолжазба журналын шыға­ру ар­қылы жазуға икемі бар қалам ие­лерінің шығармашылығын шың­дады. Журналда негізінен әдеби туын­дылар жарияланып, қазақ әдебиетінің дамуына серпін берді. Ендеше жазба әдебиетті жаңа сапаға көтерген «Балапанның» ең­бе­гі әлі де бағамдалуы керек деп білеміз.

Соңғы жаңалықтар