Былтырғы желтоқсанда банктердегі қаражат көлемі рекорд жаңартқан еді. Ал қаңтарда көрсеткіштің төмендегені туралы дерек шықты. Биылғы қаңтар айының соңында елдегі жалпы депозит көлемі 46,2 трлн теңге болды. Бір ай ішінде 1,8 трлн теңгеге азайған. Алайда өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда өсім 14,3% болып отыр. Яғни ұзақмерзімдік тренд әлі де оң бағытта, дейді сарапшылар.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) есебіне сүйенсек, қазір жұрттың депозитке ақша жинауы сиреген. Себебі табыс күнделікті тұтынудан аспайды. Банктегі жинақтардың өсу қарқыны кейінгі екі жылда алғаш рет айтарлықтай баяулаған. «Негізгі себеп – инфляцияның үдеуі. Былтыр инфляция деңгейі 12,3% болды. Ал 2024 жылы 8,6% еді. Бағаның өсуі халықтың нақты табысына тікелей әсер етті. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, жыл қорытындысында нақты табыс индексі 94% деңгейінде қалыптасты. Яғни халықтың нақты табысы 6%-ға төмендеген. Азаматтардың табысы ең алдымен күнделікті тұтынушылық шығындарды жабуға ғана бағытталып отыр.
Халық шығынының 92%-ы тұтынушылық мақсаттарға жұмсалады. Оның ішінде 52,3%-ы азық-түлік өнімдеріне кетеді. Демек табыстың жартысынан астамы тек негізгі қажеттіліктерге жетеді. Нәтижесінде, жинаққа бағытталатын қаражат көлемі қысқарған», деп жазылған ҚДКБҚ зерттеуінде.
Соған қарамастан бөлшек депозиттер нарығы белгілі бір деңгейде өсімді сақтап отыр. Былтыр депозит көлемі 14,7%-ға ұлғайып, 28,2 трлн теңгеге жетті. Алайда бұл – кейінгі үш жылдағы ең төменгі өсім қарқыны. 2023 жылы өсім 20,6% болған. 2024 жылы 20,3% деңгейінде тіркелген. Ал 2025 жылы өсім 14,7%-ға дейін баяулаған. Қор өкілдерінің пікірінше, депозиттер әлі де инфляциядан қорғанудың, тұрақты табыстың сенімді қаржы құралы болып қала береді. Дегенмен халық табысының негізгі бөлігі тұтынуға жұмсалып отырған жағдайда жинақ нарығының серпіні шектеліп отыр.
Байқап қарасақ, мұнда парадокс бар. Бір шетте халық қалтасын қағып отырса, бір шетте депозиттер толығып жатыр. Мұндай теңгерімсіздік неден туындап отыр?
«Қазір банктерде 18–20%-ға дейін үстеме пайыз бар. Депозитке ақша салынбай жатқан жоқ, салынып жатыр. Бірақ ол қаражат – негізінен орта яки ауқатты топтың ақшасы. Бұл бүкіл халықтың жағдайы жақсарды деген сөз емес. Елде шамамен 7 млн-ға жуық әлеуметтік тұрғыдан осал азамат бар. 200–250 мың теңге айлық алатын отбасы бар табысын тамақ пен коммуналдық төлемге жұмсайды. Ондай адам депозитке ақша салуды ойлауы екіұдай. Ал бір үйде 3–4 адам жұмыс істеп, ай сайын 1 млн теңгеден артық табыс табатындар ғана жинақ жасай алады», дейді экономист Сапарбай Досжанұлы.
Сарапшының айтуынша, бұрын республикалық бюджеттің 40%-ы әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін. Ал былтыр бұл 38%-ға дейін қысқарған.
«Бай компанияларға, ірі кәсіпорындарға салықты көбейту керек. Сол қаражатты атаулы әлеуметтік көмекке бағыттау керек. Қазір байлар мен квазимемлекеттік құрылымдар өз күнін өзі көреді. Ал қарапайым халыққа мемлекет сүйеу болуға тиіс. Мәселен, коммуналдық тарифтерді жасанды ұстап тұру – тығырықтан шығар жол емес, инфляция деңгейінде өссін, бірақ осал топтарға нақты көмек берілсін. Ал бензинді арзандатып ұстау олигархтарға тиімді. Себебі субсидия бюджеттен төленеді. Бензинді ең көп тұтынатындар – ауқаттылар. Оның үстіне бізде жанармай арзан болғандықтан көрші елдерге контрабанда жүреді», дейді ол.
Finprom.kz сарапшылары бұл мәселені классикалық «Энгель заңы» деп отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, адамның табысы азайған сайын немесе жеткіліксіз болған сайын, оның шығынының басым бөлігі негізгі қажеттілікке кетеді. Ал табыс өскен сайын азық-түлікке жұмсалатын үлес азаяды. Дамыған елдерде бұл айырмашылық айқын көрінеді. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) деректеріне сәйкес, АҚШ, Германия, Франция сияқты елдерде үй шаруашылықтары табысының шамамен 10–15%-ын ғана азық-түлікке жұмсайды. Қалған қаражат білімге, денсаулық сақтауға, тұрғын үйге, демалысқа және жинаққа бағытталады. Ал Дүниежүзілік банк пен БҰҰ статистикасы көрсеткендей, табыс деңгейі төмен елдерде азық-түлікке кететін үлес 40–60%-ға дейін жетуі мүмкін (жоғарыда айтып кеткендей бізде – 52,3%).
Аймақтар арасындағы айырмашылық та анық байқалады. Жетісу облысында тұрғындар бюджетінің 65,8%-ын азық-түлікке жұмсайды. Түркістан облысында бұл көрсеткіш – 65,3%. Тіпті өндірісі дамыған Қарағанды облысының өзінде шығын үлесі 50%-дан асады. Ауылдық жерлерде де жағдай оңай емес. Сарапшылар мұны табыстың төмендігі мен қайта өңдеу саласының әлсіздігімен байланыстырады. Яғни халық өнім өндіргенімен, табысын әртараптандыруға мүмкіндік аз.
«Қала мен ауыл өмірінің моделі де бөлек. Жылдық есеппен алғанда, ауыл тұрғыны нан өнімдеріне 86,3 мың теңге жұмсайды, қалада бұл көрсеткіш 68,2 мың теңге. Сонымен қатар ауыл тұрғындары сатылымдағы тәттілерді азайтып, тағамды көбіне үйде дайындағанды жөн көреді. Азық-түлікке кететін шығын көбейген сайын отбасылар басқа баптардан үнемдей бастайды. Көпшілік телефон, гаджет алу, үй жөндеу, автокөлік сатып алу жоспарларын кейінге шегерген. Егер табыстың жартысынан көбі тек негізгі асқа жұмсалса, білімге, демалысқа, өзін дамытуға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл өз кезегінде ішкі сұраныстың төмендеуіне, қызмет көрсету саласының баяулауына әсер етеді. Кейінгі бес жылда елде өмір сүру құны шамамен 75%-ға өсті. Бұл көрсеткіш халықтың өмір салтына тікелей ықпал етті», деп жазылған зерттеуде.
Банктердегі қаражат көлемінің төмендеуін экономист Руслан Сұлтанов қалыпты маусымдық құбылыс деп түсіндіреді.
«Қаңтардағы төмендеу желтоқсандағы рекордты жоққа шығармайды. Жыл соңында компаниялар бос ақшасын уақытша депозитке қояды. Бұл көбіне – маусымдық құбылыс. Ал қаңтарда сол қаражаттың бір бөлігі қайта айналымға шығады. Сондықтан бұл жерде үрейленуге негіз жоқ. Қаңтар ең алдымен корпоративтік өтімділіктің қозғалысын көрсетті. Ал үй шаруашылықтарының жинақ базасы орнықты қалпында қалды. Бұл – қаржы жүйесі үшін жақсы белгі. Қаңтардағы түзеліс желтоқсандағы қаражат ағынының бір бөлігі уақытша болғанын көрсетеді. Бірақ халықтың ақша жинауға бейімі сақталған. Теңгелік депозиттердің үлесі жоғары болып тұр. Бұл – маңызды фактор. Себебі ақша депозитте жатқанда ол бірден нарыққа шықпайды. Яғни қазіргі сұранысқа қысым азаяды. Бұл инфляцияны тежеуге көмектеседі», дейді Р.Сұлтанов.
Қорыта айтқанда, мәселе тек депозиттің азаюы немесе көбеюінде емес. Негізгі түйін – табыс құрылымының өзгеруінде. Қаржы жүйесінде ақша айналып жүр, банктердегі қаражат көлемі тарихи деңгейден алыс кеткен жоқ. Экономикада «қос экономика» деген түсінік бар. Яғни бір елдің ішінде екі түрлі шындық өмір сүреді: бір бөлігі күнделікті қажеттілікпен ғана шектелсе, екінші бөлігі инвестиция мен жинақ арқылы капиталын көбейтеді. Халықаралық валюта қорының 2022 жылғы Income Inequality and Financial Stability зерттеуінде табыс теңсіздігі жоғары елдерде қаржылық активтер көбіне жоғарғы 20% топтың қолында шоғырланатыны атап көрсетілген. Мұндай жағдайда банктегі жинақ өсіп тұрғанымен, оның әлеуметтік әсері кең ауқымға таралмайды. Яғни экономикада ақша бар, бірақ ол барлық қалтаға бірдей жетпейді. Бір тарапта ақша еселене береді, екіншісіне – тек күн көру құралы. Осы айырмашылық ұлғайған сайын, жинақ статистикасы мен тұрмыс шындығының арасы алшақтай бермек.