Жақында ғана Германияның Инцелль қаласында мәреге жеткен конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақ спортының тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа парақ ашылды. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, 19 жастағы Кристина Шумекова айды аспаннан бір-ақ шығарып, әлемнің абсолютті чемпионы атанды.
Мұз айдынында жасындай жарқылдаған Кристина байрақты бәсекеде теңдессіз өнер көрсетіп, жекелей сындағы үш бірдей қашықтықта (500, 1 000, 1 500 метр) топ жарды. 1 500 метрлік қашықтықта 1.56.06 уақыт көрсеткішімен мұз айдынының жасөспірімдер арасындағы рекордын жаңартты. Ең ауыр саналатын 3 000 метрлік сайыста күміс жүлде иеленді.
Осылайша, төрт қашықтықтың қорытындысы бойынша көпсайыста жеңіске жетіп, ел тарихында алғаш рет конькимен жүгіруден абсолютті әлем чемпионы (ISU Junior World Champion) атанды. Бұған қоса, ұлттық құрамамен бірге командалық спринтте де алтыннан алқа тағып, бес дүркін әлем чемпионы атанды.
Спортшының өмір жолы да көпке үлгі. Кристина Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданына қарасты Повозочное ауылында, спортшылар отбасында дүниеге келген. Анасы Юлия кезінде жеңіл атлетика, жүзумен айналысса, бүгінде Кристина өзінің сыңары Алина, әпкесі Инессамен бірге ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүр. Аналары мәлім еткендей, балалары жас кезінде спорттың әр түрімен, атап айтқанда, волейбол, жеңіл атлетика, шаңғы сынды түрлерімен шұғылданған екен. Тек 5-сыныптан бастап конькиге біржола ден қойған. Жалпы, Юлия Михайловна 10 жылдан бері жаттықтырушылықпен тұрақты шұғылданады. Бүгіндері бірнеше баланы жаттықтырып жүр, олардың арасында өзінің 8 жасар ұлы Богдан да бар.
Айта кетейік, 2024 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында Кристина еліміздің туын ұстап шыққан болатын.
Бұл жеңіс – тек бір спортшының ғана емес, бүкіл елдің мерейін үстем еткен толайым табыс. Айдында алаулаған жас жұлдыздың алдағы ересектер бәсекесінде де талай асуларды бағындыратынына сенім мол.