Үкімет үйінде Сербия Президенті Александр Вучич пен Премьер-министр Олжас Бектеновтің кездесуі өтті. Онда жоғары деңгейде жүргізілген келіссөздер аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі шаралар қаралды.
Инвестициялар, көлік пен логистика, цифрлық сала мен ЖИ, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру және тағы да басқа салалардағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.
«Бүгін Сіз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен нәтижелі келіссөз жүргіздіңіз. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтың орындалуын ерекше бақылауға алады. Біздің деректеріміз бойынша, 2025 жылы өзара сауда көлемі 107,7 млн долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға өсті. Бұл көрсеткіш одан да ауқымды нәтижелерге қол жеткізу үшін оңтайлы негіз бола алады. Біз ұзақмерзімді ықпалдастықты одан әрі жалғастыруға ниеттіміз», деді О.Бектенов.
Сербия Президенті Александр Вучич елімізбен энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс, азаматтық авиация, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар, сондай-ақ білім сияқты перспективалы бағыттар бойынша әріптестікті дамытуға ұмтылысын растады.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екеуміз серіктестік аясындағы барлық үдерісті тікелей қадағалап отырамыз. Сондай-ақ бұл іске біздің елдердің үкіметтері де белсенді қатысып отырғанын жақсы білеміз. Бізге Қазақстанның білім саласындағы тәжірибесі қызықты. Осыған байланысты қазақстандық сарапшыларды шетелдік жоғары оқу орындарының кампустарын ашу, дуальды білім беруді дамыту, студенттерді шетелде оқыту тәжірибесімен бөлісу үшін Сербияға шақырғымыз келеді», деді Сербия Президенті.
Кездесу барысында Сербиямен цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті үлкен екені атап өтілді. Елімізде Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында заманауи цифрлық экожүйе қалыптасып жатыр. Орталық Азияда екі суперкомпьютер кластері іске қосылды, «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды, «CryptoCity» пилоттық аймағы, тағы да басқа да жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Көлік интеграциясы мәселелерін талқылау кезінде Орта дәлізді дамытуға және елімізде жүргізіліп жатқан жаңа инфрақұрылымды салу жұмыстарына, оның ішінде теміржол мен автокөлік желілері, теңіз терминалдары мен халықаралық авиациялық хабтарды құруға ерекше назар аударылды.
Агроөнеркәсіп секторындағы, оның ішінде селекция мен тұқым шаруашылығы саласындағы әріптестікті тереңдету перспективалары да атап өтілді. Олжас Бектенов отандық өндірушілердің жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең ассортиментін экспорттауға, қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастыққа әзір екендігін жеткізді.
Белградта өтетін «EXPO 2027» көрмесін ескере отырып, еліміз Сербиямен 2017 жылы Астанада мамандандырылған көрмені өткізу кезінде жинақтаған тәжірибесін бөлісуге дайын.
Кездесу қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов пен Сербия Президенті Александр Вучич барлық перспективалы бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты серпінді дамыту мен нығайтуға бейілді екенін білдірді.
Сонымен қатар Александр Вучич елімізге ресми сапары аясында отандық қорғаныс өнеркәсібінің, оның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы қазақ-серб бірлескен жобаларының көрмесіне, «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО), «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.
АХҚО-да орталық жұмысының негізгі бағыттары, оның ішінде инвестицияларды тарту, мәмілелерді бір құрылымға келтіру, капитал нарығын дамыту мен халықаралық жобаларға қолдау көрсету жөніндегі құралдар көрсетілді. Бизнесті сервистік қолдау инфрақұрылымына ерекше назар аударылды. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров орталық тартқан инвестициялардың жиынтық көлемі бүгінде 20 млрд доллардан асқанын баяндады.
Александр Вучич «Alem.ai» орталығында еліміздің цифрлық саланы және ЖИ-технологияларды дамытуға бағытталған жүйелі тәсілдерімен танысты.
Сербия Президентінің назарына отандық әзірлемелер мен жасанды интеллект-стартаптар ұсынылды. «Astana Hub»-та IT-стартаптарды қолдау жүйесіне және жетекші әлемдік компаниялармен ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлінді. Сондай-ақ онда «BestVision» – өнеркәсіп пен тау-кен өндірісіне арналған АІ-мониторингі, бейнесараптамасы мен трекингі бар ақылды каска әзірлеуші; «KazDream» – бағдарламалық қамтамасыз ету, деректерді талдау және жасанды интеллект саласындағы стартап; «Documentolog» – электрондық құжат айналымын автоматтандыруға арналған ұлттық бұлтты сервис сияқты отандық стартаптар таныстырылды.