Қарулы күштеріміздің цифрлық трансформациясы – қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Бұл жұмыс Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сай жүргізіліп жатыр, сондай-ақ армиямыздың қазіргі кездегі әрі болашақта алдымыздан шығуы мүмкін қауіп-қатерлерге тиісінше тойтарыс беруі үшін оның жауынгерлік даярлығын, әскерді басқару жүйесінің орнықтылығын әрі мүмкіндіктерін арттырудың тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Қазіргі әлемдегі әскери-саяси ахуалдың жедел өзгеруі, геосаяси тұрақсыздықтың белең алуы, қақтығыстың гибридті формаларының кеңінен таралуы мен әскери салада цифрлық технологиялардың белсенді енгізілуі цифрландыру мәселесін стратегиялық маңызға ие міндет деңгейіне шығарып отыр. Мемлекет басшысы бүгінгі әскеріміз мобильді, жоғары технологиялы, өзгермелі жағдайға бейім болуға, уақтылы әрі сенімді деректерге негізделген басқару жүйесімен толық қамтамасыз етілуге тиіс екенін жиі айтып келеді. Бұл орайда цифрлық трансформация әскердің жауынгерлік қабілетін арттырудың, басқару тиімділігін күшейтудің және жаңа сын-қатерлерге жедел ден қоюдың шешуші факторы саналады.
Қорғаныс министрлігі Ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы, подполковник Бекжан Мырзағалиевтің айтуынша, осы орайда Қарулы күштерді цифрландыру қосалқы бағыт ретінде емес, мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтудың, әскерді басқару жүйесінің тиімділігін арттырудың және барлық деңгейде шешім қабылдау жүйесін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
«Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Қарулы күштерде әскер мен қару-жарақты басқарудың автоматтандырылған жүйелерін құру мен енгізудің ұйымдастырушылық, техникалық әрі нормативтік іс-шаралар кешені кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Аталған жүйелер барлық деңгейдегі командирлер мен штабтарға әскери-саяси және ағымдағы ахуал туралы, күштер мен құралдардың құрамы, олардың дайындық деңгейі мен қамтамасыз етілуі жөніндегі өзекті ақпаратқа жедел қол жеткізу мүмкіндігін береді», дейді подполковник Б.Мырзағалиев.
Оның айтуынша, автоматтандырылған басқару жүйелерін пайдалану қабылданатын шешімдердің жеделдігін арттыруға, жоспарлау мен бұйрықтарды жеткізу уақытын қысқартуға, бөлімшелер іс-қимылының үйлесімділігін күшейтуге, сондай-ақ адам факторына байланысты тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұл әскерлердің жауынгерлік даярлық деңгейі мен қойылған міндеттерді орындау қабілетіне тікелей ықпал етеді.
«Кадр даярлау, әскерге шақыру мен жұмылдыру үдерістерін цифрландыру да – басым бағыттың бірі. Жеке құрамды есепке алудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыру деректердің толықтығын, өзектілігін және шынайылығын қамтамасыз етуге, әскери қызмет өткеру рәсімдерінің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ кадрлық ресурстарды жоспарлау тиімділігін күшейтуге септігін тигізеді», деп түсіндірді ҚМ Ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы.
Подполковник Б.Мырзағалиев логистика мен ресурстарды басқаруды цифрландыруға да айрықша ден қойылып жатқанын айтты. Берілген мәліметтерге қарағанда, Қарулы күштерде қару-жарақ пен әскери техниканы, оқ-дәрілерді, материалдық-техникалық құралдарды, медициналық және тылдық қамтамасыз етуді автоматты түрде есепке алу жүйелері кезең-кезеңімен енгізіліп, одан әрі дамып жатыр. Мұндай тәсіл бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етіп, бақылауды күшейтеді әрі лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін арттырады.
Сондай-ақ цифрлық логистика жабдықтау үдерістерін оңтайландыруға, жоспарлау дәлдігін арттыруға, техниканы жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуге деген қажеттілікті дер кезінде анықтауға, бұған қоса әскерлерді қамтамасыз ету барысында бейбіт уақыттағы күнделікті қызметте де, жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде де іркілістердің туындау ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді.
Сала мамандары цифрлық трансформация жүйесінде жасанды интеллект технологияларын енгізу ерекше орын алатынын айтып отыр. Бұл технологиялар басқарушылық шешімдерді қолдау, тәуекелдерді бағалау мен әскери нысандарды күзету, қорғау тиімділігін арттыру мақсатында қолданылады.
Ауқымды цифрландыру үдерісін жүзеге асыру осы салаға маманданған әрі білікті кадрларсыз мүмкін емес екені белгілі. Соған байланысты Қарулы күштер қатарында заманауи цифрлық біліктілікке ие офицерлер мен мамандар корпусы даярланып жатыр. Азаматтық IT-сектормен, отандық сала мамандарымен және ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимыл жолға қойылып, қолданбалы сипаттағы білім бағдарламалары енгізіліп келеді.
«Цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтумен қатар, оның тәуекелдері де ескеріледі. Цифрлық трансформация кезінде сенімді киберқорғанысты қамтамасыз ету мен технологиялық егемендікті нығайту мәселелері бірінші кезектегі маңызға ие. Осылайша, Қарулы күштердің цифрлық мүмкіндіктерінің дамуы Президент тапсырмаларын жүйелі әрі дәйекті орындаудың нәтижесі болып отыр және ол заманауи, орнықты әрі технологиялық тұрғыдан дамыған армия қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағытты айқындайды», дейді Б.Мырзағалиев.
Қорыта айтқанда, мамандар цифрландыру үдерісі әскерді басқарудың тиімділігін арттырудың, қорғаныс жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етудің, Қарулы күштердің қазіргі және болашақ сын-қатерлерге қарсы тұруы үшін қабілетін жан-жақты арттырудың шешуші факторына айналғанын бірауыздан айтады. Бұл – заман көшінен қалып қоймай, алдыңғы қатарлы елдермен бірге дамып, ілгері басудың бірден-бір жолы.