Алматыда курьерге қатысты резонанстық оқиғадан кейін жеткізу агрегаторларына қойылатын талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінде ірі жеткізу қызметтері агрегаторларының өкілдері, прокуратура, қалалық қызметтер мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Жиында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және курьерлік қызмет саласындағы бизнестің жауапкершілігін күшейту мәселелері талқыланды.Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов жеткізу нарығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігі әрдайым басым бағыт болуы тиіс екенін айтты.
«Әрбір курьер тұрғын үйлерге кіріп, азаматтардың жеке деректері мен олардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәліметтерге жанама түрде қол жеткізеді. Сондықтан біз курьерлерді жұмыс процесінің барлық кезеңінде биометриялық сәйкестендіруді енгізуді, аккаунттарды үшінші тұлғаларға беруге қатаң тыйым салуды, шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесін реттеуді және жол қозғалысы қағидаларының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды талап етеміз», деді мегаполис басшысы.
Өз кезегінде Алматы қаласы прокуратурасының өкілі жеткізу нарығына қатысушылардың барлығы заң талаптарын мүлтіксіз орындауы тиіс екенін атап өтті. Ол агрегатор компаниялардың қызметінің заңдылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдармен тиімді ақпарат алмасу тетіктерін жолға қою және тартылған қызметкерлердің құқықтық мәртебесін тексеру мәселелеріне назар аударды. Прокуратура өкілі мемлекет пен бизнестің бірлескен іс-қимылы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың басты кепілі екенін жеткізді.
Кеңес барысында платформалардың ішкі регламенттерін қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру, курьерлерге қатысты бақылауды күшейту, қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін шамадан тыс жедел жеткізуді ынталандыру тетіктерін қайта қарау және барлық қызметкерлердің заңды мәртебесін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған Айдын Кабдулдинов жеткізу сервистерінің қауіпсіз әрі заң аясында жұмыс істеуі – бизнестің жоғары әлеуметтік жауапкершілік аймағы екеніне тағы да тоқталды.
Алматыда курьер мен тапсырыс беруші әкімшілік жауапқа тартылды
«Егер жүйелі өзгерістер енгізілмесе, полиция департаменті нормативтік реттеуді күшейту және агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауға бастамашылық етеді. Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі. Сондықтан заманауи сервистердің қауіпсіз қызметін қамтамасыз ету – ортақ міндет. Цифрлық экономиканың дамуы азаматтарды қорғау тетіктерінің күшеюімен қатар жүруі тиіс», деп түйіндеді ол.
Алаяқтардың айласы өзгерді: Енді ақшаны «курьер» болып алып кетеді