Ақтөбе облысында көктемде 865 мың гектар алқапқа дән себіледі. Оның ішінде 506 мың га дәнді дақылдар, 75 мың га майлы дақылдар, 277 мың га мал азығы дақылдары егілсе, 3,5 мың га картоп және 3,3 мың гектарға басқа да көкөніс түрлері отырғызылады. Қазіргі уақытта қажетті тұқымның 90 %-ы әзірленіп, 42 мың тонна тұқым сапасына лабораториялық тексеріс жүргізілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Асқар Жүсібәлиевтің хабарлауынша, егіс науқанына 1,5 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,4 мың дәнсепкіш және 1,8 мың жер жыртатын техника дайын. Биыл Ақтөбе облысына егістік жұмыстарына 7,9 мың тонна жеңілдетілген жағармай отыны бөлінді. Әзірге шаруаларға жаңармайдың әр литрі қандай бағамен жеткізілетіні белгісіз. Далалық жұмыстарға бөлінетін отын бағасын Энергетика министрлігі бекіткеннен кейін жеткізуші оператор белгілейді.
Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет - Президент
Осы жылы «Кең дала-2» бағдарламасымен егіс науқанына 5 %-дық жылдық мөлшерлемемен несие беру жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта шаруалар 1,7 млрд теңге жеңілдетілген несие алып үлгерген. Оған қоса өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 млрд теңге қарастырылды. Жыл сайын шілденің аптап ыстығында шегірткелер қаптап, егістікке орасан зор зиян келтіріп жатады. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне қарағанда, биыл зиянкестердің 160 мың гектар алқапқа таралу қаупі бар. Сол себепті құмды алқаптарда улау жұмыстарын ертерек қолға алу пысықталды.
2026 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру басталды