Парасат ордасы Ұлттық кітапханада «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойына арналған тағылымды жиын өтті. 1966 жылдың 1 қаңтарында кешкі сағат 19.00-де дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаевтың хабарлауымен әуе толқынына шыққан «Шалқар» бағдарламасы уақыт бедерінде ауқымын кеңейтіп ұлттық радиоға айналған еді. Тәулігіне 18 сағат бойы толықтай қазақ тілінде хабар тарататын радио ұлттық ақпарат кеңістігінде өз орнын қалыптастырған іргелі ұжым ретінде үздіксіз қызмет етіп келеді.
Халық жүрегін тербеген радионың мерейтойына өмірін осы салаға арнаған ардагер журналистер арнайы шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Кеш шымылдығын ашқан Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев «Шалқар» радиосының ұжымын мерейлі белесімен құттықтап, Мемлекет басшысының ізгі лебізін жеткізді.
«Ұлттың үнбайрағы атанған «Шалқар» радиосы – қазақ руханияты мен ел тарихында орын алған ерекше құбылыс. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде қазақ тілінде хабар таратып, ұлттық құндылықтарды паш еткен «Шалқар» атты бағдарлама, одан кейін ұлттық радионың өмірге келуі – сол замандағы ұлтын сүйген, елінің қадір-қасиетін, болашағын ойлаған ардақты аға-апаларымыздың ерлігі. Осы орайда аға буын өкілдеріне зор алғыс айтамыз. «Шалқар» радиосы бүгінде ұлтымызға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, сағындырған ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін алтын қордағы асыл қазыналарымызды насихаттап, мемлекеттік тілде хабар тарататын нағыз ұлттық арнаға айналып отыр. Бұл белеске радио қызметкерлері ұзақ жылғы қажырлы еңбегімен, үздіксіз ізденуімен жеткені анық. Радиожурналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін бірегей кәсіп. Сондықтан да ақпарат айдынында жүрген сіздерді айтулы сәтпен құттықтаймын», деді М.Отарбаев.
Өз кезегінде Президент кеңесшісі бірқатар радио ардагері мен қызметкеріне Қазақстан Президентінің төсбелгісі мен Алғысхатын табыстады. Олардың қатарында тұтас ғұмырнамасын радио өмірімен өрген белгілі дикторлар мен арнаның бүгінгі таңдағы белді қызметкерлері бар.
Іс-шараға арнайы келген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов радио ұжымына ізгі лебізін білдіріп, Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, сондай-ақ Премьер- министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.
Құттықтау сөзінде Қанат Ысқақов күні бүгін елімізде 60-тан аса радиостанса ақпарат таратып отырғанын, бұл ретте ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, тарихымыз бен мәдениетімізді паш еткен ұлттық радионың орны бөлек екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Шалқар» радиосының қазіргі таралым ауқымы еліміздің 73 пайызын құрайды. Алдағы уақытта министрліктің бастамасымен осы ауқымды 95 пайызға жеткізіп, «Шалқар» радиосының үнін шалғай аудандарға жеткізу көзделіп отыр.
Вице-министр радио ардагерлері мен ұжымда табанды еңбек етіп жүрген бірқатар әріптесімізді ведомства басшысының атынан «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатымен марапаттады. Сонымен қатар жиында радио ұжымына Сенат және Мәжіліс төрағаларының, бірқатар қала әкімдері мен қоғамдық ұйым басшыларының құттықтау хаттары тапсырылды. Салтанатты жиында арнаның 60 жылдығына орай «Ұлттың үнбайрағы» атты кітаптың тұсауы кесілді.
«Радиода уақыттың үні бар. Мұнда дәуір шежіресі қатталған. «Алматыдан сөйлеп тұрмыз, эфирде – Шалқар!» деген дауыс бүкіл дүниежүзіндегі қазақтың жүрегін тебіренткені анық. «Шалқар» радиосы – қазақ радиожурналистикасының алтын діңгегі. Өміріміздің ең бір шуақты кезеңдері осында өтті», дейді радио ардагері Бүркіт Бекмағамбетов.
Ұлттық радионың бүгінгі таңдағы алтын даусына айналған белгілі журналистер Бақыт Жағыпарұлы мен Гүлмира Нәлібай тізгіндеген мерейтойлық іс-шара әсем әуен қалықтаған концерттік бағдарламаға ұласты.