Қазір көшеге шыға қалып, өткен-кеткен адамдардан «Мешіт деген не?» деп сұрап көріңізші. Басым бөлігі «Намаз, құран оқитын жер» деп жауап береді. Алайда мешіттің атқаратын міндеті сол ғана ма? Әрине, олай емес.
Мешіттерде адамның бүкіл өмір тіршілігіне қатысты жөн-жоралғылар да жасалады. Балаға азан шақырып ат қоюдан бастап, үйленсе некесін қию, отбасы мәселелері бойынша кеңес беру, араздасқан жандарды татуластыру, дүниеден өткен жандардың жаназасын оқу, әруақтарға құран оқып, дұға бағыштау секілді сауапты амалдар мешіттерде атқарылады. Сонымен қатар мешіттерде радикализм мен теріс ағымдардың алдын алу, дәстүрлі дінді насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жұмыстары да жүргізіледі. Мешіттерді мейірім мекені деуге де болады. Себебі мешіт имамдары қаншама қайырымды жұмыстардың бел ортасынан табылып, ізгі істердің дәнекері болып жүргенін біреу білсе, біреу білмейді.
Біріншісі – жол бойындағы мешіттердің жәрдемі. Бүгінде жол бойындағы кейбір мешіттерде жолаушыларға арналған тегін демалыс орындары, шай ішіп жылынатын орынжайлар да дайындалған. Әсіресе бүгінгідей қыстың күндері жолда қалған жолаушыларға мешіт имамдары жатын орнын, ас-суын дайындап, қолдау білдіріп келеді. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын қыста жол жабылып, өзбекстандық 40-қа жуық қажы Атбасардың тұсында жолда қалған еді. Сол уақытта имамдар шетелік жолаушыларды мешітке әкеліп паналатып, оларға арнап ас дайындап, алғысын алған болатын. Еліміздегі мешіттердің осы секілді қамқорлығы көп-ақ. Арыста жарылыс болған кезде де тұрғындардың мешіттерді паналағаны да белгілі.
Екіншісі – қайырымдылық іс-шаралары. Бүгінде жоқ-жітікке қарайласуды да мешіттер өз міндетіне айналдырды. Осы уақытқа дейін мешіттердің атсалысуымен жалғызілікті, көпбалалы һәм тұрмысы төмен отбасыларға 883 баспана берілді. Бұл бағытта ҚМДБ жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар қор науқас жандарға көмек беру, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету, қаржылай қолдау, т.б. қайырымдылық жұмыстарын атқарады. Мәселен, «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында еміне көмек қолын созу, дәрі-дәрмек алып беру арқылы науқас жандарға көмек көрсетіледі. Ал жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздегі барлық мешітте «Мектепке жол» жобасы ұйымдастырылады. Жоба аясында жыл сайын 2 мыңнан аса әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан балаға жәрдем беріледі.
Үшіншісі – апатты кездердегі көмектер. Елімізде, тіпті басқа елдерде апатты жағдай болған кезде де «Зекет және қайырымдылық» қорының қызметкерлері көмекке келді. Мәселен, Абай мен Қостанай облыстарында өрт болған кезде қор апатты жердегі тұрғындарға қаржылақ һәм қол көмегін көрсетті. Сол секілді Түркия, Сириядағы зілзала кезінде де қор қызметкерлері ел ішінен қаржы жинап, жәрдем берді.
Төртіншісі – Рамазан, айт кездеріндегі жақсы амалдар. Дін қызметкерлері жыл сайын Рамазан айында мешіттерде ауызашарлар ұйымдастырады. Мәселен, Алматыдағы Республикалық бас мешітте күн сайын 500 адамға ауызашар беріліп жүр. Осы секілді ауызашарлар еліміздегі көптеген мешітте өткізіледі. Сондай-ақ жуырда ҚМДБ жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай республика көлемінде «35 мың азық-түлік себетін тарату» қайырымдылық акциясы өткенін айта кетейік. Сол секілді Құрбан айт кезінде қор құрбан шалу жұмыстарын үйлестіреді. Жыл сайын еліміз бойынша 80 мыңға жуық отбасы құрбан етімен қамтамасыз етіледі.
Мешіт қызметкерлері «Нағыз иманды адам өзіне қалағанды өзгелерге қалайды деген» Пайғамбар ұстанымына бекініп, халықтың алғысы мен ықыласына бөленіп, жұртқа жақсылық ету жолында қызмет етіп келеді.