Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айна Мусралимова қақтығыс салдарынан зардап шегіп жатқан Ирандағы балалалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, оған қатысушы тараптарды парасаттылық танытып, балалар мен аналардың амандығы үшін бейбіт келіссөздерді мүмкіндігінше тезірек бастауға шақырды, деп жазады Egemen.kz.
28 ақпан күні Иранның Минаб қаласында мектепке жасалған соққы салдарынан 150-ден астам оқушы қыз қаза тапты. 95 адам жарақат алды. Айна Мусралимова қазақ халқы жантүршігерлік оқиғаны терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
«Бұл жай ғана статистика емес. Сандардың артында үзілген өмір, отбасылардың күйреген тағдырлары, орындалмаған арман-үміттер тұр. Жүздеген отбасы бір сәтте сүйікті қыздарынан, әпке-қарындастарынан, немерелерінен айырылды. Қара полиэтилен қаптарға салынған кішкентай денелер туралы бейнежазбалар бүкіл әлемге тарады. Қаза тапқан балалардың туыстары трагедия орнынан олардың сөмкелері мен кітаптарын, жеке заттарын жинап жатқан сәттерді көз жассыз әрі мұндай қайғыға жол берген ересектер үшін ұят сезімінсіз көру мүмкін емес», деді депутат.
Ол балалардың қақтығыс кезінде қаза табуы халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарының сақталмауын аңғартатынын тілге тиек етіп, Қазақстан әрдайым кез келген халықаралық қақтығысты бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын атап өтті.
«Тегеран енді бұрынғыдай болмайды»: Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады
«Қазақстан әрқашан бейбітшілік, келісім және бақытты балалық шақ қағидаттарын ілгерілетеді. Біз зардап шеккен отбасыларға қайғыра көңіл айтып, барлық мәселенің тезірек шешілуіне үміт білдіреміз. Қайғыға қатысты қолдау сөздерін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева білдірді. Әріптестерім бұл қасіретті жағдайға қатты күйзеліп, қақтығыс тараптарын келіссөздерге және бейбітшілікті қалпына келтіруге шақырды. Қазақстанды Иран, Израиль және АҚШ елдерімен ұзақ жылғы әріптестік тарихы байланыстырады. Қақтығысқа қатысушы тараптарды парасаттылық танытып, балалар мен аналардың, олардың өмірінің амандығы үшін бейбіт келіссөздерді мүмкіндігінше тезірек бастауға шақырамыз», деді Айна Мусралимова.