Қазақ халық поэзиясының көрнекті өкілі, жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Ата толғауы» салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жыр алыбы – Жамбылдың ұлы мұрасын насихаттауға арналған ізгі шараның шымылдығы Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрдің сүйемелдеуіндегі «Ата толғауы» күйімен ашылды.
Халық поэзиясының бұтағын жайған алып бәйтерегіне айналған тұлғаның рухына деген құрметпен сахна төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқыды.
«Қадірлі қауым! Сіздерді қазақ халқының заңғар тұлғасы, әдебиетіміздің алыбы – Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын! Жамбыл Жабаев – ұлт руханиятында ерекше орны бар тарихи қайраткер, төл мәдениетіміздің аса көрнекті өкілі. Әйгілі жыршы шоқтығы биік шығармалары арқылы отаншылдық пен ынтымақ, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеді. Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Өз дәуірінің тыныс-тіршілігін асқан шеберлікпен суреттеп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді.
«ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы ақынның туындылары көптеген шет тіліне аударылып, барша адамзатқа ортақ қазынаға айналды. Қос ғасырдың куәсі болған жыр алыбының мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Биыл мерейтойға орай Жамбыл Жабаевтың тарихи бейнесін айшықтай түсетін құнды пікірлер мен тағылымды ой-тұжырымдар айтылады деп сенемін. Осы өте маңызды іс-шараларыңыз сәтті өтсін, баршаңыздың ниеттеріңіз қабыл болсын! Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін!» делінген құттықтауда.
Салтанатты шара барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің, Алматы облысы әкімінің, Алматы қаласы әкімінің құттықтауы оқылды.
Ақын мерейтойына арналған дүбірлі кешті Жамбыл ауданынан арнайы келген өнерпаздар бастап, сахналық қойылым салтанатты кештің әрін аша түсті. «Жамбыл ата елі» әнін Жамбыл ауданы мәдениет үйінің солистері орындап, ақынның «Жаз» атты ғажайып туындысын халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жанқожа Аяпов шырқады. «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен Мыңжасар Маңғытаевтың «Жамбыл жайлауы» туындысы кештің көркін қыздыра түсті.
Ән мен жыр шырқалған кеште ақын шығармашылығына арналған естеліктер де айтылды. Бүгінде жырлары әлемнің көптеген тіліне аударылып, халқын әлемге танытқан Жамбыл мұрасын насихаттау хақында пікір білдіріп, құттықтауын арнаған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов «1936 жылы қазақ руханиятына Жамбыл ақын келді. Ол кезеңде дәл Жамбылдай беделі көтерілгенақын болған жоқ. Жамбыл жырларының арқасында қазақ елін әлем таныды. Ақынның бір ғана «Ленинградтық өрендерім» атты жыры майдан даласында қаншама жүректерге жылу беріп, демеу болды. Қазақ сөзінің құдіретін түсіндірген Жамбылдай дара тұлғаның мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің мәні тереңде жатыр. Кезінде Жамбыл өлкесіне жолы түскендер Жамбыл бабамызға сәлем беріп, батасын алмай кетпеген. Ендеше ақын өлкесіндегі музейді, бау-бақты қал-қадірімізше түгендеп, дамыта беру әрқайсымызға парыз», деп атап өтті.
Салтанатты кеште «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымының бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев құттықтауын арнады.
«Әр дәуірдің сөзін сөйлейтін, күйін күйлеп,жырын жырлайтын жыраулары болады. Олар заманның тамыршысындай ұлтына ұлағайыр пайдасын тигізеді. Ондай тұлғаларға деген құрметтің жемісін сол замандағы халық жақсыбіледі. Бүгінгі күні 180 жылдығы тойланып жатқанЖамбыл Жабаев ғасыр жасап, халқының жырауы,батагөй абызы, аңызына айналды. Дауыл-құйындай жырларымен адамзатты жырына арқау етті. Халқына өнерді, еңбекті насихаттады. Көне заман мен жаңа дәуірді таразылап, халық қамын ойлап, мұңын мұңдады. Жүз жылдық ғұмырында абыройлы еңбегін елінің игілігіне арнады. Ондай тұлғаның өмірге сирек келетіні анық. Халқы үшін күйінді, халқы үшін сүйінді. Болашақ өрендерге үнемі өсиет айтып, жырына қосып, батасын беріп, келер күн жақсылығының жыршысы болды. «ТҮРКСОЙ» ұйымы түркі халықтарынан шыққан мирас тұлғалар мерейтойына тұрақты атсалысып келеді. Барша түркі халықтарының рухани құндылықтары – ортақ мәдени мұрамыз» деп атап өткен Сұлтан Раев өз сөзін Сәкен Сейфулилиннің «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып, халқының қолына беру – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», деген сөзімен аяқтады.
Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы директоры Нұрғиса Дәуешов«Ақынның туғанына 180 жыл толуын еліміз деңгейінде атап өту – бұл ұлы абыз жырауға деген үлкен құрметтің нышаны. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда ұлыларға тағзым етіп, өткенге құрмет көрсетудің мән-маңызын атап өткен болатын. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымы Алматы облысымен бірлесіп ұйымдастырған салтанатты шараның мақсаты – бабамыз қалдырған мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттау. Еліміздің өнері мен мәдениетіне жаңа тыныс беру. Жамбыл ақын мұрасы қазақтың мирас өнерімен бірге жасасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба береді» деп атап өтті.
Соңғы жылдары жас ғалымдар тарапынан ақын мұрасын зерттеуге деген қызығушылық артып келеді. Жамбыл музейінің жетекшісі, ақынның немересі Салтанат Жамбылова мұрасын жинақтау, зерттеу ісінің жанданып, тың жәдігерлермен толығып отырғанын атап өтті. Қазіргі кезде музейдегі жәдігерлер саны 3 мыңнан асқан. Музейге жеткен жәдігерлер арасында 1954 жылы Қытайда төте жазумен басылған шығармалар жинағы ерекше назар аудартады. Осындай құнды еңбектерді сақтап, насихаттау ісі үздіксіз жалғаса беретін болады.
Салтанатты шара барысында еліміздің мәдениетіне үлес қосқан өнер майталмандары Президенттің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Өнер майталмандары Жамбыл шығармаларынан ән мен күй орындап, көрермен қошеметіне бөленді.
Президент Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты жиын қатысушыларына құттықтау жолдады