• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:07

Шаруаларды шарасыз еткен...

10 рет
көрсетілді

Шет ауданы Көктіңкөлі ауылындағы «Фриден» шаруа қожалығының басшысы Анатолий Гуреев биылғы қыс жылқы ұстаған ағайынға оңай тимей отырғанын айтады. Оның сөзінше, ақпан айының басында жауған алғашқы жаңбырдан кейін дала мұз болып қатып, жағдай күрт қиындаған.

– Ақпанның басындағы жаңбырдан кейін жайылым көктайғаққа айналды. Содан бері жылқыны толықтай қолға қаратып отырмыз. Қордағы шөпті беріп жатырмыз. Күніне шамамен бір тонна шөп кетеді. Оған қоса ­аз-аздан бір қап жем шашамыз. Қысқа қажетті азықты уақытында қамдап алғанбыз, соның арқасында әзірге шыдап тұрмыз, – дейді қожалық басшысы.

Бүгінде шаруашылықта үш үйір жылқы қолда тұр. Табиғи тебіндеуге мүмкіндік бол­маған соң, барлық салмақ жемшөп қорына түсіп отыр. Даланың өзі мұз, мал еркін жайыла ал­майды. Бұл тек бір қожалықтың мәселесі емес.

– Ауыл тұтас осындай жағдайда. Көрші ауылдағы ағайын да малын қолға қаратып отыр. Былтыр да қыс қатты болған, биыл да қайталанып тұр. Жалпы, кейінгі жылдары жылқы өсіру тиімсіз болып барады. Шығын көбейді, табиғаттың мінезі құбылмалы, – дейді А.Гуреев.

Шаруаның айтуынша, жемшөп бағасының өсуі мен ауа райының қолайсыздығы кәсіптің табыстылығына кері әсер етеді. Дегенмен ата кәсіптен бас тарту ойда жоқ. «Мал аман болса, береке де болады» деген сеніммен еңбек етіп отырған шаруалар үшін бастысы – қыстан шығынсыз шығу.

Агросарапшы Аспандияр Сейсен ақпан айындағы ақ жауын, көктайғақ, мұз Арқа шаруаларына кездейсоқ құбылыс болмай қалды дейді.

– Бұл – кейінгі жылдардағы климаттық құбылмалылықтың көрінісі. Жылқы – табиғи тебінге бейімделген мал, бірақ жаңбырдан кейінгі мұзға жылқы тұяғы батпайды. Қазір қожалықтар күніне тонна-тонна шөп беруге мәжбүр, азық қорын толық пайдалану үшін қосымша жемге тәуелді. Мұндай қарқынмен қор ұзаққа жетпейді, мал әлсірейді, жарақат алу қаупі өседі. Кейінгі жылдары жылқы өсіру экономикалық тұрғыдан күрт қиындап барады. Жемшөп қымбат, ауа райы тұрақсыз, өнім өткізу жолдары әлсіз. Егер мемлекет бұл саланы стратегиялық деңгейде қолдамаса, шағын қожалықтар біртіндеп қысқарады. Жылқы – тек ет немесе қымыз көзі емес, ұлттық бренд, ауыл экономикасының тірегі. Мәселені нарыққа қалдыруға болмайды. Әуелі, жемшөп қауіпсіздігін реттеу керек. Екіншісі – климаттық сақтандыру. Дәл осындай қиын қыс, қуаңшылық сияқты табиғи апаттардан келетін шығынды өтейтін тиімді бағдарламаларды енгізу. Қазіргі жүйе толық емес. Субсидиялау саясатын қайта қарау керек. Жылқы еті мен қымыз өндірісін нақты ынталандыратын шаралар енгізу қажет. Жайылым инфрақұрылымын дамытуды да қолға алатын кез жетті. Құдық қазу, су көздерін қалпына келтіру, ықтасын базалар салуға гранттық қолдау тетігін қарастырған жөн. Шаруаларға бір маусымдық көмек емес, ұзақмерзімді бейімделу бағдарламасы қажет. Дұрыс жос­парлау мен мемлекеттік қолдау болса, жылқы шаруашылығы табысты, стратегиялық салаға айналады. Басты мақсат – қыстан малды шы­ғынсыз шығарып қана қоймай, саланың бола­шағын сақтап қалу, – дейді Аспандияр Сейсен.

«Қазгидрометтің» Қарағанды облысы бойын­ша филиалы директорының орынбасары Береке Әбілдаұлының айтуынша, өңірде қыс ызғары әлі де сақталады. Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері ауа райы негізінен жауын-шашынсыз құрғақ болады. Түнгі уақытта ауа температурасы облыстың басым бөлігінде 25–30 градус аязға дейін төмендейді, шығыс аумақтарда сынап бағаны 33 градусқа дейін түсуі ықтимал. Облыстың оңтүстік бөлігінде түнгі суық 13–18 градус шамасында болады. Күндізгі ауа температурасы өңірде 15–20 градус шамасында, оңтүстікте –5, –10 градусты көрсетеді. Сондай-ақ желдің жылдамдығы секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін. Облыстың оңтүстігінде қар жауу ықтималдығы бар. Соның салдарынан кей аумақтарда мұз қатып, көктайғақ болады.

Мамандар мұндай ауа райы жол қозға­лысына да, мал шаруашылығына да қолайсыз екенін ескертеді. Қатты аяз бен көктайғақ жылқы малының жайылымдағы қозғалысын қиындатып, қосымша жемшөп беру қа­жеттігін арттыруы мүмкін. Сондықтан синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын күшейтіп, ауа райы болжамдарын қадағалап отыруға шақырады.

Былтырғы қыстан бірнеше шаруа қожалық төл ала алмай қалды. Жабағы-тайлар көтерем болды. Міне, биылғы қыстың соңында қар жауып, тағы да жылқы қолға қарап, фермерлерді қыспаққа алды. Ауылда шөп бағасы шарықтады. Амалы жоқ ауылдағы ағайынның бағаға қарайтын мұршасы жоқ. «Бұл да жұттың – бір түрі», дейді жұрт. Осылайша, қыстың қаталдығы малға ғана емес, ауылдың тіршілігіне де сынақ болып отыр. Жылқының амандығы – шаруаның амандығы, ал шаруаның тіршілігі – ауылдың тірегі. «Бұл қиындықтарды жеке қожалықтардың мойнына артып қойған жарамайды», – дейді фермерлер. Тұрақты жемшөп қоры, климаттық сақтандыру, субсидия және инфрақұрылымдық қолдау арқылы ғана шаруалар қыс мезгілінен шығынсыз өтіп, жылқы шаруашылығы аяғынан тік тұрады.

Басты міндет – малдың амандығын қамтамасыз ету арқылы ауылдың бүтіндігін сақтау. «Ендігіде қыстың қиындығы – мемлекет пен шаруаның ортақ жауапкершілігінде болса», дейді шарасыз шаруалар.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар