Қазақ спортының, оның ішінде зияткерлік ойын – шахматтың шежіресінде алтын әріппен жазылатын есімдер бар. Солардың бірегейі, мұқым қазақ елінің мақтанышы, ақыл-ой додасының жарық жұлдызы – Бибісара Асаубаева. Еліміздің көк байрағын әлемдік аренада сан мәрте желбіреткен дара дарын бүгінде жаңа тарихи белесті бағындыруға сақадай сай отыр.
Бибісараның есімі қазірдің өзінде әлемдік шахмат тарихынан ойып тұрып орын алды. Өткен жылдың желтоқсанында Қатар астанасы – Дохада өткен әлем чемпионатында ол блицтен (шапшаң шахмат) үшінші рет әлем чемпионы атанып, төрткүл дүниені тағы да мойындатты. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған теңдессіз жетістік. Осы айтулы жеңісі мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды спортшыны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Бибісараның жеңісті шеруі мұнымен тоқтаған жоқ. Биылғы жылды да сәтті бастады. Нидерландта өткен беделді «Tata Steel Chess Challengers 2026» турнирінде 13 мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинап, 5-орынды иеленді. Жарыс барысында осы турнирдің жеңімпазы атанған америкалық 15 жастағы вундеркинд Энди Вудвордты тізе бүктірді.
Ақпан айында Германияда өткен Фишер шахматынан (Freestyle Chess) жарыста әлемнің экс-чемпионы Александра Костенюкті айқын басымдықпен ұтты. Осы жетістіктерінің арқасында жерлесіміз наурыздағы жаңартылған FIDE рейтингінде әлемнің үздік ондығына (9-орын) қайта оралды. Сондай-ақ 2 500 деген маңызды рейтингтік межеден (peak rating 2513) асып түсті.
Бибісараның басты ерекшелігі – оның тума таланты мен табандылығының, қажымас қайратының қапысыз үйлесімі. Төрт жасынан тақтаға телміріп, жастайынан-ақ әлемдік додаларда топ жарған ол бүгінде «Блицтің ханшайымы» деген бейресми атаққа ие. Б.Асаубаева 17 жасында шахмат тарихындағы ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген.
Оның ойын стиліне терең талдамалық түйсік, тас түйін төзімділік, қарсыластың қателігін қалт жібермейтін тактикалық қырағылық тән. Тақта басындағы суық ақыл мен қайтпас қайсар мінез – Бибісараны өзгелерден даралап тұратын басты қасиет. Әйелдер арасындағы гроссмейстер ғана емес, ерлер арасындағы халықаралық шебер атағын алуы оның дарынының шекара танымайтынын көрсетеді.
Бүгінде еліміздің барша жанкүйерінің назары осы жылдың 28 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Кипрдің Пафос қаласында өтетін Үміткерлер турниріне (Candidates Tournament) ауып отыр. Б.Асаубаева – осы ең беделді турнирге жолдама алған ел тарихындағы тұңғыш шахматшы. Жарыста әлемнің ең мықты 8 шахматшысы бақ сынайды. Бас жүлде – қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен шахмат тәжі үшін жекпе-жекке шығу құқығы. Бибісара әлемнің кілең мықтыларымен, нақтырақ айтсақ, үш үндістандық (Конеру Хампи, Вайшали Рамешбабу, Дивья Дешмукх), екі қытайлық (Тань Чжунъи, Чжу Цзиньэр), екі ресейлік (Александра Горячкина, Катерина Лагно) шахматшымен тартысқа түседі. Жеребе қорытындысы бойынша, 29 наурызда өтетін алғашқы турда жерлесіміз үндістандық жас періште Вайшали Рамешбабумен кездеседі. Бұл екі жас дарынның, яғни «жаңа буынның» тартысты жекпе-жегі болмақшы.
Осындай жауапты кезең алдындағы Бибісараның дайындығы да ерекше. Спортшының өзі баспасөз мәслихатында атап өткендей, ол күніне 8-9 сағат көз майын тауысып жаттығып жүр. Оның командасында 11 адамнан тұратын білікті бапкерлер мен мықты спарринг-серіктестер тобы жұмыс істеп жатыр. Бұл оның әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен шахмат тәжіне таласуға деген тас түйін ниетін көрсетеді.
Б.Асаубаеваның дарынын әлемдік қауымдастық жоғары бағалап отыр. Ол биыл 25 мамыр мен 5 маусым аралығында Ослода (Норвегия) өтетін аса беделді «Norway Chess Women 2026» турниріне де арнайы шақырту алды. Айта кетерлігі, Бибісара бұл жабық элиталық турнир тарихындағы ең жас қатысушы атанғалы отыр.
Ұлт мақтанышына айналған Б.Асаубаеваның алдағы ақыл-ой додасында да шоқтығы биік болып, ел үмітін ақтайтынына сеніміміз кәміл.