Әр дәуірдің, тіпті әр жылдың топ жарғандары болады. Олардың атқарған ісі, өнегесі өлшеусіз. Тіршілігінде биіктігімен, кемелдігімен көрінеді. Алдыңғы толқын мақтан етсе, тұстастары тұғырының мықтылығына сүйсінеді. Кейінгі толқын үлгі етсе, жастар ұқсап бағуға талпынады. Болмысы бүтін жаратылған азаматтың бойында мұндай құбылыс білім мен білік ұштасқанда, шын дарын жан-жақты ісімен толысып танылғанда шоқ жұлдыздай жарқырап шығады.
Қалай десек те, адам өмірі өлшеулі, бұл аттап өте алмайтын ақиқат. Сол ақиқаттан кейін кімнің тұлға, кімнің мықты екені, кімнің уақытша бет-беделді болғаны аңғарылады. Ойлы ақын, әлемдік деңгейдегі азамат Олжас Сүлейменов айтатын «Тау алыстаған сайын биіктейтін» тұс алдыңнан шығады.
Соған бір дәлел – менің өмірлік ұстазым, ғұлама ғалым Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің өнегеге толы өмір жолы дер едім. Ол туралы біртуар қайраткер Дінмұхамед Қонаев: «Өте намысқой, ер мінезді, нар көтермес жүкті жалғыз сүйреуге бар азамат» дегені белгілі.
Өмірбек Арысланұлы қарасаң көз тоятын кең пішілген кемел де кемеңгер, өзі де, сөзі де ірі ұлттың ірі тұлғасы еді. Білімі терең, ой өлшемі ерен, алары кетсе де, көкейіндегісін іркіп қалмай «қазақ рухының нағыз Геркулесі» (Әбіш Кекілбайұлы) топ жарып айтатын, айтқанда дәйегі темір қазықтай қадалып тұратын.
Қазақтың ардақтысы саналатын айтулы ғалым халқымыздың қабырғасын қақыратқан өткен ғасырдағы алапат аштықтың қарсаңында, яғни 1931 жылдың наурызында өмір есігін ашыпты. Екі өкпеден қысқан небір қиындыққа қарамай анасы жалғыз ұлын білім жолына салады. Алғыр бала алда жүреді. Сұм соғыс басталып, қиындыққа қиындық қосылады. Бірақ ол кездің балалары қайсар да шымыр болған ғой. Мұғалімдері саналылыққа баулып, отаншылдыққа тәрбиелеу кезінде «кім бес алса, жауға бес оқ атқанмен бірдей» деген сөзді қанат тұтып, бәрі де жақсы оқыған. Ол оза шауыпты.
Мектепті алтын медальмен бітірген ауыл баласы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне іркіліссіз түседі. Арманын қырандай самғатқан талантты жас тарихы ғасырлармен өлшенетін оқу орнының профессор-оқытушыларының назарына ілініп, қоғамдық жұмыста да ат оздырып, ерекше ілтипатқа бөленеді. Білім ордасын үздіктер қатарында бітіріп шығады. Жалғызым деп жүрген жалғыз анасы үшін еліне қайта оралып, Шымкент қаласындағы Қазақ технология институтына оқытушылық қызметке кіріседі. Механика факультетіне декан болады. Ана үмітін ақтап, Майя Мұхамедәлиқызымен отау тігеді, ұлы өмірге келеді. Қатарға қосыла бастайды.
Бастапқы мақсат-мұраты ғылым әлеміне бойлап бару еді. Ол жолдың да оңай еместігін ерте түсінген жайсаң жан белді бекем буып өзін баулыған Мәскеуге бет түзейді. Аспирантураға түсіп, ассистент бола жүріп, талмай талпынып, жүйелі ізденіп, соның нәтижесінде ғылым кандидаттық диссертациясын сәтімен қорғап шығады.
Елге адал қызмет етсем, жайдары заманда жас ұрпаққа қажет білім ісіне иненің жасуындай болса да үлес қоссам деген ниеті көш ілгері озып, бұл жолы сол тұстағы жұртының астанасы Алматыға ат басын тірейді. Алған жоғары біліміне, қорғаған тақырыбына қарай Отанымыздағы ірі білім ордасы, Қазақ политехникалық институтына, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне доцент болып қызметке тұрады.
Келісті кескін келбетімен, толысқан түр-тұлғасымен, алымды алғырлығымен, бүтін болмысымен, терең білімімен тәнті еткен Өмірбек Арысланұлын алдыңғы толқын оқытушылықтан жоғары қызмет баспалдағына жол ашады. Кафедраға жетекшілік етеді, декан, проректор жұмысына сатылап өседі. Күнделікті тірлікпен шектелмей, алға жылжыған қоғамның талабын, жастардың келешегін ескеріп, аталған оқу орнының аясында «Механизм, машина және автоматика теориясының маманы» деген бағытта аспирантура ұйымдастырды. Н.Левитскиймен бірлесіп «Механизмдер мен машиналар теориясы» курсының бағдарламасын жасайды. Сол бойынша елімізде алғаш рет механизмдер мен машиналар теориясынан мамандар даярланады. Ол кейін Әл-Фараби университетінде қолданбалы механика бойынша кең ауқымды зерттеулерге ұласты.
Өмірбек Жолдасбековтің ерекше танылған тұсы – Қазақ ұлттық университетіне ректорлық қызметке кірісуінен басталады десем, артық айтқандық емес. Ол он алты жыл ішінде білім мен ғылым саласына да, оқу орнын заманауи талапқа сай өркендетуге де бар күш-жігерін жұмсады. Айналасына үміт еткен жастарды жинады. Солардың қатарында мен де болдым. Қай кезде де ұлы ұстазымның жанынан табылдым. Қазір де шәкірттік парызымды шын ниетпен атқаруды борышым деп білемін.
Мақаланың атауына негіз болған зиялы сөзінің түп-тамыры тереңде. Ақылы кенен, ойы өрісті, болмысы келісті, бүгінгінің шеңберіне шегеленіп қалмай, «Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман» (Шәкәрім ) желісіне көз жіберіп, соған табан тіреген адамды зиялы десек, жарасары хақ. Өмірбек Арысланұлы сондай зиянсыз зиялы еді. Бірден айтайық, ол – дүниенің тұтқасы озық техника болатынын ерте бағамдап, инженерлік саланы дамытуды алға шығарды. Оның негізі білім мен ғылымды қатар дамытуда жатқанын терең түсінді. Сол үшін де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін атына затын сай етіп құруды қолға алды. Әр көшеде шашыраңқы орналасқан ғимараттарды қалайда бір орталыққа топтастыруды мақсат етті.
Кезінде белгілі математик ғалым Асқар Закарин ректор болып тұрғанда білім ордасының қалашығын салу туралы Үкімет арнайы қаулы (1966 жыл) қабылдатқан. Бірақ ол орындалмай, қатпар-қатпар қалың қағаздың астында қалып қойған.
Университетті әлемдегі мықты оқу орындарының қатарына қосу жайы әрдайым көкейінде жүрген Өмекең ректорлыққа келе салып, шаң басқан әлгі қаулыны жаңғыртуға қарекет етті. Салынатын ғимараттардың, оған қажет жердің, жұмсалатын қаржының есебін шығарып, ҚазМУ-дың жаңа қалашығын тұрғызу бойынша үш айдың ішінде Үкіметтің жаңа қаулысын шығаруға ұйытқы болады. Бұл – 1970 жыл болатын.
Кеткен есені танымды ұрпақтың білімдарлығымен қайтаруды ой түбіне бекіткен ойлы азамат, Абай дананың «болмасаң да ұқсап бағуын» санасында саралап, Ұлыбританиядағы Оксфорд пен Кембридждей, АҚШ-тағы Гарвардтай жасауға талпынады. Оқу ордасы білім беру мен ғылымды қатар алып жүруге тиіс дейді. Тоқсан гектар жерде құрылыс жүргізілді. Оны қадағалап Өмекең жүрді. Санаулы жылдан кейін студент жатақханалары, оқу, әкімшілік ғимараты бой көтерді. Қаланың ішіндегі қалашық елге, ең бастысы сол елдің келешегі саналатын ұрпаққа қызмет ете бастады.
Студенттермен бірге, оқытушылар саны да артты. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысалға жүгінер болсақ, 1971 жылы университетте 52 ғылым докторы, 309 ғылым кандидаты болса, 16 жылдан кейін 30 академик, 200 ғылым докторы, 700-ден аса ғылым кандидаты жұмыс істеді.
Білім ордасы сол кездегі КСРО бойынша озық үш университеттің біріне айналды. Ақиқатын айтсақ, бұл Өмірбек Арысланұлының жанкешті еңбегінің нәтижесінде қол жеткен жетістік еді. Осы арада, айтулы қаламгер, ой әлемінің кемеңгері, сөз әлемінің зерделі зергері Әбіш Кекілбайұлының: «Біздің нағыз ұлттық университетіміз Өмірбек Жолдасбековтің тұсында және оның аянбай сіңірген қажыр-қайратының арқасында ғана дүниеге келді десек, артық айтқандық болмас. Тек сол кезде ғана ол қарапайым жоғары мектептен ұлттық санамыз бен ұлттық зердеміздің қырандардың қияға салған ұясындай аса биік, аса мәртебелі Ордасына айналды» деген аталы да баталы сөзі ойға оралып отыр. Осыдан артық бағаның болуы да екі талай-ау!
Желтоқсан көтерілісінде тепсініп теңдік сұраған жастардың талабын теріске бақтырып, қара бұлт үйіргенде Өмекең секілді зиялыларды зияндылар қатарына қосып, бүкіл жұмысын жоққа шығаруға ұмтылған күштер пайда бола кетті. Атам қазақ: «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» дегенді осындайда айтса керек. Желден дауыл тұрғызғандар Арысланұлын тергеп, тексеріп, ұлтшыл деп қаралап баққанда, өзге ұлт өкілдерінен бастап, арын нанға айырбастамағандар оны қорғап қалды.
«Оның университетке сіңірген орасан зор еңбегін қалай жоққа шығарамыз. Ол өзгелерден биік тұрған тұлға ғой. Ойланайық, жолдастар. Өз басым оны партия мүшелігінен шығаруға қарсымын», деп академик Зейнолла Қабдолов төтесінен кеткенде, оны отырғандар түгел дерлік қолдап шықты. Тапсырыспен жұмыс істеп жүргендердің желбіреген туы жығылды.
Осындай ауыр күндердегі іштей күйзелістердің бәрі де менің көз алдымнан өтіп жататын. Қиналатын едім. Кейде кей пенделермен шарпысып та қалатынмын. Аққа күйе жұқпайтынын, түптің түбінде ақиқат салтанат құратынын жасқанбай айтатын едім. Енді өтті дәурен солай бір деймін.
Тіпті орталықтан 75 адамнан тұратын комиссия жіберіп, Жолдасбековтің қылмысын ашамыз, салған вилласын әшкерелейміз деп желпініп жеткендер ректордың қызмет саяжайынан басқа түк таппай, екі ай сандалып, бастары тасқа тиіп кері қайтты. Сөйтіп, Жолдасбековті қаралағандардың өзі қара тұтқандай күй кешіп, академиктің келбетіне бір түйір шаң жұқпады.
Осы арада тағы бір жақсы іс туралы айта кетсек деймін. Ол 1990 жылы елімізде тұңғыш рет демократиялық жолмен сайлау өткені мәлім. Қалың жұрты, біз секілді шәкірттері қолдап, келісімін алып баламалы негізде депутаттыққа ұсындық. Сол кезде де Өмекеңе деген үлкен-кішінің шынайы ілтипатын көрдік. Сайлаушылармен жүздескенде, олар ғалымды көкке көтеріп жатты.
Сайлау штабын басқаруды маған сеніп тапсырды. Сонда байқағаным, ол қарсыластарынан көш ілгері тұрды. Кездесулердегі кісілігі, жөні келгенде кішілігі, білімдарлығы кімді де болса баурап алатын.
Бір жолы ғалымнан: «Сіздің достарыңыздан қастарыңыз көп, байқаңызшы» дегенде бір сайлаушы: «Қас санауға уақытым жоқ, дос түгендеп жүрмін» деді риясыз көңілмен. Осы арада ғалымның Республика Жоғарғы Кеңесіне алты рет депутат болғанын да айта кеткенім абзал.
Иә, академик бір емес бірнеше рет топ жарып, халық қалаулысы атанды. Парламентте комитет төрағасы болды. Қайда жүрсе де айтулы ғалым сөздің емес, істің адамы екенін дәйектеп бақты. Ол осындай қасиетімен дараланып тұратын.
Біз жар сыйлаудың да үлгісін ұстазымыздан үйрендік. Белгілі филолог ғалым, профессор Майя Бағызбаева екеуі жарасып жүретін еді. Қай кезде де біріне-бірі сүйеу бола білді. Майя Мұхамедәлиқызы Өмекеңнің нағыз серігі, таянышы еді. Ұл, қызы да ғылыммен айналысты, өнегелі болып өсті.
Отандық ғылымның әр саласында тұңғыш атанғандар баршылық. Бұл тұрғыдан келгенде де Өмірбек Арысланұлы сол тұңғыштардың қатарынан табылады. Білім мен ғылымды тең меңгерген, әлемдік деңгейдегі жаңалықтар ашқан тегеурінді тұлға екені еш шүбә келтірмейді. Оған Әбіш Кекілбайұлының: «Ғылымда жанқиярлық жасап, қазақ зиялыларының қолы сирек жеткен салада әлем мойындаған әйгілі мектеп жасақтады. Шығыс дүниесінде инженерлік істің кең өрістеп, терең сіңісуіне ондай ынта-шынтын салған тұлғалар арғы-бергіде кемде-кем» деген батыл бағасы мысал деп білеміз.
Ол елімізде машиналар мен механизмдер теориясының негізін қалады. Расында, мектебін де қалыптастырды. Мұның бәрі докторлық диссертациясынан бастау алған еді.
Еңбегі ерен, ой әлемі ұшан-теңіз ғалым техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Мемлекеттік сыйлықтың да иегері. Оның шәкірттері де аз емес. 24 ғылым докторын, 90-нан аса ғылым кандидатын дайындады. Олардың көбі қазір ұстазының сенімінен шығып, ғылымда ерекше көзге түсіп жүр.
Артында қалған мұрасына көз жүгіртер болсақ, 400-ден аса ғылыми еңбектің авторы болуымен қатар, 18 монография, 30 оқулық жазғаны тағы бар. Өнертапқыштық саласы бойынша 85 патенттің иегері. Ол мұның бәрі халықтың қазынасына қосқан үлесім дейтін.
Тәуелсіздіктен кейінгі аласапыран басталғанда Өмірбек Арысланұлы біздің еліміз де бұрынғы тар шеңберден шығуы керек, әлемдік ғылымға бой ұруға тиістіміз деп, өзі көптен зерттеп зердесінен өткізіп жүрген машиналар мен механизмдер теориясы бойынша инженерлік қызметтің орны қашанда биік екенін қадап айтып: «Ғалым не керек екенін біледі, ал инженер не керек екенін және оны қалай жасау керек дегенді ой санасына тоқып жүреді. Сондықтан да біз әлемдік инженерлік академиялардан үйренуіміз керек» дейтін.
Отанымызда өзі іргетасын қалаған машиналар мен механизмдер теориясы оны әлемдік деңгейге көтерді. Өзге елдердің оқымыстылары бағалай отырып, өздерінің қатарына тартты. Соның бір дәлелі, халықаралық Инженерлік академия мүшелері Өмірбек Арысланұлын бірінші вице-президент етіп сайлады. Ислам елдері инженерлік академиялар федерациясы да вице-президент дәрежесіне көтерді.
Өмірбек Арысланұлы әлемдік ғылымды, әсіресе инженерлік саланы ерекше бағалағанын жоғарыда айттық. Тәуелсіз ел өндірісін дамытудың негізгі өзегін құрайтын инженерлік ғылым, сол ғылымның нәтижесінде қолданысқа енетін түрлі құрал-жабдықтар екенін айта жүріп, соны іске асыруға ерекше көңіл аударды. Осыдан келіп тұңғыш рет Қазақ елінің Ұлттық инженерлік академиясын құрып, алғашқы президенті болды. Сол ғылым ордасы оның басшылығымен қолданбалы механика, механизмдер мен машиналар саласы бойынша зерттеулер жүргізумен қатар, түрлі құрал-саймандардың макетін жасауға ұйытқы болды. Біз ол кісінің басшылығымен жүк көтеретін алуан түрлі макеттер жасадық.
Егер Өмірбек Жолдасбековке ғұмыр бұйыртса 95 жасқа толар еді. Ғалымның өмірден озғанына да отыз жылға таяп қалды. Екінші өмірі артында қалған мол мұрасымен, шәкірттерінің қолдауымен жалғасып келеді. Еңбектері жарық көріп, замандастары мен шәкірттерінің естеліктерінен тұратын кітаптар жұрт қолына тиді. Талай талантты жастың бағын ашатын Жолдасбеков атындағы халықаралық конкурс жыл сайын өткізіледі. Бұдан басқа да іс-шаралар аз емес. Біз мұның бәрін кейінгі толқынға өнеге болсын деп ұйымдастырамыз. Біртуар ғалымның өмір жолына қарап, алыптардың ізін басқан, ісін жалғаған зиялылық заңғары Өмірбек Арысланұлы есімі ұлтымен бірге жасай беретініне сенеміз.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Ұлттық инженерлік академиясының президенті